Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Теңізден соққан жел»: Ш.Сариевке – 80 жыл

22.05.2026, 22:10 36

 HALYQLINE.KZ

Бүгін қасиетті Арал топырағында туып, қазақ поэзиясының қайталанбас тұлғасына айналған ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Франц Кафка атындағы халықаралық сыйлықтың және «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты, «Парасат» және І дәрежелі «Барыс» ордендерінің иегері Шөмішбай Сариевтің 80 жылдығына орай Арал аудандық мәдениет үйінде «Теңізден соққан жел» атты шығармашылық кеш шымылдық түрді. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі ақпарат таратты.

Ақынның торқалы тойына арналған рухани іс-шаралар легі кеше ауданның Сыр беткейінде, яғни Қамбаш көлінің жағасында бастау алған еді. Тағылымы мол рухани кешке ақынның жары Жұмагүл Сариева арнайы қатысқан болатын. Бүгінгі кештің де басты қонағы ретінде Ж.Сариева құрмет төрінен табылды.

Шығармашылық кешке арнайы қатысқан аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев сөз алып, қазақ руханиятының көрнекті өкілі, жыр әлемінің жарық жұлдызы жайлы, оның шығармашылығы мен өмір жолына жан-жақты тоқталып өтті. Сонымен қатар бүгінгі кештің басты қонағына ерекше құрмет көрсетті.

Иә… Көпшілік біле бермейді, Шөмішбай Сариевтің алғашқы еңбек жолы қазіргі «Толқын» газетінде басталған. Фототілшіліктен бастау алған шығармашылық жол кейін қазақ поэзиясының биік шыңына ұласты. Уақыт өте халықтың жүрегінен орын алған ақын осылайша елдің сүйікті перзентіне айналды. Кеште қойылған сахналық қойылым осылай басталды. Артынша мемлекет және қоғам қайраткері, әдебиет сыншысы, жазушы, публицист Ілияс Омаров пен ақын Шөмішбай Сариев арасында өзара диалог орнап, шығармашылықтың алғашқы сатысындағы сергелдең мен махаббат машақаты терең суреттелді.

Ал поэзиялық бөлімде өнерпаздар тарапынан ақын өлеңдері оқылып, көрермен толы залда махаббатқа толы лирикалық сарын есті. Осылайша ақын өлеңдері қайта тіріліп, тыңдарманның көңіл сарайын шаттандырды.

Кеш соңында ақынның өмірлік жары Жұмагүл Қаженқызы ақын өмірінен естелік сыр шертіп, халықтың ерке ұлына айналған аяулы перзентін туған жері ұлықтап жатқанын ерекше тебіреніспен жеткізіп, іс-шараны ұйымдастыруға атсалысқан барша азаматқа аналық алғысын жеткізді.

Осылайша қазақтың маңдайына басқан шоқ жұлдызы, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, ақын Шөмішбай Сариевтің 80 жылдығы туған жерінде жоғары деңгейде аталып өтті.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: