Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Алматыда Әмір Шәйкежановқа 5 жыл жаза кесілді

22.04.2026, 16:00 63

Алматы қаласының №2 Медеу аудандық соты ЛГБТ-белсендісі Әмір Шәйкежановқа қатысты қылмыстық істі жабық режимде қарап, оны 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Үкім 2026 жылғы 22 сәуірде шықты және әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Сот материалдарына сәйкес, іс 2025 жылғы наурызда болған оқиғаға байланысты қаралған. Сот нұсқасы бойынша, айыпталушы А. есімді қызметкерді психофизиологиялық жағдайына әсер ететін анықталмаған затты қолдануға көндіріп, оны дәрменсіз күйге түсірген. Одан кейін жәбірленушінің ерікті келісімінсіз жыныстық қатынасқа барғаны айтылды.

Сот сонымен қатар Шәйкежановтың өзінде ВИЧ барын біле тұра жәбірленушімен жыныстық байланысқа түскенін, сол арқылы оны жұқтыру қаупіне әдейі ұшыратқанын мәлімдеді. Алайда Қылмыстық кодекстің 118-бабы 1-бөлігі бойынша ол жауапкершіліктен талап қою мерзімінің өтуіне байланысты босатылған. Негізгі жаза Қылмыстық кодекстің 120-бабы 1-бөлігі, яғни зорлау айыбы бойынша тағайындалды.

Сот үкімінде айыпталушының кінәсі жәбірленушінің жауабымен, іс бойынша жиналған өзге дәлелдермен және бейнежазбамен расталғаны көрсетілген. Прокурор айыптардың жиынтығы бойынша 5 жыл 4 ай жаза сұраған. Жәбірленуші бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындауды өтінген.

Ал Шәйкежанов өзіне тағылған айыптарды мойындаған жоқ. Оның тарапы бұған дейін болған жағдай өзара келісіммен жүзеге асқанын айтып келген. Іс жабық қаралғандықтан, сот талқылауының толық барысы көпшілікке ашық жария етілмеді.

Еске салайық, бұл іс қоғам назарын былтырдан бері аударған болатын. 2026 жылдың қаңтарында Шәйкежановқа Қылмыстық кодекстің 120-бабы 1-бөлігі және 118-бабы 1-бөлігі бойынша айып тағылғаны белгілі болды. Сол кезде адвокаты істің жабық режимде өтетінін хабарлаған еді.

Фото: baribar.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: