Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әдебиет – рухани көпір: Әкім Ысқақ шығармалары Қарақалпақстанға жол тартты

25.04.2026, 21:50 74

HALYQLINE.KZ

Қазақ руханиятының мәйегі – сөз өнері десек, сол сөздің салмағын арқалаған қаламгерлердің еңбегі ешқашан елеусіз қалған емес. Әдебиет – ұлттың жаны, ал оны жаңғыртып, жаңа тыныс беріп отырған шығармашылық иелері – қоғамның айнасы. Осындай рухани құндылықтарды ұлықтаған тағылымды жиын Сыр өңірінде тағы бір мәрте өз өрнегін қалдырды.

«Жаңа Қызылорда: даму мен руханият үндестігі» атты халықаралық X форум аясында белгілі жазушы Әкім Ысқақтың «Өлімді жеңген махаббат» және «Алтыным» шығармаларының қарақалпақ тіліне аударылған нұсқаларының тұсаукесері өтті. Әбділда Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада ұйымдастырылған бұл мәдени іс-шара әдебиеттің шекара талғамайтын рухани күш екенін айқындады.

Кештің тізгінін ұстаған модератор – республикалық Әкелер одағы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Ержан Ескендір жиынның мазмұны мен маңызына кеңінен тоқталып, «Әкім аға тілеулестері» форумы жыл сайын еліміздің әр өңірінде өтіп келе жатқанын атап өтті. Түркістан, Шымкент, Тараз, Алматы, Астана қалаларынан бастау алған рухани жиын Сыр бойында өз жалғасын тапты. Аталмыш форумның Сыр елінде өтуі де бекер емес, «Өлімді жеңген махаббат» туындысының кейіпкері ақын, сазгер6 марқұм Қайратбек Бақбергеновтың туған топырағында рухына арнау болды.

Айтулы әдеби кеш қонақтары еліміздің түкпір-түкпірінен келді. Атап айтқанда, республикалық Әкелер одағы төрағасының орынбасары Бекдайыр Нығметұлы, ақын Үміт Шарипова, «Алаш.kz» порталының бас редакторы Зарина Әшірбек. Сонымен қатар, кештің негізгі қонақтары – Қарақалпақ елінен келген Бердак атындағы Қарақалпақстан университетінің профессоры Инжайым Сейтназарова, Нұржамал Қараматдинова.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Парламентінің бірінші шақырылымының депутаты, қазақ тіліндегі алғашқы заңның авторы, республикалық «Ардагерлер ұйымы» жанындағы «Рухани-мәдени мұра және жастармен жұмыс» комиссиясының төрағасы, республикалық Әкелер одағы Қамқоршылық кеңесінің төрағасы, белгілі қаламгер Әкім Ысқақтың «Өлімді жеңген махаббат» атты жаңа прозалық туындысында қызылордалық ақын, әуесқой сазгер, марқұм Қайратбек Бақбергеновтың ғұмырының соңғы кезеңіндегі жан арпалысын, кіршіксіз сезімін, жүректен туған жырлары мен әуезді әндерінің өміршеңдігін терең толғаныспен бейнелеген. Сонымен қатар, форум аясындағы жаңа кітаптарды қарақалпақ тіліне аударған қарақалпақстандық аудармашылар да сөз сөйлеп, елінің сәлемдесін ән шашуымен жеткізді.

Кеш барысында сөз алған зиялы қауым өкілдері жазушы шығармашылығының қоғамдағы орнына тоқталып, оның туындыларының тәрбиелік, танымдық маңызын ерекше атап өтті. Әсіресе, «Алтыным» кітабын қарақалпақ тіліне аударған Бердақ атындағы Қарақалпақстан мемлекеттік университетінің оқытушысы Нұржамал Қараматдинова бұл еңбектің бауырлас халықтар арасындағы рухани байланысты нығайтудағы маңызын айрықша атап өтті. Іс-шара студенттердің «Алтыным» өлеңін оқумен ұласты.

Әкім Әбдіқайымұлының туындылары әсем әнмен әуезделіп, кеш соңында «Алтыным» мен «Өмірді жеңген махаббат» туындыларының қарақалпақ тілінде аудармасының тұсаукесер рәсімі өтіп, қорытынды сөз «Өмірді жеңген махаббат» кітабының басты кейіпкері Қайратбек Бақбергеновтың бауырларына берілді.

Әдебиет пен өнердің үндестігін қатар алып жүрген қоғам қайраткерімен іс-шара соңында тілдесіп, сырбойылықтарға арнаған жылы лебізін алдық.

Көрсең жақсылықты көр, көрсең осындай рухты елді көр демекші, еліміздің түкпір-түкпірінен қоғам қайраткерлері, көрші ел Қарақалпақ бауырларымыз келіп, сүйсініп жатыр. Рухты елде, Сыр елі – жыр елінде арнайылап өткізіп жатқан іс-шарамызды жоғары деңгейде ұйымдастырушыларға алғысымды айтамын. Жерлестеріңіздің түрлі толғанысқа толы тағдырымен туындаған өлең жинақтарымен өрілген өмір жолын оқыңыздар, — деді Әкім Ысқақ.

Аталмыш іс-шара кеш қонақтарының ыстық ықыластарын жеткізумен жалғасты. Осылайша, Сыр елінде өткен тұсаукесер сөз құдіретін ұлықтаған, рухани сабақтастықты бекемдеген, әдебиеттің мәңгілік миссиясын тағы бір мәрте дәлелдеген маңызды мәдени оқиға ретінде тарихта өз ізін қалдырды.

Перизат  ЗАХРАДИН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: