Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Су үнемдеу – үлгілі іс

06.04.2026, 11:20 69

HALYQLINE.KZ

Шиелі ауданында биыл су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылып, ауыл шаруашылығы саласында оң нәтижелер байқалуда, деп жазады аудан әкімінің баспасөз қызметі.

Соңғы жылдары өңірде су тапшылығы мәселесі өзекті болып отырғаны белгілі. Осыған орай мемлекет тарапынан су ресурстарын тиімді пайдалану, заманауи суару тәсілдерін енгізу және егіншіліктің тұрақтылығын арттыру бағытында нақты тапсырмалар берілген. Бүгінде осы міндеттер кезең-кезеңімен іске асырылып, шаруашылықтар жаңа технологияларға бет бұруда.

Ауданда су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу мақсатында бірқатар ірі жоба жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, «Таң LTD» және «Центр Семеноводства» ЖШС-тері 2000 гектар алқапқа дәндік жүгері дақылын тамшылатып және жаңбырлатып суару әдістерімен егіп отыр. Аталған технологиялар суды тікелей өсімдік тамырына жеткізіп, оның ысырабын азайтады, булануды төмендетеді және өнімділікті айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, су үнемдеу тек жаңа технологияларды енгізумен ғана шектелмейді. Бұл бағытта жерді лазерлік тегістеу, егіс айналымын сақтау, топырақты тиімді өңдеу, құрғақшылыққа төзімді дақыл түрлерін пайдалану секілді агротехникалық шаралар да кеңінен қолданылуда. Мұндай кешенді тәсілдер су ресурстарын тиімді басқаруға, шығындарды азайтуға және ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасы мен көлемін арттыруға оң әсерін тигізуде.

Жалпы, Шиелі ауданында қолға алынған бұл бастамалар өңірдің аграрлық әлеуетін арттырып қана қоймай, экологиялық тепе-теңдікті сақтауға және тұрақты даму қағидаттарын орнықтыруға бағытталған маңызды қадам саналады.

Алдағы уақытта да су үнемдеу технологияларын енгізу ауқымы кеңейтіліп, жаңа жобалар іске асырылатын болады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: