Бүгін аудан әкімі Алмасбек Есмахановтың төрағалығымен аудан әкімдігі жанындағы мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті.
Комиссия отырысында мемлекеттік рәміздерді пайдалану, қолдану және насихаттау бағытында атқарылған жұмыстар мен мемлекеттік мекемелерде жүргізілген зерделеу жұмыстарының нәтижелері қаралды.
Жиында аудан әкімі мемлекеттік рәміздердің талапқа сай қолданылмауына қатысты бірқатар кемшіліктерді қатаң сынға алды. Атап айтқанда, кейбір ауылдық округ әкімдіктері мен мәдениет үйлерінде мемлекеттік рәміздерді ауыстыру және жою жөніндегі тұрақты комиссиялардың құрылмағаны, тиісті құжаттардың рәсімделмегені, күшін жойған нормативтік құжаттармен жұмыс жүргізілгені анықталған.
Сонымен қатар, білім беру ұйымдарында да бірқатар заң талаптарының бұзылу деректері белгілі болды. Атап айтқанда, кейбір мектептерде мемлекеттік Тудың жыртылғаны, Елтаңба мен Ту орналастырылған тұғырлардың бүлінгені, стендтердегі жазулардың талапқа сәйкес келмейтіні, кейбір мекемелерде мемлекеттік рәміздердің толық орналастырылмағаны анықталған.
Аудан әкімі бұл мәселелерге жауапты мекеме басшыларына қатаң ескерту жасап, анықталған кемшіліктерді шұғыл түрде қалпына келтіруді тапсырды. Барлық мемлекеттік мекеме басшыларына мемлекеттік рәміздердің техникалық жай-күйіне тұрақты бақылау жүргізу, заң талаптарының қатаң сақталуын қамтамасыз ету, жауапты тұлғалардың дербес жауапкершілігін күшейту, тоқсан сайын зерделеу жұмыстарын ұйымдастыру және анықталған кемшіліктердің қайталануына жол бермеу бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырды.
Комиссия отырысының қорытындысымен аудан басшысы аудандық қоғамдық даму бөліміне тиісті хаттамалық тапсырмалар әзірлеу міндеттеді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!