Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әлемдегі демократияның прототипі қазақ даласынан тарайды

27.03.2026, 8:00 56

Қазіргі әлемді локалды соғыс өрті шарпуда. Әлем халықтары бұл соғыс дүниежүзілік соғысқа айналып кете ме деп қауіптенуде. Соғысқа қатысушы кейбір елдің насихаты (пропаганда) дүниені ядролық қарумен қорқытып, соғыс эскалациясын  одан  әрі  өршітуде.

Болып жатқан бұл процестерге байыппен қарасақ, әскери қақтығыстардың қарама-қарсы жағында екі бағытты ұстанатын елдер тұрғанын байқауға болады: бірі импе­риялық мүддесін көздеген, авторитарлы билік үстемдік еткен елдер болса, екіншісі демократиялық билікке ие, экономикалық  мүддесін  көздеген  елдер  екен.

Біріншіде Еуроодаққа ұмтылған Украина­ға соғыс жариялаған Ресей Федерациясы көш бастады. Оған диктаторлық Солтүстік Корея, діни авторитарлы Иран, коммунис­тік Қытай сияқ­ты елдер үнсіз қолдау көрсетуде. Бұл елдер демократия  шектеулілігімен  ерекшеленеді.

Екіншісінде – демократиялық Еуроодақ елдері, экономикалық дамыған елдер: Жапо­ния, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания және өзге демократиялық  даму бағытындағы  елдер  қолдау  көрсетуде.

Келтірілген осы мысалдан біз аталған елдердегі Азаматтық  қоғамның  дамуы деңгейін  анықтай  алады  екенбіз.

Біріншісінде – билік өзінің «абсолютті билік ету» мүмкіндігін жүзеге  асырып, соғыс­ты, не болмаса, оған  көмек  беруді  авто­ритарлы шешіммен  қабылдаған. Халық  оны  шарасыз  қолдауда.  «Бөтен  ойлы»  азамат­тар  жазалануда.

Екіншісінде – халық өз билігінің әрекетін «әділетті қадам» санап, авторитаризмге қарсы соғысып  жатқан Украинаға қолдау білдіруді құптауда. Яғни, мұнда мемлекет басқарудың дамыған азаматтық  қоғам  механиз­мі  жұмыс  істеуде.

Осыдан келіп, біздің алдымызда «Дамы­ған елдер мұндай құндылыққа қалай қол жеткізді?», «Олар азаматтық қоғам құруда қандай тәуекелдерден өтті?», «Азаматтық қоғам мен демократиялық билік байланысы қандай болуы керек?» және  т.с.с. сұрақтар  бой  көтереді.

Анықтама ретінде айтсақ, Азаматтық қоғам – демократиялық мемлекеттің маңызды тіректері­нің бірі. Ол мемлекеттік биліктен тәуелсіз қоғамдық ұйымдар, ерікті бірлестіктер, тәуелсіз БАҚ және белсенді азаматтар арқылы қоғамның мүддесін  қорғауға  бағытталған.

Бұл елдердің тарихи дамуы, құқықтық жүйесі және саяси мәдениеті азаматтық қоғам институттарының  қалыптасуына  үлкен  ықпал  етті.

Әлемде азаматтық қоғамды қалыптастыруда ерекше тәжірибесі бар мемлекеттердің қата­рында  АҚШ, Франция  және  Германия  тұр.

АҚШ  тәжірибесі

Америка Құрама Штаттары (United States) – азаматтық  қоғамы  ең дамыған елдер көші­нің басында тұрғандардың бірі. АҚШ азаматтық қоғамы негізі XVIII ғасырдың соңында, 1787  жылы  қабылданған Конституциядан бастау алады. Ол құжатта азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың мызғымас құқықтық  негізі  жасалды.

АҚШ Конституциясы азаматтардың сөз бостандығы, жиналу еркіндігі және ұйым құру құқығын қамтамасыз етті. Осы құқықтардың арқасында көптеген қоғамдық ұйымдар, кәсіподақтар, қайырымдылық қорлары және тәуелсіз  медиа  дамыды.

АҚШ-та азаматтық қоғамның басты ерекшелігі – еріктілік мәдениеті. Миллиондаған адам қоғамдық ұйымдарда ерікті түрде жұмыс істейді. Сонымен қатар, қайырымдылық дәстүрі де кең тараған. Ірі қайырымдылық қорлары қоғамдық мәселелерді шешуге белсенді  қатысады.

Франция  тәжірибесі

Франциядағы азаматтық қоғамның қалыптасуына үлкен әсер еткен тарихи оқиға 1789 жылғы әйгілі Француз революциясы болып саналады. Революция нәтижесінде азаматтардың теңдігі  мен  құқықтары  жарияланды.

Сол жылы қабылданған Адамзат және Адам құқықтары Декларациясында азаматтардың негізгі құқықтары мен бостандықтарын бекітті. Бұл құжат азаматтық қоғамның құқықтық негізін  қалады.

Францияда қоғамдық қозғалыстар мен кәсіподақтар өте белсенді. Азаматтар әлеуметтік және саяси мәселелер бойынша өз пікірлерін ашық білдіреді. Ереуілдер мен митингілер француз саяси мәдениетінің бір бөлігіне айналған. Бұл азаматтардың мемлекет саясатына  ықпал  етуінің  бір  тәсілі  саналады.

Германия  тәжірибесі

Германияда азаматтық қоғамының қалыптасуының ерекше тарихы бар. Өйткені, Германияны «канцлерлік билігі» екі ретте дүние­жүзілік соғысқа итермеледі. Соғыстан жеңіліс тапқан соң ғана Германияда азаматтық қоғамды дамыта бастады. 1949 жылы қабылданған Германия Федеративтік Республикасының негізгі Заңында азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың берік құқықтық негізін қалыптастырды. Қоғамдық ұйымдар, қорлар, кәсіподақтар және түрлі қауым­дастық мемлекетпен серіктестік негізінде жұмыс істейді. Неміс қоғамында жергілікті өзін-өзі басқару, қоғамдық бақылау және әлеуметтік жауапкершілік  жоғары  деңгейде  дамыған.

Біздің мұндағы аталған үш мемлекеттің мыса­лын  алуымыздың  өзіндік  себептері  бар:

АҚШ территориясында ұзақ жылдарға созыл­ған азаматтық соғыс этносипатта болды. Ол осында ауып келген еуропалық халықтардың өз доминанттығын орнатуға ұмтылысынан көрініс береді. Ақырында қырғын соғыстан қалжыраған соң, олар өзара «келісімге» келіп, еуропалық үлгідегі унитарлы мемлекеттіліктен бас тартты. Таза «американдық азаматтық қоғам» құру қажеттілігін ұқты. Сөйтіп, АҚШ «Азаматтық  қоғам»  үлгісімен  дами  бастады…

Германия – Еуропадағы ең мықты мемлекеттердің көшбасшысы қатарында. Бірақ, Германияда бұл унитарлы мемлекет формасында жүзеге асты. Нәтижесінде, Германия экономикалық қуатты мемлекет бола келе, өз ішінде «фашизм» идеясын өмірге әкелді. Сөйтіп, бір өзі бір ғасыр ішінде екі мәрте дүниежүзілік соғыстың фарватеріне айналды. Тек Екінші дүниежүзілік соғыста жеңілген соң ғана ол «фашизм» идеясынан саналы түрде бас тартып, азаматтық және демократиялық қоғамның негізін қалауға кірісті. Қазіргі Германия азаматтық  қоғамының  негізінде  «Унитарлы  құқықтық  мемлекет»  тұр  десек  қателеспейміз.

Ал, Франция революция нәтижесінде «Еуропа­лық унитарлы мемлекеттілік» пен АҚШ-тағы «Азаматтық мемлекетілік» формасын ұштастыра алған бірден-бір ерекше мемле­кет  десек  болады.

Бірақ, осы үш мемлекетке тән ортақ белгілер  мынау:

Біріншіден, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ететін мықты құқықтық  база  қажет.

Екіншіден, белсенді азаматтық мәдениет пен  қоғамдық  ұйымдардың  дамуы  маңызды.

Үшіншіден, мемлекет пен қоғам арасындағы сенім мен серіктестік азаматтық қоғамның тиімді  жұмыс  істеуіне  мүмкіндік  береді.

Бұл елдердің тәжірибесі көптеген мемлекет үшін демократиялық қоғам құруда маңызды үлгі  болып  саналады.

Мен қазір бір сенсациялық жаңалық айт­сам, оған «Ойхой деген!?» деп миықтан күлмеулеріңізді сұраймын. Ол мынау: «Қазіргі әлемдегі  азаматтық қоғам мен демократия атаулының прототипі  ежелгі Қазақ даласынан тарай­ды»  деген  тұжырым.

Енді  осы  тұжырымды  дәйектейін:

Қазақ даласын жайлаған барлық тайпаның «жинақтаулы бейнесі» қазіргі Қазақ ұлты атанған халықтың түп-тамырын құрайды. Мына замандарда біз ол тайпалардың кейбір атауын өзіміздің рулық жүйемізде сақтап қалдық, кейбіреулерінің атауы тарих қойнауында қалып  қойды…

Ал, сол тайпалар өз заманында Хандық не Қағандық басқару үлгісінде болғаны тарихтан белгілі. Біздің даламыздағы «протобилік үлгісі» бүгінгі түсініктегі Монархияға да, Авторитаризмге де, Имераторлыққа да, және басқа да антидемократиялық сипаттағы билікке жатпайды.

Өйткені, Қағандық жүйе біздегі мыңдаған жылдарға созылған, бүгінде «Көшпенділер» деп аталған, қазір Серік Ерғали сынды ғалымымыз «Қазақтың ат мәдениеті» деп атаған өмір салтымен және шаруашылық үрдісімен сәйкес  келеді.

Мұндағы Қаған еш уақытта автократ болмаған, болайын десе де бола алмаған! Көші-қон жағдайында  өмір сүрудің жалғыз шарты бар, ол – Еркіндік. Яғни, көш жағдайында әрбір адам осы процестің белгілі бір субъектісі болып саналады: мысалы, Жылқышы – жылқыны аман сақтауға кепіл, Қойшы – отар қойды сақтауға кепіл, Ұста – тұрмыс-тіршілік құралына кепіл, Әйел қауымы – тамаққа және ошаққа, үй жасауына кепіл, Жігіт – елін қорғауға кепіл… Ал,  Қаған – Ел  көшін  дұрыс  бастауға  кепіл!

Яғни, көш-қонда өзара еңбек бөлінісі қатаң регламенттеліп отырған, әр саланы тек соны меңгерген адам, яғни, «өз ісінің шебері» атқаратын болған. Ал, оның өз ісіне жауапкершілікті болуының басты шарты – сол салада білікті, сол салада абсолютты еркін ойлы болуы! Онысыз ол өзі де оның бір бөлшегі болып тұрған тұтас қауым өмірінің қауіпсіздігіне кепіл бола алмайды…

Міне, осыдан келіп, бүгінде айтылатын «адам капиталы», «шығармашылық еркіндік», «сөз бостан­дығы», «адам құқы мен мәртебесі» және т.с.с. демократиялық құндылықтар мен азаматтық  қауымдастық  негізі  қалана  бастайды…

Әлемде, үнемі «сырғып отыратын» көшпенділер әр жерде, әр елде өз ізін қалдырып отыр­ған. Олар өзінің өмір сүру қалыбын, қауымдасу ережесі мен тәртібін өзге елдерге көрсетіп отыр­ған. Өйткені, көшпенді ешқашан өздігінен соғыспайды, негізі, ол «өзгені  бейбіт бағындыруды,  дәстүріне  сіңіруді»  қалаған.

Сөйтіп, көп елге өз мемлекеттігінің іргетасын қалауына «көмектескен». Олардың бұл «ізгі ниеті» бүгінгідей «өзге елді оккупациялау» деген ниеттен емес, «халықтарға дұрыс өмір сүруді үйрету керек» деген табиғи қажеттіліктен туындаған. Өйткені, олардың дүние­танымы осы принципке негізделген: «Жер бетінде барлық тіршіліктегі жаратылыстың мәртебесі (стату­сы) Жаратушы алдында тең» деген темірқазық  түсінік!

Міне, адамзаттың дамуы барысында, осы Қағида елден елге ауысып, ақыр соңында өркениет­ке қол жеткізген халықтардың мемлекеттілігінің өмір сүруінің басты принциптеріне  айналып  кетті…

Олар оны жетілдіріп, бүгінде тұтас бір ғылыми  сана  деңгейіне  көтере  алды…

Ал  көшпенділер  ше?

Олар шаруашылық үрдістің өзгеруіне байланысты тұтастығын жойды, қуаты әлсіреді, бодандыққа  түсті,  жойылды…

Міне, енді олар қайтадан өз Тәуелсіздігіне қол жеткізгенде, өздерінің азаматтық болмысы мен дала демократиясының түп-тамырын тарихи жадыдан шығарғаны, оның орнын «бодан­дық  сана» жаулағаны белгілі болды.

Енді, ғасырларға созылған сол «бодандық санадан» арылудың өзі оңай шаруа емес екендігі анықталды. Бірақ, бір кездері болмысымыздың бөлшегі болған «Азаматтық» пен «Демократия» түсінігі біздің қанымызда бар. Ол табиғи болмысымыздың түкпірінде жатыр десек  болады.

Сондықтан, ол біздің халықтың мың жылдар  сақталып  келе жатқан Ұлттық тәрбие жүйе­сінде байқалады. Қазақтың мәнді, мағыналы мақал-мәтелдерінде  тұнып  тұр…

Олар әлі ұмытылмаған Жігіттік қасиет, Ақсақалдық түсінік, Әже-Ана-Ұрпақ (есті бала, есті қыз) сияқты сакральді ұғымдардың түп мазмұнында сақталған. Ендеше, бүгінде бағзы көшпенділер ұрпағы   Қазақ халқының демократияға  ұмтылысы,  азаматтық қоғамға ұмтылу қадамы болашақта  сәтті  жүзеге  асады деп сену­ге  болады…

Бір  Тәңірім  оған  жар  болсын!

Әбдірашит  БӘКІРҰЛЫ,

философ

Коллаж: жасанды интеллект

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: