Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мультфильм – бала тәрбиесінің көркем құралы (Cars мысалында)

09.04.2026, 6:00 30

Жасыратыны жоқ, қазіргі заманда мультфильмдер балалардың өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Оларды тек уақыт өткізу құралы деп санамау керек, сонымен қатар тәрбиелік, танымдық және психоло­гиялық тұрғыдан үлкен әсер ететін маңызды құрал екенін де ескерген жөн. Әсіресе, Cars («Көліктер») анимациялық фильмінің үш бөлімі арқылы балалар­ға  берілетін  құндылықтар  айқын  көрінеді.

Бірінші бөлімде басты кейіпкер Найзағай Маккуиннің мінез-құлқы арқылы балаға қарапайым, бірақ маңызды ой жеткізіледі: тек жеңіс пен атаққа ұмтылу адамды бақытты етпейді. Бастапқыда өзімшіл, тек жеке жетістікке мән беретін Маккуин Радиатор-Спрингс қаласына тап болып, достық­тың, қарапайымдылықтың және үлкендерді құрметтеудің маңызын түсінеді. Бұл балаларға шынайы өмірде адамгершілік қасиеттердің материалдық  жетістіктерден  әлдеқайда  маңызды  екенін  ұғындырады.

Екінші бөлімде оқиға ауқымы кеңейіп, достық пен адалдық тақырыбы тереңірек ашылады. Атап айтқанда, Мэтр мен Маккуиннің қарым-қатынасы арқылы әртүрлі ортада жүрсе де, шынайы достықтың өзгермейтіні көрсетіледі. Сонымен қатар, бұл бөлім балаларға өзін қандай болса солай қабылдаудың маңызын үйретеді. Мэтрдің қарапайым, кейде оғаш мінезі кемшілік емес, керісінше оның ерекшелігі екені айқындалады. Бұл балалардың өз-өзіне сенімді болуына  оң  әсер  етеді.

Үшінші бөлімде өмірлік тәжірибе мен буын алмасу мәселесі көтеріледі. Маккуин енді тек жарысушы ғана емес, жас спортшыларға үлгі болатын тұлғаға айнала­ды. Ол өз орнын табуды, жеңілісті қабылдауды және басқаларға жол беруді үйренеді. Бұл балаларға тек жеңіске жету емес, өмірде өз орнын дұрыс анықтау, тәжірибе жинақтау және өзгелерге қолдау көрсету маңызды екенін түсіндіреді.

Жалпы алғанда, «Көліктер» мультфильмінің үш бөлімі балаларға достық, адалдық, еңбекқорлық, қарапайымдылық және өзін-өзі дамыту сияқты құндылықтарды үйретеді. Мұндай мультфильмдер баланың ой-өрісін кеңейтіп ғана қоймай, оның тұлға ретінде қалыптасуына да ықпал етеді. Сондықтан сапалы анимациялық фильмдерді бала тәрбиесіндегі маңызды құралдардың бірі деп айту­ға  толық  негіз  бар.

Әбіләкім  ТЫНЫШТЫҚБАЕВ,

№59 орта мектептің 11-сынып оқушысы,

Арал ауданы,

Қарақұм  ауылы

Фото: ашық дереккөзден

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: