Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бесеудің беласары – 2

02.07.2020, 11:35 388

Естеріңізде болса, кезінде Парламент Сенаты сай­лауына Сыр елінен әу баста тоғыз адам ниеттеніп, артынша­ алты адаммен бірге сол кездегі облыс әкімінің орынбасары Мұрат Бақтиярұлы түсіп, депутат атанған жылы «Бесеудің беласары немесе Сенатқа әркімнің-ақ бар таласы…» деп мақала жазған едік. Жалпы, сайлау дегенде­, көз алдымызда көлбеңдеген бейнелердің тұратын­ы жасырын емес. Бірі сырын, бірі жырын, енді бірі пұлын айтып, тақымы таққа тиген талайлардың түйесі көпірден өткеннен кейін, артындағы қара ормандай жұртына қарайлауды сиретіп, төрде ұйқылы-ояу қара түймені басып, «іс» тындырып отырғандардың кешелі-бүгінгі  тірлігінен  де  әркім хабардар. Депутаттық ман­датқа­ «етінің тірілігімен» ие болғандар болмашы ғана. Осындай «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмауға» ниеттіле­рдің қатарында алдағы тамыз айында сайланатын сенаторлар да бар. Тамыздың белортасында саяси өмірдің көрігі қызып, саясиланған тұлғалардың дегбірін қашыратын Сенат сайлауы да – анау-мынау емес, өзіндік орны бар саяси науқан. Сенаторлықтан дәмелілер көп болғаны­мен, «құтты орынға» қонатындардың қауқарлы әрі қалталы болып келетіні бесенеден белгілі. Оның үстіне, билікке жақын жүретіндердің «жолында жасыл шамның» жанып тұратыны тағы бар.

Иә, атқа мінгені бар, таққа мінгені бар, талайлар тағы тақымын қысып отыр. Бұл жолы өкілеттік мерзімі биылғы­ қазан айында аяқталатын, 2014 жылы сайланған Сенат депутаттарының орнына талас болады. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашевтың айтуынша, 2020 жылдың 12 тамызында республиканың 17 өңірінде еліміздің жоғарғы заң шығарушы органы жоғары палатасының бір-бірден депутатын сайлау қажет. Ескерте кетейі­к, Сенат депутаттарын жанама сайлау құқығы негізінд­е жасырын дауыс беру кезінде таңдаушылар, яғни жергілікті мәслихат депутаттары сайлайды. Ал оларды (мәслихат депутаттарын – ред.) өз кезегінде жалпыға бірдей сайлауда еліміздің азаматтары сайлағаны белгілі. Сайып келгенде, бұл – Парламент төріне барған «бақытты­ жанды» қарапайым бұқара да таңдады деген сөз.

Бүгінде 13 маусымда басталған саяси науқан дүбіріне келсек, Сенат депутаттығына кандидаттарды­ ұсыну мен тіркеу қоса жүріп жатыр. Бұл жерде ұсыну жергілікті уақыт бойынша 12 шілдеде сағат 18:00-де аяқталса, үміткерлерді тіркеу процесі 23 шілдеде сағат­ 18:00-де мәресіне жетеді. Ал сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстары кандидаттарды тіркеу мерзімі аяқталған кезден, яғни 2020 жылғы 23 шілдеде сағат 18:00-ден кейін басталып, 11 тамызда сағат 00:00-де тоқтайды. Кешегі бейсенбі күні ҚР Орталық сайлау комиссиясы кезекті отырысын өткізді. Сонда сөз алған­ төраға Б.Имашев ағымдағы жылғы 25 маусымдағы жағдай бойынша депутаттыққа 88 адамның ұсынылға­нын айтты. «Орташа алғанда бір депутаттық орынға 5 адам үміткер болып отыр» деді ол.

Сол айтқандай, Қызылордада да бір орыннан бес үміткер үмітті. Бірден айтайық, бесеуі де – «Nur Otan» партиясының мүшелері, бәрі де өзін-өзі ұсынған. «Қазақстан  Республикасындағы   сайлау  туралы» ҚР Конституциялық Заңының 73-бабының 6-тарма­ғы 2) тармақшасына сәйкес Қызылорда облыстық сайлау комиссиясының хабарлауынша, 24 және  26 маусымда Сыр өңірінен ҚР Парламенті Сенатының депутаттығына Қайроллаев Айдын Бөкенбайұлы (1981 жылы туған, қазақ, «Азаматтарға арналған үкімет» МК» КЕ АҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры, Қызылорда қаласының тұрғыны), Сермағамбетов  Серік  Сағитжанұлы  (1965 жылы туған, қазақ, Қызылорда облыстық аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы, Қызыл­орда қаласының тұрғыны), Сәрсенбаев Марат Абайұлы (1970 жылы туған, қазақ, «Абай Дәулет» ЖШС бас директоры, Қызылорда қаласының тұр­ғыны), Әлназаро­ва Ақмарал Шәріпбайқызы (1971 жылы туған, қазақ, Қызылорда қаласының тұрғыны) және Шағыртаев Имамзада Қуанышбайұлы (1969 жылы туған, қазақ, «Таң ЛТД»  ЖШС  директоры)  кандидат  болып  тіркелді.

Сонымен, тіркелген бес кандидаттың ішінде кезінде облыстың бас педиатры, бас дәрігері, кейіннен колледж директоры, облыс әкімінің орынбасары, мәслихат хатшысы, кешеге дейін жетекші партия филиалы төрағасының орынбасары қызметін атқарып келген Ақмарал Әлназарова болмаса, қалғандарының қарымын бағамдай алмай тұрмыз. Әрине, олардың да есім-сойы көпке белгілі, атақтары да бар, бірақ бәсекелестеріне қарағанда сайлау дүбірі естілмей тұрып-ақ Шәріпбайқызының «шашбауын» көтеріп жүргендер оны сол кезде сенатқа «отырғызып қойған» еді. Одан қалды, саясатта салмағы бар, «қолдаушысы» да бар, оның үстіне «сенаторлықтан дәмелі болмаса, өз еркімен партия төрағасының орынбасары қызметін қиып кететін бе еді?» деген қарапайым халықтың «болжамы» да бар. (Айтпақшы, бұл туралы «Халық» газетінің биылғы 18 маусымдағы №24 санында «Еламановтың жолымен жүргісі келеді» деп қалам да тербеген едік). Осындай «мүмкіндіктері мол» Әлназарованың бұл – сайлауға түсудегі екінші қадамы. «Жауырды жаба тоқып» қайтейік, оның бір бүйрегі көптен бері сенатқа бұрып жүр. Бұдан 3 жыл бұрын өкілеттік мерзімі аяқталған депутаттардың орнына сайлау өткізілгенде, Қызылорда облысынан әдепкіде 5-еу, жеме-жемге келгенде үкілі үшеу қалған додада да бағын сынап көрген. Ол жолы бұрынғы сенатор Мұрат Бақтиярұлының «бабы мен бағы» қатар шауып, өз орнын қайта сақтап қалған еді. Бұл жолы талап пен тәртіптің адамы деп бағаланатын, «Шапағат» медалі мен «Құрмет» орденінің иегері Ақмаралдың арманы ақиқатқа айнала ма? Оны уақыт көрсетеді, дегенмен додаға түскелі отырған өзге кандидаттарға қарағанда оның мысы басымырақ.

Жасыратыны жоқ, бұл сайлауда да біреу өзіне, біреу «көзіріне» сеніп отыр. Демек, бізде де «төртеу түгел болып, төбедегіні келтіретін­і» анық болса, бесеудің БЕЛАСАРЫ бәйгені шаппай алатын түрі бар. Оның кім екені қырық екі күннен кейін белгілі болады.

Н.КЕНЖЕТАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: