Қызылорда облысында 24-30 сәуір аралығында «Вакциналар әр ұрпақ үшін жұмыс істейді» ұранымен иммундаудың еуропалық апталығы өтуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте айтылды.
Жиынға облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мая Мирзанова мен облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова қатысып, вакцинацияның маңызы мен өңірдегі атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Мая Мирзанованың айтуынша, сәуір айының соңғы аптасында дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын Дүниежүзілік және Еуропалық иммундау апталығы халықтың барлық жас тобын жұқпалы аурулардан қорғауда екпенің рөлін күшейтуге бағытталған.
– Вакцинация – жұқпалы аурулардың алдын алудың ең тиімді жолы. Соңғы 50 жыл ішінде вакциналардың арқасында 150 миллионнан астам адамның өмірі сақталып қалды. Уақытылы салынған екпе әр адамның өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауының көрінісі. Иммундау нәресте өлімін азайтып қана қоймай, миллиондаған асқынудың алдын алуға мүмкіндік беріп отыр. Бүгінде балалардың сау өсіп-жетілуінде вакцинацияның орны айрықша, – деді ол.
Ал Әлия Әбдіқайымова елімізде профилактикалық екпелер Ұлттық екпе күнтізбесіне сәйкес жүргізілетінін айтты. Оның сөзінше, бұл жүйе 21 инфекцияға қарсы қорғанысты қамтиды.
Қазіргі таңда облыс бойынша 215 екпе кабинеті жұмыс істейді. Бұдан бөлек, шалғай ауылдық елді мекендерге 44 жылжымалы бригада қызмет көрсетіп келеді.
Маман вакцинадан бас тарту жағдайларының басым бөлігі әлеуметтік желілерде таралатын жалған ақпаратпен байланысты екенін атап өтті.
– Тұрғындарды тек ресми дереккөздерге сүйенуге шақырамын. Иммундау апталығы аясында халықтың ақпараттылығын арттыру, ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын жүргізу және білім беру ұйымдарында насихат жұмыстарын күшейту жоспарланып отыр, – деді Әлия Әбдіқайымова.
Мамандардың сөзінше, екпе жеке адамның ғана емес, тұтас қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды қорғаныс құралы саналады. Сондықтан әрбір азамат уақытылы вакцина алып, өз денсаулығы мен жақындарының амандығына жауапкершілікпен қарауы қажет.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!