(Мысал)
Баяғыда емес, тап осы заманда бір пенденің қауғадай сақалы мен мұрты болыпты. Пенде ұйқыға кеткенде сақал мен мұрт сөзге келіп қалады.
Сақал:
— Иемнің бет-ажарын жарқыратып ашып тұрмын, — деп мақтаныпты.
Мұрт:
— Сәке, осы жолы қателестің. Мұртсыз беттің сәні кіре ме?
Сақал:
— «Сөз көркі – мақал, адам көркі – сақал» деген бар.
Мұрт:
— «Мұрты барды сыйлаңдар, оларда иман бар» демей ме?
Екеуі түнімен айтысты. Тартысты. Иесіне ұйқы бермей жыбырлап мазасын алды. Таңертең ол мұртын бәкімен қырып тастады.
Қауқайып қара сақал қалды. Иесінің ұйқысы тынышталды. Бірақ, мұртсыз сақал көшеде көпшіліктің назарын аударды. Бір күні үйге полиция келді.
— Сіз террорист емессіз бе?
— Оны кім айтты?
— Мұртыңыз жоқ.
— Ой, мұртты жыбырлата бергесін алып тастадым.
Бәрібір құлағына маза болмады. Ақыры сақалды сыпырып тастады.
Сөйтіп, табақтай бет сақал-мұртсыз қалды.
Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН,
Ақтөбе қаласы
Фото: democrat.kz
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!