Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ЖАҢА  КОНСТИТУЦИЯ  және  БІЛІМ: жасанды  интеллекті  дәуірінде  адами  капитал  стратегиясы

27.03.2026, 7:40 62

Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында сөйлеген сөзінде: «Кез келген мемлекет үшін адами капитал басты өлшемге айналды… Сондық­тан бүгінгі отырысты адами капиталдың негізгі бағыттарын дамыту мәселесіне арна­дық. Бұл – білім беру, ғылым және денсаулық сақтау саласы» деп атап өтті. Президенттің осы стратегиялық ұстанымының Конституцияның жаңа жобасында арнайы бап ретінде көрініс табуы Қазақстанның ұзақмерзімді даму бағытын айқындайтын негізгі бағдар екені ақиқат. Себебі, жасанды интеллекті дәуірінде және адамға бағдарланған «Индустрия 5.0» тұжырымдамасында білім, ғылым, дағды, денсау­лық және ұлттық құндылықтар мен адамның рухани-адамгершілік әлеуеті ұлттық бәсекеге қабілеттіліктің  өзегіне  айналады.

Мур заңына сәйкес технологиялық өнім­ділік әр 18 айда екі есе өседі, яғни әлемдегі геосаяси конфигурация мен әлеуметтік-экономикалық трансформация экспоненциалдық даму қисығына сай өзгереді. Атап айтқанда, жасанды интеллекті (ЖИ) жүйелерінің адам өміріне интеграциясы технологиялық, саяси, әлеуметтік және экономикалық трансформациялардың өзгеріс қарқынын күрт үдетіп отыр. Осындай VUCA-ортада, айналаның барлығы тұрақсыз, белгісіз, күрделі, екіұшты жағдайда  бәсекеге қабілеттілікті сақтау үшін дамудың қандай траекториясын таңдау керек? Өркениет­тің тұрақты даму бағытын қалай айқындауға болады? Қазақстанды қандай стратегиялық тәуекелдер күтіп тұр және ел оларға қаншалықты  дайын?

Аумақтық көрсеткіш бойынша Қазақстан әлемде 9-орында (2,7 млн км²), минералдық ресурстар бойынша көптеген позицияда алдың­ғы ондыққа кіреді (уран бойынша әлемде 2-орын – 18,9% әлемдік қорлардың, мырыш бойынша 1-ші – 15,2%, хром бо­йынша 1-ші – 37,6%, т.с.с.), ал халық саны бойынша 63-ші позицияда. Дүниежүзілік банк деректері негі­зінде жасалған бағалау бойынша Қазақстан­ның  табиғи ресурстарының жалпы құны $3,837 трлн (мұнай – $2,275 трлн, металл кендері – $292  млрд, табиғи газ – $170 млрд, көмір – $1,1 трлн), бұл – әлемдік рейтингте 11-орын.  Халық  саны 20 млн екенін ескерсек, жан басы­на шамамен $192 мың табиғи ресурс келеді, бұл – Қазақстан жан басына шаққандағы ресурстар бойынша әлемдік топ 7-ге емін-еркін енеді деген сөз. Ал іс жүзіндегі әлеу­меттік-экономикалық жағдайымыз қандай?

Жан басына шаққандағы ЖІӨ критериі бойынша Қазақстан 2025 жылы $14,770 көрсеткішімен ТМД елдерінің арасында көш бастап тұр (Ресей – $14,260, Қытай – $13,690), бірақ Экономикалық ынтымақстастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) ресми мүшесі емес (ЭЫДҰ мемлекеттерінің орташа медианасы – $35,000-$40,000). ЭЫДҰ дамыған елдерінде адами капиталдың үлесі ұлттық байлықтың 70-80%-ын құрайды, ал Қазақстанда бұл көрсеткіш 40%-дың айналасында. Адами капитал көрсеткіші бойынша Қазақстан ең төменгі  дамушы  елдер  қатарында  тұр.

Қазақстанның ЖІӨ құрылымында табиғи ресурстардан түскен табыс айтарлықтай үлес алады: 25-27%, әлемдік орташа көрсеткіш – 6-7%. Қазақстан экономикасы ЭЫДҰ елдері сияқты жоғары табыс деңгейіне, яғни адами капиталдың интенсивті дамуы арқылы емес, ресурс-экстрактивті экономикалық модель негізінде дамуда. Бұл көп ұзамай экологиялық деградация мен экономикалық тұрақсыздық тәуекелдерін туғызады, қазақша жалпақ тілмен айтқанда, «табиғи ресурстардың қарғысына»  алып  келеді  деген  сөз.

Технологиялық үдеудің экспоненциалдық сипаты туралы зерттеулер жүргізетін ғалымдар адамзатты алдағы он жылдықта түбегейлі трансформация күтіп тұрғанын айтады. Google корпорациясының техникалық директоры, компьютерлік ғылымдар саласының белгілі маманы, футуролог және ЖИ бойынша сарапшы Рэй Курцвейлдің болжамы бойынша жалпы ЖИ адам деңгейіндегі интеллект деңгейіне (AGI) 2029 жылға қарай қол жеткізілетін болады. Одан кейін ЖИ өзін-өзі жетілдіру қабілетінің арқасында тез арада суперинтеллект деңгейіне, яғни адам интеллектінен миллион есе асатын деңгейге жете алады, бұл 2045 жылға қарай технологиялық сингулярлыққа әкеледі.

Сингулярлық күй – бұл түбегейлі белгісіздік нүктесі, онда ЖИ адам бақылауынан шығып, өзін-өзі дамытатын автономды жүйеге айналады. Курц­вейлдің соңғы 30 жылдағы болжам­дарының 86%-ы дәл келген. Қазіргі кезде оның болжамдары ең агрессивті делінсе де, ЖИ зерттеушілерінің пікір-сауал­дары AGI-дің 2040-2050 жылдар аралығында пайда болуын болжайды. Дегенмен, технологиялық кәсіпкерлер одан да батыл: OpenAI бас директоры Сэм Альтман 2027 жылды, Anthropic бас директоры Дарио Амодей 2026 жылды, ал Илон Маск 2026-2029 жылдар  аралығын  атайды.

Алдағы 10-20 жылда адамзат тари­хындағы ең үлкен технологиялық серпіліс болатын кезде экономикалық құрылымы шикізаттық модельге негіз­делген Қазақстанның саяси-экономикалық және әлеуметтік-рухани күйі қандай болмақ? Егер дамыған елдер­дің ұлттық байлығының 70-80%-ы адами капиталға негізделсе, онда AGI дәуірінде адам еңбегі мен білімінің құнсыз­дану қаупі төнген кезде, еліміз­дің бә­секеге қабілеттілігін  қалай  қам­тамасыз  етеміз?

Абайша айтқанда: «Алдың – жалын, артың – мұз, барар едің қай жаққа?» дегеннің кері келіп тұр қазіргі Қазақстанның саяси-экономикалық, рухани-әлеуметтік жағдайында. Мұндай қиын-қыстау күрделі кезеңді қалай еңсеруіміз  қажет?

XXI ғасырда экономиканың негі­зін табиғи ресурстар мен өндірістік капитал емес, білім мен технология­лық құзыреттілік, ұлттық мәдениет пен жалпыадамзаттық этика, адами капитал мен әлеуметтік-экологиялық жауапкершілік  құрайтын болады. Бұл – жай болжам емес, ғылыми факт: Дүние­жүзілік банктің 2025 жылғы есебінде ЭЫДҰ елдерінің ұлттық байлығының 80-85%-ын білім, институттар, мәде­ниет құрайтыны дәлелденген, ал таби­ғи ресурстар – тек 2% деңгейінде. Ғылыми зерттеулер дәлелдегендей, даму­шы және дамыған елдер арасындағы экономикалық даму деңгейінің 50% айырмасын адами капиталдың сапасы, яғни білім беру жүйесінің тиімділігі, денсаулық сақтау деңгейі мен халықтың техно­логиялық  құзыреттілігі  құрайды.

Қазақстан бүгін тарихи таңдау алдында тұр: не шикізатқа негізделген экономика моделін одан әрі дамытып, «табиғи ресурстардың қарғысына» қалу, не адами капиталға негізделген  жаңа  өркениетке  батыл қадам жасау. Қазіргі референдумға шыққан ҚР Конс­титуциясында ғылым, білім, иннов­ацияға стратегиялық бағдар берілгені жаңа өркениетке қадам бас­қанымыздың  көрінісі  деп  сенеміз.

Батыл әрі серпінді қауырт қадам жасауға біздің қандай мүмкіндіктеріміз бар? Адами капиталдың іргетасын және ең негізгі өзегін білім беру жүйесі құрайды. Қазіргі Қазақстанның білім беру жүйесі заман талабымен қалай үйлесімді дамып жатыр? Қарқынды өзгеріс­тер алып келе жатқан сын-қатер­лерге қаншалықты дайын? Білім беру жүйесінде жүргізіліп жатқан реформалар XXI ғасырдың адами капи­талын  қалыптастыруға  қауқарлы  ма?

Адами капиталдың білім компонентін сипаттайтын индикаторлардың бірі – PISA нәтижелері. PISA деректеріне сүйенсек, 2018 жылғы көрсеткіштер төмен деңгейде сақталды. 2022 жылы нәтижелер шамамен тұрақтан­ғанымен, қатысушы елдер арасында қазақстандық оқушылардың бірде-бір көрсеткіші алғашқы жартылыққа ен­бе­ді. Мысалы, 2022 жыл циклінде ең жоғары нәтиже  математикадан 425 балл  болып,  81  елдің  ішінде  47-орынға тұрақтады. Бұл тек «бір пәннің» мәселесі емес, білім экожүйесінің тұтас жұмыс  істеу сапасын сипаттайтын жүйе­лік көрсеткіш деуге болады. Ал енді 2025 жылғы өлшемдердің нәтижесін 2026-2027  жылы  көре  аламыз.

Білім жүйесінің сапалы адами капиталды қалыптастырудағы стратегиялық шектеулерін шартты түрде екі топқа бөлуге болады: сыртқы және ішкі факторлар. Сыртқы факторлардың өзегінде, ең алдымен, мемлекеттің адами капиталды дамытуға қатысты мақсат пен идеологиясының әлсіздігі жатыр. Қоғам «қандай түлек керек?» деген сұраққа ортақ әрі өлшенетін жауап бермейінше, кез келген реформа техникалық өзгерістер деңгейінде қалып қояды. Айқын ұлттық идеология білім жүйесінің тұрақты дамуына табиғи орта құрайды, онсыз білім жүйесі «сусыз балық» күйіне түседі.

Екінші маңызды сыртқы мәселе – білім берудің ғылыми танымға негіздел­ген төл, ұлттық теориялық тұғырының жоқтығы. Батыстан, шығыстан алынған тұжырымдамалар мен теориялар көбіне оқытуға бейімделіп, ұлттық менталитет пен ұстанымдарға сәйкес келмей, тәрбие мәселесі назардан тыс қалып жатады. Ал тәрбие – оқытумен біте қайнасқан, бірінсіз бірі толық іске аспайтын үдеріс. Сондықтан ол жергілікті мәдени-өркениеттік негізде, ұлттық құндылықтар ұстынында тұтас тұжырымдамалық жүйе ретінде құрылуы  тиіс.

Осындай жағдайда қазіргі «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы тәрбиедегі түйткілдерді жүйелік деңгейде жаба алмайды: мәселе – тек қосымша шараларда емес, білім жүйесінің іргетасында. Егер мектеп «қисайған ескі ғимарат» болса, оны құлатып алмаудың амалы деп «ық жағынан спорт және акт зал салу» негізгі проблеманы шешпейді. Керісінше, мұғалімдер мен оқушылардың назары оқу мазмұнынан іс-шараларға ауады. Нәтижесінде, қазір болып жатқан жағдай құзыреттілікке құрылған білім беру мен тәрбие моделі балалардың бойында мемлекеттік ұстаным мен ұлттық мінез қалып­тастырудан гөрі жалаң челлендждер мен видео-есептерге айналуда, еңбек тәрбиесі мен кәсіби бағдар беру әлсіреу­де.

Үшінші сыртқы себеп – басқару­дағы тұрақсыздық және реформалардың үзік-үзік жүруі. Жиі өзгеретін стандарттар мен есеп беру талаптары сапаны арттыруға емес, жаңа тәртіпке бейімделуге мәжбүрлейді. Мұндай турбуленттілікте ұзақмерзімді педагогикалық мәдениет орнықпай, нақты нәтижеден гөрі қағаздағы көрсеткішті «жабу» басым болады, формализм инстит­уционалдық  деңгейде күшейеді.

Ішкі факторлардың бірі – академия­лық білімнің басымдығы салдарынан оқу нәтижесінің негізгі өзегі саналатын функционалдық сауаттылықтың әлсіздігі. Оқушы ақпаратты жатқа айтуы мүмкін, бірақ мәтінді түсіну, дәлел құру, өмірлік жағдайға қолдану, логикалық ойлау арқылы есеп шығару сияқты базалық қабілеттер жеткіліксіз болса, жоғары технология дәуірінде ол бәсекеге емес, тәуелділікке ұрынады. ЖИ құралдары ақпаратқа қолжетімділікті арттырғанымен, түсінбей қабылдау, манипуляцияға еріп кету, сыни ойдың әлсіреуі секілді кемшіліктерді күшейтеді.

Келесі  ішкі  түйін – өлшеу  мен  бағалау құралдарының әлсіздігі және бағалау жүйесі мен әдістеменің сәйкессіздігі. Егер мектеп бағалауы оқытудың шынайы сапасын дәл көрсетпесе, басқарушылық шешімдер де қате болады. Бұл ата-ана сенімін төмендетіп, репетиторлық пен қосымша орталықтардың кеңеюіне жағдай жасайды. Соның салдарынан білім сапасын арттыру үшін мемлекет бір шығын шығарса, ата-ана да қосымша шығынданып, қоғам үшін құн екі еселенеді. Бүгінгі  күні көпшілік  ата-аналардың  репетиторлыққа жүгінуі – білім  жүйесі сапасының төмендігінің айқын белгісі. Валидті өлшем болмаса, сапаны көтеру саясаты да «өлшенбейтін мақсатқа» айналады.

Алтыншы мәселе – теңсіздік пен ресу­рс тапшылығы: қала-ауыл және элиталық-қарапайым мектеп алшақ­тығы. Инфрақұрылымы әлсіз ортада сапа төмендеп, мықты мұғалімдер тұрақтамайды, күшті ортада нәтиже тез өседі. Ресурстар таңдаулы сегменттерге ығысқан сайын жалпы жүйе «орташа деңгейді» көтерудің орнына, айыр­маны ұлғайтады. Мұндай жағдайда Назар­баев Зияткерлік мектептері (НЗМ) мен Назарбаев университеті (НУ) елге маңызды кадр дайындағанымен, жалпы жүйемен байланысы әлсіз болса, «аралдық сапа» феномені сақталып, ұлттық деңгейде теңсіздік тереңдейді.

Осыған байланысты НЗМ мен НУ-дың  құрылғанына  он бес жылдан асқан кезде түлектердің соңғы жылдардағы еңбек нарығына кірігуін мони­торингтеу маңызды: жалпы мектептермен салыстырғанда қаржыландыруы бірнеше есе жоғары жүйенің мемлекет мүддесіне сәйкестігі нақты бағалануы тиіс. Әйтпесе келесі толқын «Келешек» мектептері де сол траекторияны қайталауы  әбден  мүмкін.

Жетінші – кадрлық әлеуеттің жеткіліксіздігі және төмендігі: мұғалім, директор, психолог тапшылығы және сапалық әркелкілік. Жүйенің өнімділігі ең алдымен мұғалім корпусының кәсіби деңгейі мен еңбек жағдайына тәуелді. Көшбасшылық әлсіз, психологиялық қолдау жеткіліксіз, пәндік кадр тапшы ортада ең жақсы бағдарлама да қағаз жүзінде қалады. Мұнда мәселе тек жалақыда емес: даярлау сапасы, әдістемелік сүйемелдеу, кәсіби өсу траекториясы және ішкі басқару мәде­ниеті  бірге  жаңаруы  керек.

Сегізінші – цифрлық трансформация мен ЖИ-дың реттелмеуі. ЖИ мектепке стихиялы еніп жатыр: қолдану шеңбері, академиялық адалдық, дерек қауіпсіздігі, бағалаудың жаңа форматы сияқты ережелер дайын болмаса, дәстүрлі үй жұмысы мен эссе тәрізді тапсырмалар өлшем қызметін жоғалтады. Мәселе тыйымда емес, ЖИ-ды басқарылатын педагогикалық технологияға айналдыруда. Әйтпесе бағалау күйреп, оқу мотивациясы мен әділдік қағидаты  әлсірейді.

Тоғызыншы – мектеп мәдениеті мен жүктеме: қағазбастылық, артық есеп, шамадан тыс жүктеме мұғалім мен оқушыны қажытады. Қажыған жүйе инновацияны қабылдамай, күрделі өзгеріске емес, қысқамерзімді есеп беру­ге бейімделеді. Ал VUCA-ортада дәл бейімделгіштік пен ішкі тұрақтылық – ең  қымбат  ресурс.

Оныншы маңызды мәселе – педаго­гикалық ғылым мен жалпы білім беру жүйесі арасындағы сабақтастық пен байланыстың әлсіздігі. Отандық педагогикалық ғылымға деген нақты мемлекеттік тапсырыс пен жүйелі сұраныстың болмауы бұл мәселені терең­дете түсуде. Себебі білім беру жүйесін басқаруға келген министрлер үшін реформаларды тыңғылықты ғылыми-­теориялық негізде әзірлеуден гөрі, шетел­дік дайын технология­ларды бейім­демей көшіру арқылы қысқамер­зімді нәтижеге қол жеткізу маңыздырақ. Нәтижесінде, отандық педагоги­калық ғылым нақты сұраныс пен практикалық қолданыстан тыс қалып, тоқырау  жағдайына  ұшырауда.

Міне, қазіргі  уақыттағы   білім  жүйе­сінде  болып жатқан осы он маңыз­ды мәселе жеке-жеке емес, өзара күшейе­тін жүйелік цикл құрайды: мақсат айқын­далмаса – өлшеу әлсірейді; өлшеу  әлсіз  болса – басқару  қате  шешім қабылдайды; басқару тұрақсыз болса – формализм күшейеді; теңсіздік артса – нәтиже шашырайды; кадр әлсіресе – реформа имитацияға айналады, ал ЖИ осы әлсіздіктерді бірнеше есе жылдамдататын «күшейткіш» қызметін атқарады. Сондықтан «Қазақстанның болашағы» туралы әңгіменің логикалық жалғасы – білімді жекелеген түзетулермен емес, идеология–мақсат–өлшеу–ресурс–кадр–мәдениет–цифрлық басқарым біртұтас жүйе ретінде қайта құру  қажеттігі  туындап  отыр.

