Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тоқырауға  ұшыраған  той

18.05.2026, 8:45 39

HALYQLINE.KZ

БОЯМАСЫЗ  ӨМІР

Жазғы демалыс. Алғашқы он күндігі әрең дегенде өтті. Жұрт секілді мұхит асып, шетелге барып, жағажайда арқа қыздыратын бізде мүмкіндік жоқ. Жалақымыз көңіл көтеруге жетпейді. Әйтеуір, күнімізді көріп отырмыз. Түскі шайды енді ішіп бола бергенде, телефон шыр ете қалды. Телефон шырылдаса, үйдегілер жарықтан қашқан тарақандар сияқты тым-тырақай зытады. Өйткені, біреулерге қарызбыз. Ай сайын басымыздағы бес несиені төлеп, банкке құл болып жүрміз. Бірақ, несие ала берген өзіме де обал жоқ.

— Әлеу, әлеу, тыңдап тұрмын.

— Нөкен, мен ғой, ауылдағы көкең.

— Оо, амансыз ба көке, не жаңалық?

— Үлкен жаңалық бар, Аманай келіншек алғалы жатыр, соған келіңдер. Асаба, музыкант, беташар деген қызметтерді саған тапсырдым, қаладан ең мықтысын шекесінен шертіп ала келерсің…

— Әрине, көке той құтты болсын.

Қараң қалғыр телефон үзіліп кетті. Бірақ, бәрі түсінікті. Телефон шалған ауылда тұратын жалғыз ағам Жәкетай ғой. Үлкен ұлы отыздан асты, қыз таңдап әлі жүр еді. Мына жаңалыққа кәдімгідей қуанып қалдым. Әулетіміз тағы бір шаңырақпен толығатын болды деп, мәз болып жатсам, біздің үйдегі «крокодиль», то есть әйелім Талшын ентігіп жетіп келді.

— Кіммен сөйлестің, не мәз болып тұрсың? — деді.

— Қорықпай-ақ қой банк емес, ауылмен сөйлестім, Аманай үйленейін деп жатыр.

— Рас па, келіншегі қандай әдемі ме екен, шіркін, түріктің қыздарына ұқсаса ғой?

— Мені барып көріп келді деймісің, кімге ұқсаса да келін әкелсе болды.

Біздің қатын түріктің телесериалдарын көре-көре есі ауысып кеткен. Киномен ауырады. Маған Мехмет деп ат қойды. Өзін Гюнеш деп атайды. Үйдегі жүгірмектерді Юсуп, Фелиз, Бериван деп шақыратынын қайтерсің. Жалпы, қазіргі жастар түрік пен үндінің киносындағы кейіпкерлерге ұқсас көзі бадырайған қыз-жігіттерді іздеп тауып, соған үйленетін болды. Сүйтіп, көздері сығырайған біз сияқтыларға теңдерін табу қиынға соғып тұр.

Көп ойланбадым, бірден тойдың қамына кірістім. Қалада әрі әнші, әрі бет ашатын домбырашы Қиярбай деген асаба жігіт бар еді, соған телефон соқтым.

— Қиярбай, ертең қолың бос па, ауылда ағамның баласы келін әкеліп жатыр еді, соған қызмет қылсаң ақыңды төлеймін.

— Нәке, өзіміз ғой, беташарымен бірге қолыма елу мың ұстатсаң, мен дайынмын.

— Жарайды, айтқаның болады…

Қиярбай отбасын тоймен бағып отыр. Таңертеңнен кешке дейін қазақ ұлтына той тілейді. Құдайым, қазақты тойдан айырмасын…

Түс ауа улап-шулап пойызға отырдық. Көптен бері ауылға бармаған едік. Ауылдың тойын кәдімгідей сағынып қалыппыз.

— Мен қайнымның тойында аяғым талғанша би билеймін, — дейді біздің әйел.

Өзі шапшаң, дем арасында төбесіндегі бір уыс шашын сары түске бояп үлгеріпті.

— Ал, мен келіннің бетін былай ашамын, «ақ келін-ау, ақ келін, сауысқаннан сақ келін» деп, Қиярбай домбырасын шертіп-шертіп қояды. Арасында «ауылда беташарға қанша теңгеден салады екен?» деп, вагондағы жолаушылардан ауық-ауық сұрайды.

Біздің ауыл – қаладан 3-4 сағаттық жер. Зыр етіп, ауылға келдік. Әншейінде той болатын үйдің айналасында балалар жүгіріп жүруші еді. Тым-тырыс. Адам-қара көп көрінбейді. «Армысыздар» деп, үйге кірдік. Аға, жеңгемнің бет-жүзінде қуаныштың реңі байқалмайды.

— Ал, той құтты болсын, мен тапсырманы орындадым, қаладағы номері бірінші асаба сіздің алдыңызда тұр.

— Ойбай, Нөкен, бізде бір қызық жағдай, келініміз келмей жатып, бізге ақыл айтып жатыр, — деді жеңгем Шынар үрейленіп.

— Ақыл үйреткені қалай? — дедім таңғалып.

— Тойға арақ-шарап қойылмасын деп бұйырды, — деді, ағам терін сүртіп.

— Жарайды, онда тұрған не бар? Қазақтың тойы арақсыз да өтіп жатыр ғой. Ауылда шұбат, қымыз бар шығар…

— Оны қойшы, ән салуға, тілек айтуға да болмайды деді ғой, — деп, жеңгемнің көзі аларып тұр.

Мұны естігенде асабамыз Қиярбайдың зәресі ұшып кетті. Көзі шарасынан шығып:

— Ән салмаса, тілек айтылмаса, ол қандай үйлену тойы? Қазақта ән салмайтын той болушы ма еді. Қазір садақада да ән айтып жатқан жоқ па?..

Мен сонда «неге келдім?» дегендей ол маған қарады. Оның жүрегін беташардан түсетін көрімдіктің ақшасымен елу мың теңге ауыртып тұр.

— Саспаңыздар, жастармен мен өзім келіссөз жүргіземін, — дедім көңілдерін көтеріп.

— Келін ешкіммен сөйлеспейді, бетін паранжамен жауып алған, — деді жеңгем бетін шымшып.

— Паранжасы несі, қазақ ұлтында босаға аттағалы тұрған жас келіннің басына жеңгелері ақ орамал жаппай ма?

— Рас айтамын, басын қара матамен бүркеп алған, тура күнде телеэкраннан көрсетіп жатқан жанкештілер сияқты, қорқам, — деп, жеңгем көзіне жас алды.

Әңгіменің төркіні енді түсінікті болды. Жас келін мен Аманай әлгі айта беретін жат ағымның жолына түскен екен. Мына заманда қазақтың қара жамылғаны, онысымен қоймай ән айтуға қарсы болғаны түсініксіз жағдай. Мұндай оқиғалардың ел арасында ауық-ауық болатыны өтірік емес. Қайта көбейіп барады.

— Жоқ, той болады. Дастарқанды жая беріңдер, — деп, бұйрық бердім.

Құдайға шүкір, туыстарымның алдында беделім бар. Сол-ақ екен, ауылдағы жеңгелеріміз лезде дастарқан жайып үлгерді. Қас қарая қонақтардың да қарасы көрінді. Қиярбек музыкалық аппараттарын құрып, домбырасын келтіріп әлек. Беташардың тізімін жасап, Аманай мен келінді ортаға шақырдық. Бір кезде үйден жеңгем тағы жүгіріп шықты:

— Ойбай, масқара, келініміз «мен ешкімге басымды имеймін» деп жатыр, енді қайттым. Елге күлкі болдым-ау…

Жиналған қонақтарды санап тұрған Қиярбектің қолындағы домбырасы жерге түсіп кете жаздады.

— Сонда қалай, мен бет ашпаймын ба? Нәке, біз келісіп едік қой, — деп, беті бозарып кетті. Қиярбекті де түсінуге болады. Аяқ астынан несібесінен қағылайын деп тұр.

— Жарайды, беташардың ақшасын мен беремін.

— Қанша бересің?

— 25 мың теңге.

— Келістім, тойды бастай берейін бе?

— Иә, бастай бер.

— Қымбатты ханымдар мен мырзалар, бүгінгі екі жастың бас қосу тойына хош келіпсіздер! Кәнеки, бәріміз бірге «Той жырын» айтып, жастарды қарсы аламыз, — деп музыканы қосып қалып еді, о тоба, Аманайдың жатағымдық достары құлақтарын басып, жан-жаққа қаша жөнелді.

Дастарқан басында ешкім қалмады. Мен түк түсінбедім. Сүйтсем, оларға ән тыңдауға болмайды екен. Кешірілмес күнә. Амал жоқ, музыканы өшірдік. Сол-ақ екен, әлгілер жарыққа үймелейтін құрқанаттар секілді қайтадан жиналды. Ортаға тілек айтуға шақырсаң келмейді, тойға шашу бермейді. Дастарқандағы тағамнан татып алмайды. Ең сорақысы, үйленіп жатқан жастарды сүйресек те ақыры үйден шығара алмадық. Тіпті жүзі түгілі қарасын көрсетпеді. Аманайдың сыныптасы Советбек тойға қораның артында отырып араққа тойып келіпті.

— Аманай, горька, горька, ащы, ащы, тұщы, — деп қояды.

Советбектің сұлбасы көрінген бойда әлгілер тағы зым-зия жоқ болып кетті.

Сол кеткеннен тойға ешкім қайтып оралмады. Тойда мен, Қиярбек, Советбек және ағам мен жеңгем қалдық. Бесеуіміз түнімен шаңдатып би билеп, жастарға тілек айтып, әйтеуір тойдың ырымын жасадық. Таң біліне бастағанда Советбек жерге омақата құлады. Той жасаудан алдымызға жан салмаушы едік, ауылдағы мына қызықты көріп, жағамызды ұстадық. Бұрын қазақ «той десе қу бас та домалайды» деуші еді. Тойдың да сәні, мәні кетіпті-ау…

Нұрлыбек  ЖҰБАТҚАН.

(2014 жыл)

Көрнекі  фото:  papik.pro

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: