Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жақсы  жол  –  ел  игілігі

05.06.2026, 18:20 46

HALYQLINE.KZ

БАСПАСӨЗ  ТУРЫ

Қала дамуы ең алдымен оның инфрақұрылымының сапасымен өлшенеді. Әсіресе, тұрғындардың күнделікті жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасау, көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жаңа тұрғын аудандарды орталықпен байланыстыру – жергілікті биліктің басты міндеттерінің бірі. Осы бағытта Қызылорда қаласында жүзеге асырылып жатқан бірқатар маңызды жобалармен танысу мақсатында қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің ұйымдастыруымен баспасөз туры өтті. Баспасөз туры барысында қаладағы бірнеше ірі жол және көпір құрылыстарының қазіргі ахуалымен таныстық. Бүгінде бұл нысандардың барлығы қала тұрғындарының өмір сапасын арттыруға бағытталған стратегиялық жобалар саналады.

Алғашқы нысан – Сағымбаев көшесінің Торайғыров көшесінен «Қызылорда–Құмкөл» автожолына дейінгі бөлігін қайта жаңғырту жұмыстары. Ұзындығы 2,1 шақырым болатын жол төрт жолақты етіп салынуда. Жүріс бөлігінің ені 14 метрді құрайды. Жобаның жалпы сметалық құны 1,67 миллиард теңгеден асады. Құрылыс жұмыстарын «Қыран» ЖШС жүргізуде. Жоба аясында жол төсемін жаңартумен қатар жаяу жүргіншілер жолы салынып, көше жарықтары орнатылады. Құрылыс мерзімі бес айға жоспарланған. Бұл көше пайдалануға берілген соң қаланың осы бөлігіндегі көлік қозғалысы едәуір жеңілдеп, жол қауіпсіздігі артады деп күтілуде.

Сонымен қатар, келесі ірі жоба – Н.Назарбаев даңғылы, А.Иманов көшесі, Бозғұл-1 көшесі, Наурыз және Ш.Есенов көшелерін қайта жаңғырту жұмыстары. Жалпы ұзындығы 5,5 шақырымды құрайтын бұл жобаның сметалық құны 5,1 миллиард теңгеден асады. Қазіргі уақытта аталған көшелерде құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жоба бойынша төрт жолақты қозғалыс қарастырылған. Сонымен қатар жаяу жүргіншілер жолдары, суағар лотоктар мен көше жарықтарын орнату жұмыстары жүзеге асырылмақ. Мердігер мекеме «УАД» ЖШС басшысының өндіріс жөніндегі орынбасары Самат Қарымсақтың айтуынша, 14 айға жоспарланған жоба жұмысын алты ай көлемінде аяқтауды көздеп отыр. Маусым айында А.Иманов пен Ш.Есенов көшесінің асфальты жабылады. Жалпы қайта жаңғырту жұмыстары осы жылдың қыркүйек айында толық аяқталып, қолданысқа беріледі. Жол құрылысының құрамына екіжақты жарықтандыру шамдары мен жаяу жүргіншілер жолы, сондай-ақ арық суағарлар жұмысы кіреді.

Таныстырылған тағы бір маңызды нысан – «Бәйтерек» шағын ауданындағы Оңтүстік магистралды канал арқылы өтетін жаңа көпір құрылысы. Соңғы жылдары қала аумағы кеңейіп, жаңа тұрғын аудандар көбейген сайын олардың орталықпен көлік байланысын күшейту мәселесі өзекті бола түсті. Осы қажеттілікті шешуге бағытталған жобалардың бірі – аталған көпір құрылысы. Нысанның сметалық құны шамамен 998 миллион теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстарын «Асанас-Дар» ЖШС атқаруда. Көпірдің ұзындығы 53 метр болса, жолдың ені 7 метрді құрайды. Жоба бойынша екі жолақты қозғалыс, көпір бойына заманауи жарықшамдарын орнату қарастырылған. Мердігер мекеменің учаске басшысының ақпаратынша, нысан қазан айында қолданысқа берілмек.

– «Бәйтерек» шағын ауданындағы Оңтүстік магистралды канал арқылы өтетін көпір құрылысы биылғы жылдың 1 сәуірінде басталды. Жобаға сәйкес нысанды қазан айында пайдалануға беру жоспарланған. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстарының шамамен 30-40 пайызы орындалды. Бірінші және үшінші тіреуіштердің (опоралардың) құрылысы толық аяқталды. Ал ортаңғы тіреуіш бойынша сынақ және дайындық жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүзеге асырылып жатыр. Сонымен қатар нысанды жоспарланған мерзімнен бұрын аяқтау бағытында да жұмыстар атқарылуда, — дейді бөлім басшысы Бағдат Қадыров.

Сонымен қатар, қаладағы жол инфрақұрылымын дамыту жұмыстары мұнымен шектелмейді. Қазіргі уақытта Қорқыт ата көшесінің 11, 12, 13-ші көшелері мен Жас Алаш көшесіне тас төсеу жұмыстары жүргізілуде. Биыл мамыр айында басталған жобаны мердігер мекеме «АлемТрансЖол» ЖШС жүзеге асыруда. Бүгінгі күні құрылыс жұмыстарының шамамен 60 пайызы орындалып, жолдың негізін дайындау және негізгі құрылыс-монтаж жұмыстарының басым бөлігі аяқталған. Мердігер мекеменің мәліметінше, нысандағы жұмыстар белгіленген кестеге сәйкес жүргізілуде. Бүгінде құрылысшылар жол төсемін толық аяқтау бағытындағы соңғы жұмыстарды атқарып жатыр. Жоба бойынша қалған жұмыс көлемі шамамен бір аптаны құрайды. Осы уақыт ішінде барлық жұмыс толық аяқталып, көшелер тұрғындар игілігіне пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Аталған көшелерге асфальт жабындысының төселуі жергілікті тұрғындардың ұзақ жылдан бері қордаланған мәселелерінің шешілуіне мүмкіндік бермек. Жол сапасының жақсаруы көлік қозғалысының қауіпсіздігін арттырып, тұрғындардың күнделікті қатынасын едәуір жеңілдетеді.

Айта кету керек, «АлемТрансЖол» ЖШС бұған дейін де Әл-Фараби және Титов шағын аудандарында жол құрылысы жұмыстарын табысты жүзеге асырған.

Қала көшелері мен көпірлері – шаһардың тынысын айқындайтын күретамырлар. Бүгінгі құрылыс алаңдарындағы қарбалас тірлік – ертеңгі қолайлы өмірдің кепілі. Сондықтан жол мен көпір құрылысына салынған әрбір инвестиция тұрғындардың қауіпсіздігіне, жайлылығына және қаланың болашақ дамуына салынған инвестиция деуге толық негіз бар. Қарқынды жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесін қызылордалықтар жақын уақытта өз көзімен көріп, игілігін сезінетін болады.

Перизат  ШАЙХСЛАМҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: