Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордада белсенді азаматтарға Президент алғысы табысталды

28.03.2026, 15:56 41

Бүгін Қызылорда қаласындағы «Достық үйінде» облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев республикалық референдумды жоғары деңгейде ұйымдастыруға және өткізуге үлес қосқан азаматтарға Президенттің Алғыс хаты мен «Барыс» төсбелгісін табыстады.

Салтанатты жиында аймақ басшысы Мемлекет басшысының елдегі саяси жаңғыру үдерісіне, Конституциялық реформаны жүзеге асыруға және оны халық арасында кеңінен түсіндіруге атсалысқан азаматтардың еңбегіне жоғары баға бергенін атап өтті.

Нұрлыбек Нәлібаев өз сөзінде елордада өткен салтанатты шарада Президенттің Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның жұмысына ерекше тоқталғанын, сондай-ақ Ата заңның мәні мен маңызын елге кеңінен түсіндіруге күш салған Жалпыұлттық коалиция мүшелері мен белсенді азаматтарға ризашылығын білдіргенін айтты.

– Бүгін біз республикалық референдумды жоғары деңгейде өткізуге белсенді қатысқан жерлестерімізге Президентіміздің Алғыс хаты мен «Барыс» төсбелгісін тапсырып отырмыз. Бұл – Сыр өңірі халқына көрсетілген ерекше құрмет, азаматтарымыздың ұйымшылдығы мен еңбекқорлығына берілген жоғары баға. Мұндай сенім мен қолдау баршамызға тың серпін беріп, үлкен жауапкершілік жүктейді, – деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы референдум ел өміріндегі тарихи маңызы зор саяси қадам болғанын атап өтіп, оған атсалысқан барша азаматқа шынайы алғысын жеткізді.

Жиында сондай-ақ ҚР Парламенті Сенатының депутаты Руслан Рүстемұлы, облыс прокуроры Ризабек Кәрімұлы және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің басқарма төрағасы – ректоры Наурызбай Сейтқалиұлы сөз сөйледі.

Айта кетейік, 15 наурыз күні ел азаматтары жаңа Конституцияға арналған республикалық референдумға белсенді қатысып, мемлекет болашағына қатысты маңызды шешім қабылдауға үн қосты. Кейін Ақордада өткен салтанатты жиында Президент жаңа Ата заңға және «Конституцияны іске асыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды.

Жаңа Конституция 1 шілдеден бастап ресми күшіне енеді. Енді жыл сайын 15 наурыз Конституция күні ретінде мемлекеттік мереке деңгейінде аталып өтеді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: