Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

АПВ-ға қарсы екпелер енді 14-17 жастағы қыздарға да салынады

29.05.2026, 9:25 83

HALYQLINE.KZ

Қазақстан Республикасында адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы вакцинациялау 11 жастағы қыздарға жоспарлы түрде және 12-13 жастағы қыздар үшін толықтыра иммундау 2024 жылдан бастап жүргізіліп келеді.

Осы жылдың басынан бері Қызылорда облысы бойынша 11-13 жастағы қыздарға АПВ-ға қарсы екі мыңға жуық профилактикалық екпе жүргізілді, оның ішінде 1604 бірінші дозамен, 1213 екінші дозамен егілді. Вакцина алғандар арасында иммундаудан кейінгі қолайсыз көріністер тіркелген жоқ.

Бұл туралы облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында айтты.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне АПВ-ға қарсы вакцинациялауға жататын контингентті кеңейту мәселесі бойынша азаматтардан өтініштердің жиі түсуіне байланысты АПВ-мен байланысты онкологиялық аурулардың даму қаупін төмендетуге бағытталған профилактикалық шараларды одан әрі күшейту, сондай-ақ жасөспірімдерді қосымша қорғауды қамтамасыз ету мақсатында ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2026 жылғы 13 мамырда №7 Қаулысы қабылданды. Қаулыға сәйкес АПВ-ға қарсы вакцинация 14 жастан 17 жас 11 ай 29 күнге дейінгі қыздарға ерікті негізде жүргізіледі. Вакцинация үшін 4 валентті «Гардасил» екпесі қолданылады. Бірінші доза – кез келген таңдалған күн, екінші доза – бірінші дозадан кейін 2 айдан кейін және үшінші доза – бірінші дозадан кейін 6 айдан кейін жүргізіледі. АПВ-ға қарсы вакцинациялау профилактикалық екпелерге медициналық қарсы көрсетілімдер ескеріле отырып, «Профилактикалық екпелерді жүргізуге медициналық қарсы көрсетілімдердің тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 21 қазандағы №ҚР ДСМ-146/2020 бұйрығына сәйкес білім беру ұйымдарындағы медициналық кабинеттерінде және медициналық ұйымдардың егу кабинеттерінде жүргізіледі. Егу пункті және салқындату тізбегін сақтау үшін жағдайлар жоқ білім беру ұйымдарында немесе медициналық ұйымдарда егілуге тиіс адамдарды АПВ-ға қарсы вакцинациялау үшін қажетті жабдықтармен жарақтандырылған және оқытылған медицина персоналымен толықтырылған көшпелі егу бригадалары ұйымдастырылады, — деді Ә.Мүтәліпқызы.

Айта кету керек, вакцинация егілушінің немесе ата-анасының (заңды өкілінің) ақпараттандырылған келісімін алғаннан кейін білім беру ұйымдарының медициналық кабинеттерінде немесе тіркелген жері бойынша емханаларда жүргізіледі.

Адам папиллома вирусы – өте кең таралған инфекция қоздырғыштарының бірі. Ол көбіне ұзақ уақыт бойы еш белгісіз өтіп, кейін жатыр мойны обыры, сондай-ақ басқа да қауіпті аурулардың дамуына себеп болуы мүмкін. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы АПВ-ға қарсы вакцинацияны жатыр мойны обырының ең тиімді алдын алу тәсілі ретінде ұсынады.

АПВ-ға қарсы вакцина көптеген елде бірнеше жылдан бері қолданылып келеді және оның қауіпсіздігі мен тиімділігі халықаралық зерттеулер арқылы дәлелденген. Вакцина жасөспірім шақта, әсіресе ерте жаста салынған кезде ағзада вирусқа қарсы тұрақты иммунитет қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сондықтан ата-аналарды қыз баласының денсаулығына жауапкершілікпен қарап, профилактикалық екпелердің маңызын түсінуге шақырамыз. Себебі вакцинация – тек жеке баланы қорғау ғана емес, қоғам денсаулығын нығайтудың маңызды қадамы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: