Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бақытты балалық шақ

01.06.2026, 17:25 57

HALYQLINE.KZ

Бүгін Сырдария ауданы әкімі Берік Сәрменбаевтың қатысуымен орталық алаңда 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған «Бақытты балалық шақ» атты мерекелік іс-шара өтті. Оған зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, ата-аналар мен аудан тұрғындары қатысты. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі ақпарат таратты.

Мерекелік іс-шара барысында балалардың шығармашылық және зияткерлік қабілеттерін дамытуға бағытталған бірқатар көрме ұйымдастырылды. Атап айтқанда, жас суретшілердің туындылары қойылған сурет көрмесі мен оқушылардың инновациялық жобалары ұсынылған робототехника көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен қатар ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында ұлттық спорттық ойындар ұйымдастырылды.

Мұнан соң аудан басшысы жиналған қауымды мерекемен құттықтап, өскелең ұрпаққа мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауға тоқталып өтті.

– Бүгін бүлдіршіндерге қуаныш сыйлайтын ерекше күн ғана емес, сонымен қатар әр баланың құқығын қорғауға, олардың жарқын болашағы үшін жауапкершілікті арттыруға үндейтін маңызды мереке. Қазақ халқы қашанда бала тәрбиесіне ерекше мән берген. «Балалы үй – базар», «Бала – адамның бауыр еті» деп ұрпағын ұлықтаған халқымыз жас буынды адамгершілікке, адалдыққа, еңбекқорлыққа тәрбиелеген. Президентіміздің бастамасымен елімізде балалардың құқықтарын қорғау, олардың сапалы білім алуына, денсаулығын нығайтуына және жан-жақты дамуына бағытталған ауқымды жұмыстар жүзеге асырылып келеді. Бүгінде білім беру саласын дамыту, мектептердің материалдық-техникалық базасын жақсарту, заманауи технологияларды енгізу, балалар спорты мен шығармашылығын қолдау бағытында нақты нәтижелерге қол жеткізілуде. Ауданда балалардың сапалы білім мен саналы тәрбие алуы бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мәдениет үйлеріндегі 140 үйірмеде 1700 жас шығармашылықпен айналысуда. «Адал адам» мәдени-тәрбие орталықтарында өткізілген іс-шараларға 17 мыңнан астам бала қатысты. Биыл аудандағы «Жалын» тынығу лагерінде 791 бала демалатын болса, мектеп жанындағы лагерьлерде 3036 бала жазғы демалыспен қамтылатын болады. Елімізде сіздердің жан-жақты дамуларыңыз бен сапалы білім алуларыңыз үшін барлық жағдай жасалған. Бүгінгі атқарылып жатқан игі істердің барлығы – сіздердің жарқын болашақтарыңыз үшін. Әрдайым білімге құштар, өнерге жақын, елін сүйетін азамат болып өсулеріңізге тілектеспін, — деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Сонымен қатар, түрлі байқау мен қоғамдық іс-шараларда белсенділік танытқан бірқатар бала аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталып, мерекелік сыйлықтар табысталды.

Мерекелік іс-шара жас жеткіншектердің қатысуымен өткен концерттік бағдарламамен жалғасып, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: