Бүгін Шиелі ауданындағы барлық білім ордасында ерекше толқыныс пен қуанышқа толы кезең. Мектеп қабырғасымен қоштасқан түлектер үшін бұл күн – балалық шақпен қоштасып, үлкен өмірге қадам басар тарихи сәт.
Аудан әкімі Айтбай Жандарбеков ауданның іргелі білім ошақтарының бірі №219 Ы.Алтынсарин атындағы орта мектебінде өткен салтанатты іс-шараға қатысып, бітіруші түлектерге ақжарма тілегін арнады. Іс-шараға білім саласының ардагерлері, ұстаздар қауымы, ата-аналар қатысып, жас түлектерге ізгі ниеттерін білдірді. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі ақпарат таратты.
Салтанатты іс-шара барысында аудан әкімі құттықтау сөз сөйлеп, мектеп бітіруші түлектер мен мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндерге сәттілік тіледі.
— Мектеп – білім мен тәрбие беретін киелі шаңырақ. Бүгінгі жас түлектер – еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің жарқын болашағы. Сіздердің әрқайсысыларыңыздан елге қызмет ететін білімді, еңбекқор, отаншыл азамат шығады деп сенемін, — деді аудан әкімі.
Аудан басшысы өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың білім саласына айрықша көңіл бөліп отырғанын атап өтіп, Сыр өңірінде соңғы жылдары білім инфрақұрылымын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылғанын жеткізді. Атап айтқанда, облыс көлемінде 200-ден астам әлеуметтік нысан салынып, оның ішінде 45 жаңа білім беру ұйымы пайдалануға берілген. Президент бастамасымен жүзеге асқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жаңа мектептер бой көтеріп, оқушылар сарайы, «Сыр жұлдыздары» академиясы, музыкалық колледж секілді маңызды нысандар ел игілігіне табысталды.
Шиелі ауданында да білім беру саласында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. 2023 жылы Байсын ауылында №207 Жаңатұрмыс орта мектебі пайдалануға берілсе, 2024 жылы Жансейіт ауылындағы №133 негізгі мектеп ел игілігіне тапсырылды. Сонымен қатар, №252 Г.Ковтунов атындағы мектеп-гимназиясының қосымша бастауыш сынып ғимараты іске қосылып, өткен жылы аудан орталығында 200 орындық «Оқушылар үйі» мен 50 орындық «Өнер мектебі» пайдалануға берілді. Сондай-ақ, №219 Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп күрделі жөндеуден өткізіліп, заманауи талапқа сай қайта жаңғыртылды.
Аудан мерейін асқақтатқан дарынды жастардың қатарында №127 Ш.Уәлиханов атындағы орта мектеп-лицейінің егіз түлегі Алтынсары Кәусар мен Алтынсары Гауһар ерекше аталды. ҰБТ қорытындысы бойынша Кәусар 140 балл жинаса, Гауһар 139 балл иеленіп, үздік нәтижелерімен аудан абыройын биіктетті.

Сондай-ақ, аудан әкімі ұстаздардың ерен еңбегіне ерекше тоқталып, білім мен тәрбиенің сапалы болуы – мұғалімдердің қажырлы еңбегінің жемісі екенін атап өтті.
«Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» демекші, шәкірт тәрбиелеу жолындағы барша педагогтердің еңбегі әрдайым құрметке лайық», — деді аудан басшысы.
Айта кетейік, бүгінде аудан бойынша 37 білім беру ұйымы жұмыс істейді. Үш ауысымды және апатты мектептер жоқ. Бұл – білім саласына көрсетіліп отырған нақты қолдаудың нәтижесі.
Биыл Шиелі ауданында 1118 оқушы мектеп бітірсе, олардың 938-і Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуда. 93 оқушы «Алтын белгіге», 108 түлек «Үздік аттестатқа» ұсынылған.
Мерекелік салтанатты іс-шара мектеп оқушылары дайындаған концерттік бағдарламамен жалғасып, соңғы қоңырау үнімен және мектеп бітіруші түлектердің әсерлі вальсімен қорытындыланды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!