Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Итпен  ит  болғым  келмейді

14.05.2026, 8:45 91

HALYQLINE.KZ

САТИРА

Ит жылы итпен ит болмайын деп, бір иттің тілін тапқым келді. Иә, мен сондай бір түрлі адаммын. Бұл ойымды жасырмай әйеліме түгелдей баяндадым.

— Дұрыс, қашанғы иттерге таланып, жем болып жүресің? — деді ол.

— Көршінің итімен дос болсам қайтеді? — дедім.

Әйелім ұрыса кетті.

— Жындысың ба, көршінің итінен не пайда? Ол онсызда саған тұмсығын көтермейді.

— Қоңқыштың төбеті ше?

— Өй, есуас, зоотехниктің иті қабаған емес, одан несіне қорқасың?

— Бердібайдың иті?

— Ол – қаңғыбас ит.

— Сайлыбектің үйінде құмай тазы бар.

— Жоқ. Аудан әкімінің итімен дос боласың, — деді әйелім жекіріп.

— Ойбай, оның иті адам жейді. Өткенде Биғаштың баласын талап тастады. Жарасқанның әйелінің юбкасын жыртты. Сәрсенбайдың шалбарының балағын жұлды. Малтонның құйрығынан тістеді. Көршісі Бөкесегүлдің үстіне мініп алды. Сондай жаман, көргенсіз ит.

— Мейлі, есесіне әкімнің иті, — деп, әйелім әңгіменің нүктесін қойды.

Қарап жүрмей қара басыма пәле тілеп алдым. Таңертең ерте тұрып әкімнің ауласынан сығаладым. Арыстандай ит тілі салақтап, көзі жалақтап, кілемнің үстінде жатыр екен. Бір кесек етті лақтырып жібердім. Ит етті бір исікеді де абалап шарбаққа ұмтылды. Тұра қаштым. Жерде жатқан жұдырықтай етке пысқырып та қараған жоқ. Ентігіп үйге келдім. Әйелім ұрысып жатыр.

— Қолыңнан түк келмейді. Жұрттың байы адамның тілін табады. Сен итті де алдай алмайсың, — деп, намысыма әбден тиді.

Содан соғымнан қалған жылқының бір құлаш қазысынан кесіп алып тағы бардым. Ит шарбақтың тесігінен маған көзін алартып тұр. Қарғысы үзілсе, шайнамай жұтатын сияқты. Сүрленген майлы қазыны алдына тастадым. Қазыны екі шайнап бір жұтты. Үрген жоқ. Бірақ, ырылдап тұрып алды. Дос болғысы келмейді. Басым салбырап аулама келдім. Үйге кірсем, әйелім ұрысады. Ойланып отырмын. «Ее, сонда иттің де тілін табу оңай емес екен-ау. Біреулер, қасқырдың тілін тауып дос болып жүр. «Ит – адамның досы» дегені қайда? Мен сонда кімнен кеммін? Мұрным пұшық па? Әлде, көзім қысық па? Шіркін, әкімнің қабаған итімен дос болсам ғой, жақсы емес пе? Сонда көресіңдер, көшедегі қаңғып жүрген бұралқы иттердің бәрі менен қорқатын болады. Өліп кетсем де ол иттің тілін табамын. Табуым керек» деп, өзіме серт бердім. Қорада бақырауық қоспақ ешкім бар еді. Ешкімді жетектеп көшеге шықтым.

— Тума, Наурыз мейрамында қайда бара жатырсың? — деді көршім Тұқи.

— Ешкімді қыдыртып жүрмін, — дедім.

Менің бұл әрекетімді әйелімнен басқа ешкім білмеу керек қой. Білсе, алдымды орап кетеді. Ондайлар көп. Аяңдап әкімнің ауласына келдім. Аузы апандай ит ағашқа асылып тұр. Шарбақтың есігін ашып, ешкіні кіргізіп жібердім. Байғұстың бақырған дауысы жүрегімді ауыртты. Көзімнен жас тамып кетті. Енді қайтейін, маған сол иттің тілін табуым керек.

Қазір әкімнің иті маған үрмейді. Мені көрсе, аузынан сілекейі шұбырып, соңымнан қалмайды. Анда-санда біздің иттің қасына қонып кетеді. Ауыл жұрты аң-таң.

Қысқасы, аудан әкімінің итімен дос болдым. Соңғы кездері әкімнің де көзқарасы маған дұрыстала бастаған сияқты…

Нұрлыбек  ЖҰБАТҚАН,

ҚР  Мәдениет  қайраткері.

Ақтөбе  қаласы

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: