Бұлақтан секундына 25 литр су шығады. Ал 1300 метр тереңдіктен жер деңгейіне көтерілген су бұрқағының температурасы 63 градусқа тең, деп хабарлайды halyqline.kz тілшісі inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.
Арал маңындағы мұндай бұлақтардың суы қақаған қыста да мұз болып қатпайды. Өйткені, жерастының температурасы тұрақты түрде жоғары. Шыны керек, бұл нысан толық зерттеліп-зерделенген дей алмаймыз, десе де шағын емдік-сауықтыру туризміне жарап келеді.
Inbusiness.kz тілшісі Қызылорда қаласынан шамамен 500 шақырымнан аса жолды артқа тастап, Арал ауданы, Ақеспе ауылындағы ыстық бұлаққа арнайы барды. Экотуризм мен экомедицинаны дамытуға таптырмас жерден фоторепортаж да жасады.
– 1986 жылы Арал теңізінің солтүстік жағалауында, Бутаков шығанағы маңында, балықшылар қонысы Ақеспенің оңтүстігіндегі шетінде жүргізілген іздестіру-гидрогеологиялық бұрғылау жұмыстары нәтижесінде юра жыныстарының қимасынан термалды су табылды. Аталған бұрғыма «Ақеспе ыстық көзі» деген атауға ие болды, тереңдігі – 1307 метр. Бұл ұңғыма 40 жылға жуық уақыттан бері өздігінен ағу режимінде жұмыс істеп келеді, су шығымы секундына 25 литрден асады. Пьезометриялық деңгей ұңғыма сағасынан 30 метр биіктікте тұрақтанған. Судың температурасы – 63 градус, минералдануы шамамен – 17 г/л. Судың дәмі ащы-тұзды, құрамында радон бар және оған тән күкіртсутектің иісі сезіледі, – деп жазылған Aral Geopark-тың ресми сайтында.
Жаза кеткен жөн, геопарк – жергілікті дәстүрлерді құрметтей отырып, тұрақты даму стратегиясы жүзеге асырылатын халықаралық немесе аймақтық маңызға ие геологиялық мұрасы бар аумақ.
Ыстық су буын, тері, жүйке ауруларына және денедегі суықты қайтаруға таптырмас ем саналады. Сонау 40 жыл бұрын теңіз табанынан табылған бұлақтың суы ғана емес, жанындағы батпақтың да емдік қасиеті бар.
Ақеспе елді мекенінде орналасқан «ыстық су бұрқағы» жанынан емдік шипажай салу жоспары бірнеше жылдан бері айтылып, жазылып келеді. 150 орындық шипажай, спорт алаңдары және саябақ салу жобасы іске асса, 220 адам жұмыспен қамтылмақ. Сондай-ақ, жол салу мәселесі де күн тәртібінен түскен емес.
– Ақеспе ауылындағы жерасты суы ерекшелігімен өзіне баурайды. Бұл Аралдың өзге өңірлерден басқаша табиғатын айғақтаса керек-ті. «Көрген де арманда, көрмеген де арманда» деген осындайда айтылады. Бұл жерге келушілер қарасы қалың. Әсіресе, шет мемлекеттен келген меймандардың қызығушылығы ала бөтен. Олар «аймақтың табиғаты да, ыстық суы да керемет» деп таңдай қағады. Әлем картасында тайға таңба басқандай көрсетілген Аралдың ерекше суы қайбір жылы көптеген мемлекеттің елшісі ресми сапармен келген кезде тіпті таныла түсті. Мұндай ғажап құбылысқа бас шайқап, қайта-қайта ыстық суға шомылғанын көрдік, – дейді аралдық журналист Абай Елеш.
Осы күні бұлақ басында арнайы қонақүй мен асхана қызмет етіп тұр. Ыстық суға күніне 2 рет, 30 минуттан түсу ұсынылады.
– Жазғы туризм маусымы басталды. Енді бұл жерге ала жаздан қара күзге дейін отандық және шетелдік саяхатшылар ағылады. Бұлақ басында күніне 50-60 автокөлік тұрады. Келушілердің арасында дертіне шипа іздегендер де бар. Ал туристер Ақеспенің ыстық суына, еспе шеге құмына және теңіз ұлтаны мен жанындағы ауылдардың тұрмыс-тіршілігіне қатты қызығады, – дейді Жанысбек есімді ауыл тұрғыны.
Жалпы, Солтүстік Арал маңында, бор дәуірінің шөгінділерінде жерасты термоминералды суларының тағы 2 перспективалы учаскесі кездеседі. Бұл бұлақтар да іс жүзінде қолдануға айтарлықтай қызығушылық тудырады.
Біріншісі – Оразбай кен орны. Ол Арал қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 75 шақырым жерде орналасқан (№250 ұңғыма, тереңдігі – 220 метр).
Ал Бұғын кен орны Арал қаласынан оңтүстікке қарай 70 шақырымда орналасқан (тереңдігі – 261 метр).
Фото: inbusiness.kz/Рыскелді Сәрсенұлы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!