Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Оқитын ұлт газеттен басталады

18.05.2026, 9:50 41

HALYQLINE.KZ

Президент кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру мәселесіне айрықша мән беріп, арнайы Жарлық берді. Бұл – жай ғана мәдени бастама емес, ұлттың интеллектуалдық болашағына бағытталған маңызды қадам. Ендігі уақытта мемлекеттік идеологияның өзегі – ойлайтын, саралайтын, саналы шешім қабылдайтын ұлт қалыптастыру.

Енді кітап оқуды насихаттау, кітапханаларды жаңғырту, жазушыларға қолдау көрсету бағытында нақты жұмыстар қолға алынатыны анық. Алайда кітап оқитын ұлт қалыптастырудың негізі газет-журнал оқудан басталуы тиіс. Себебі газет – қоғамның айнасы. Газет оқитын адам елдегі саяси, әлеуметтік, экономикалық өзгерістерден хабардар болып қана қоймай, ақпаратты саралауға, ой қорытуға үйренеді. Бұл – кітап оқуға бастайтын ең маңызды интеллектуалдық баспалдақтың бірі.

Бүгінде әлеуметтік желідегі жылдам әрі үстірт ақпарат қоғамның зейінін әлсіретіп барады. Осындай кезеңде газет-журнал оқу мәдениетін қайта жандандыру – рухани әрі стратегиялық қажеттілік. Өйткені ақпаратты талдай алмайтын қоғам манипуляцияға тез ұрынады.

Газет оқитын адамда тұрақты оқу дағдысы қалыптасады. Ол мәтінді түсінуге, ойды жүйелеуге, факті мен эмоцияны ажыратуға үйренеді. Ал бұл қасиеттер кейін үлкен әдебиетке, ғылым мен танымға жол ашады. Яғни кітап оқитын ұлт ең алдымен газет оқитын қоғамнан қалыптасады.

Алаш зиялылары да ұлтты оятудың басты құралы ретінде баспасөзді таңдаған. Ахмет Байтұрсынұлының «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деуі бекер емес. Сондықтан зерделі ұлт қалыптастыру жолында кітаппен қатар сапалы баспасөздің де рөлі ерекше болуы тиіс.

Нұрлат  БАЙГЕНЖЕ,

журналист.

Астана  қаласы

Фото: ser-per.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: