Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ұзақ жол алғашқы қадамнан басталады

23.04.2026, 17:45 77

Талаптың тұлпарын мінген жастарға бүгінде барлық жерде мол мүмкіндік қарастырылған. Тәуелсіз елімізде білім мен ғылымға, мәдениет пен әдебиетке жасалған алғышарттар баршылық.

Сыр өңірде бой көтерген «Болашақ» университеті – талай жастың қанатын қомдап, томағасын сыпырған алтын тұғыр. Бүгінде бұл білім ордасында 5,5 мың студент білім алуда. 2025-2026 оқу жылында 77 мыңнан астам білім гранты бөлінген. Оның 60% техникалық бағыттағы  мамандықтарға, 20% медагогикалық бағыттағы мамандықтарға, қалған 20%-ы сұранысқа сай әртүрлі саладағы мамандықтарға бөлінген. Университетте жалпы 212 оқытушы дәріс береді.

Кеше университет қабырғасында мектеп бітіруші түлектерге арналған «Ашық есік» күні ұйымдастырылып, болашақ талапкерлерге оқу орнымен жақын танысуға мүмкіндік берілді. Іс-шараның басты мақсаты – оқушыларға мамандық таңдауда дұрыс бағыт көрсету, университеттің білім беру бағдарламалары мен мүмкіндіктерін кеңінен таныстыру.

Іс-шара «Болашақ» университеті кампусымен таныстыру экскурсиясымен басталды. Сонымен қатар, талапкерлер жылыжай, спорт кешені, жатақхана, «Bolashak Hall» студенттер сарайы, 14-қабаттан сол жағалауды тамашалау көрінісіне қол жеткізді.

Қызылорда «Болашақ» университеті 1995 жылы Мәскеу халықаралық бизнес және ақпараттық технологиялар университетінің Қызылорда филиалы ретінде ашылды. 1999 жылы филиал дербес жоғары оқу орны – Қызылорда экономика, статистика және информатика университеті болып қайта құрылып, орта, жоғары, жоғары білімнен кейін және қосымша білім беру бағдарламалары бойынша мемлекеттік лицензияға сәйкес жұмысын қайта бастады. Осы жылы университет базасында Л.Н.Гумилев атындағы  Еуразия Ұлттық Университетінің Қызылорда филиалы ашылды. 2001 жылы университет «Болашақ» университеті болып қайта құрылды.

Университет миссиясығылым, білім және инновация интеграциясында жоғары білікті мамандар даярлауды қамтамасыз ететін заманауи ғылыми және білім беру ортасын қалыптастыру.

Оқу орнында «Студенттік Үкімет», «Студенттер Альянсы» ұйымы, «Жастар рухы» ұйымы, сонымен қатар «Мейірім» қайырымдылық қоры, «БУ» жайдарманшылар клубы, «Кербез» би ансамблі, «Ойдария» дебат клубы  бар. Сондай-ақ, оқу орнында студенттерге білім алуымен қатар, спортпен шұғылдануларына жағдай жасалған.

«Ашық есік» күніне қала және өңір мектептерінің жоғары сынып оқушылары мен ұстаздары қатысты. Қонақтарды университет басшылығы қарсы алып, оқу орнының тарихы, жетістіктері мен даму бағыттары туралы баяндама жасады. Сонымен қатар, талапкерлерге ұсынылатын білім беру бағдарламалары, академиялық ұтқырлық, қос диплом мүмкіндіктері және студенттік өмір жайында толық ақпарат берілді.

Іс-шара барысында жоғары оқу орнының мүмкіндіктері таныстырылып, әр мамандықтың ерекшеліктері жөнінде кеңінен түсіндірмелер берілді. Оқушылар зертханалар мен оқу кабинеттерін аралап, заманауи құрал-жабдықтармен танысты. Оқытушылар мен студенттер талапкерлердің сұрақтарына жауап беріп, өз тәжірибелерімен бөлісті.

«Болашақ» университеті – студенттерге жан-жақты барлық талапқа жауап бере алатын жоғары оқу орны. Мұнда білім алуға келген әрбір жас сабақтан бөлек түрлі қоғамдық жұмысқа белсене қатысып, өзін толықтай көрсетуге құқылы. Жалпы студенттік сәт жастардың ең қызықты сәттерінің бірі ретінде ерекше есте сақталады. Оқу орнында шеберлік сабақтары мен тренингтер жиі болады. Іс-шара аясында оқушылар өздерін түрлі мамандық иесі ретінде көріп, кәсіби дағдылардың алғашқы элементтерімен танысты.

Іс-шара соңында талапкерлер университетке түсу ережелері, гранттар мен жеңілдіктер туралы нақты мәлімет алып, өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер жастардың саналы түрде мамандық таңдауына ықпал етіп, олардың болашаққа деген сенімін арттырады.

«Ашық есік» күні талапкер мен университет арасындағы алтын көпір іспетті. Осындай мазмұнды кездесулер арқылы жастар өз болашағын айқындап, үлкен өмірге нық қадам жасайды. Себебі, ұзақ жол алғашқы қадамнан басталады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: