НЕМЕСЕ ПАРТИЯАРАЛЫҚ ПАРАДОКС ТУРАЛЫ
Сонымен, бәрін айт та, бірін айт, Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінде саяси партиялардың ролі күрт артып, аспаннан бір-ақ шықты. Оның себебі конституциялық реформада жатыр: ендігі жерде Парламент (Құрылтай) тек қана партиялық тізімдер бойынша жасақталады, бір мандатты округтерден депутаттар сайланбайды. Парламент депутаты болғың келсе, міндетті түрде бір партия мүшесі болуға тиіссің.
Партиялық кеңістікке көз салсаңыз, баяғы жартас – сол жартас, өзгеріс жоқ, тіпті кеше өзін «коммунист» атап келген «халықшылдар» да әлі Парламентте қонжиып отыр, әлі де дәмесі бар. Біз болсақ, осы күнге дейін декоммунистендіру, десоветтендіру туралы айтып келеміз, ол талаптың бәрі жай сөз боп қалған сықылды.
Алайда, қатып-семіп, әбден құрысып қалған бұл алаңда бір жаңалық жарқ етті: аяқ астынан «Әділет» партиясы дүниеге келді.
Оның басқалардан өзгешелігі неде?
Біріншіден, бізде саяси партия жайдан-жай құрылмайды, ол – не биліктің өз бастамасы, не билікке біртабан жақын ықпалды топтың талпынысы.
Екіншіден, «Әділет» құрылған бойда: «Президент саясатын қолдаймыз» дегеннен бастады. Ол да дұрыс болар. Алайда бізде биліктің өз партиясы кешегі «Нұр Отан», бүгінгі «Аmanat» бар емес пе?
Үшіншіден, «Әділет» партиясының басшылығына сол күнге дейін президент әкімшілігіне жетекшілік етіп келген, яғни басқарушы элитада салмағы айтарлықтай болуы тиіс А.Дәдебай келді. Бұл дегеніңіз – бұл партия көп партияның бірі емес, елді басқаруда өз орнын ойып алғысы келетін партия деген сөз.
Осы үш жайт «бұл өзі не болып кетті? Президентті қолдайтын «Аmanat» бар емес пе?» деп, басы қатқан ағайынға біршама ой салып жатқаны да рас.
Меніңше, «тып-тыныш жатқан билікшіл партиялар алаңына келіп, саяси интрига жасаған «Әділеттің» болашағы қандай болады?» деген сауалдың бірнеше жауабы бар.
Біріншіден, президент Тоқаевтың 2022 жылы «Аmanat» партиясы төрағалығынан бас тартып, партия қатарынан шығып, өзін партиялық тұрғыда бейтарап ұстауы енді жаңаша мән-мағынаға ие болған сияқты. Оның астарында президенттің «елде шынайы партияаралық бәсеке орнату» ойы да жоқ емес болар. Ескі Қазақстан тұсында дағдарысқа ұшырап, дамусыз қалған бұл ортаға бір сілкініс керек екені рас-ақ. Сол себепті осынау бәсеке – негізінен «Аmanat» пен «Әділет» арасындағы – билікшіл партиялардың стратегиясы мен тактикасына мықты өзгеріс енгізері хақ. Бізде әкімдер – партияда жоқ президенттің тікелей өкілдері. Сол себепті формальды түрде бұрын тек қана биліктің монополиялық қолдауына сеніп келген билікшіл партиялардың сайлаушылардың дауысы үшін бәсеке-бәйгесі енді басталатын сияқты. Президент болса, екі партияның жарысына сырттан бақылап отыратын сияқты.
Айтпақшы, бұрын да осындай балама саяси жоба болған. Сол кездегі президент Н.Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева түкірігі жерге түспей тұрған «Нұр Отаннан» бөлек «Асар» партиясын құрып, қазіргі «Әділеттің» риторикасын танытқан-ды. Шынын айту керек, «Асар» саяси мастодонтқа айналған «Нұр Отанға» қарағанда анағұрлым жаңашыл, креативті болғаны рас. Есімде, билікке біртабан жақын талай тұлға сол партияның сойылын соғып кетіп еді. Оның арты не болғанын баршамыз білеміз: Дариға қайда, «Асар» қайда?
Президентшіл партиялардың шынайы бәсекесінің қызық жақтары да жоқ емес.
Мәселен, электораттың қолдауына ие болу үшін тек қана бас шұлғып, үнсіз отыра беру жараспайды. Сол себепті елдегі өзекті оқиғалар мен туындап жатқан үлкенді-кішілі мәселелер бойынша дер кезінде қоғам мүддесі тұрғысынан дауыс көтеріп тұрулары керек. Ол болса, екі жақты, екі нәтижелі үдеріс болмақ: сын айтылса, үкімет не әкімдер жауап беруі, керек болса, жазалануы не орнына кетуі тиіс, және де елдегі жағдайға шын баға беруде бұл партиялар Парламентте жоқ оппозицияның кейбір функциясын да өз мойнына алуы мүмкін (әрине, белгілі бір шеңберде). Мұның өзі – керек кезде үкімет саяси құрбандыққа шалынып тұрады деген сөз.
Екіншіден, «Әділет» үшін «Аmanat» оңай бесекелес емес. Ең бастысы, ол – ескі және Жаңа Қазақстанға әбден «еңбегі сіңген» және сол үшін билік тарапынан тиісті бағаны, саяси ұпай, керек десеңіз, моральдық өтемақы талап ете алатын ұйым. Оның қатарында да амбициясы зор, депутаттық мандаттан дәмелі, Ақордадағы саяси технологтардың дегеніне үнсіз көне сала қоймайтын күштер мен тұлғалар бар. Олар да «Әділетке» есесін жібере қоймас. Таяу арада олардың белсенділігі күрт артуын болжау қиын емес.
Сонымен бірге, сыншыл қоғам кешегі «аманатшылдардың» сырғып кетіп, «әділетшіл» боп кетуін жақтай қоймас. Сол себепті «Әділет» өз активін негізінен әзірше бейпартиялық азаматтық қоғамнан, оның белді де беделді өкілдерін жасақтайтын болар.
Байқайсыздар ма, парламенттік сайлау тақап қалса да, «Әділеттің» съезінен кейін «Аmanat»-тың өзі де, басқа партиялар да осы оқиғаға қатысты ресми түрде өз позициясын білдіре қойған жоқ.
Бұл дегеніңіз – биліктің ішінде партиялық құрылыс жөнінде әлі де консультациялар жүріп жатыр деген сөз.
Үшіншіден, қазіргі билікте кландық, топтық үрдіс бар екені ешкімге де құпия емес, не дегенмен, алда тек Парламент сайлауы ғана емес, үш жылдан кейін президент сайлауы тұр. Яғни, бас биліктің транзиті жалғаспақ. Сол себепті президентке де кіріп-шығатын, оған өз сөзін өткізе алатын күштер мен жеке тұлғалар баршылық. Ішкі және сыртқы ахуал тұрақтанып, соның ішінде, басқарушы жүйедегі топаралық тепе-теңдік орныға қойған жоқ. Сондықтан бүгін қабылданған шешім өзгеріп кетуі де ғажап емес.
Не болса да, әліптің, яғни «Әділеттің» артын бағайық…
Әміржан ҚОСАН,
саясаткер.
Арнайы «Халық» газеті үшін
Фото: tiek.kz
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!