Батпаққа батып бара жатқан білім жүйесін жекелеген реформалармен, әр тарапқа тартылған жүйесіз өзгерістермен құтқару мүмкін емес. Егер ол жүйені бір арнаға тоғыстыратын, жаңа Конституцияда айқындалған ортақ бағдарға сүйенген стратегиялық, институционалдық қуатты күш болмаса, кез келген өзгеріс тек уақытша әсер беріп, түбегейлі нәтижеге жеткізбейді. Бұл – бүгінгі білім саясатының басты сабағы.

Осы тұрғыда жаңа Конституцияда бекітілген ғылым мен білімге қатысты қағидаттарды іске асыру декларативті ұстаным деңгейінде қалмай, нақты стратегиялық шешімдермен бекітілуі тиіс. Ол үшін Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім, Мәдениет және ақпарат министрліктерінің үйлестіруімен, отандық педагогикалық және гуманитарлық ғылым өкілдерін, сондай-ақ жасанды интеллект саласындағы сарапшыларды тарта отырып, XXI ғасыр талаптарына жауап беретін Қазақстанның тұтас білім жүйесінің стратегиялық даму концепциясын әзірлеу қажет. Бұл құжат жекелеген стандарттар мен бағдарламалардың жиынтығы емес, ұлттық өркениеттік таңдауымызды айқын­дайтын ұзақмерзімді жол  картасы  болуы  тиіс.

Аталған стратегиялық концепция­ның өзегі Ұлы дала өркениетінің мың­жылдық рухани-мәдени мұрасына негізделуі қажет. Себебі білім жүйесі тек технологиялық дағды қалыптас­тыратын құрал емес, ол – қоғамның құндылықтық коды мен болашақ адам бейнесін, мемлекеттің адами капи­талын  қалыптастыратын  басты институт. Бұл тұрғыда Әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи, Жүсіп Баласағұн, Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ахмет Байтұрсынұлы сынды ой алыптарының еңбектерінде жинақ­талған рухани-адамгершілік ілімдер жүйесі – әлемдік білім кеңістігінде балама­сы  жоқ  бірегей  құбылыс.

Академик Мекемтас Мырзахметұлы атап өткендей, бұл – мыңжылдықтар бойы қазақ даласының өркениеттік өзегін құраған тұтас рухани ілімдер жүйесі. Оны кеш қолға алғанымызбен, бүгінгі сын-қатерлер жағдайында дәл осы мұра Қазақстанның стратегиялық артықшылығына айнала алады. Өйткені ол адамды тек кәсіби функция иесі ретінде емес, рухани-интеллектуалдық тұтастық  ретінде  қарастырады.

Осы ілімдердің квинтэссенциясы – Абайдың «Толық адам» концеп­циясы. Абай Шығыс даласында рухани револю­ция жасаған әлемдік деңгейдегі ойшыл ретінде Фарабиден бастау алған ақиқат ғылымды заманының талабына сай трансформациялап, қазақ тілінде өлең сөзбен өрнектеп, қалғанын қара сөзбен жүйелеп қалады. Кейін бұл ілім ғылыми айналымға «Толық адам» тұжырымдамасы  ретінде  енгізілді.

2020 жылғы 8 қаңтарда жарияланған Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласында «Толық адам» концепциясының мемлекет басқаруынан бастап білім, бизнес және отбасы институттарына дейінгі барлық салада базалық тұғыр­ға айналуы қажеттігі атап көрсетілді. Алайда рухани әлеуеті мен стратегия­лық салмағы зор бұл тапсырма жүйелі институционалдық жалғасын таппай, толық  іске  аспай  қалды.

Сондықтан бүгінгі күні Абайдың «Толық адам» ілімін фрагменттік мәдени жоба ретінде емес, ұлттық білім жүйесінің дүниетанымдық өзегі, басқаша айтқанда, рухани Конституция деңгейіне көтеру қажеттілігі туындап отыр. Оның негізінде жасалған нақты жол картасы ғана Қазақстанды адами капиталға негізделген жаңа өркениеттік даму траекториясына  шығара  алады.

Қорытындылай келе, қазіргі жаһандық турбуленттілік жағдайында Қазақ­станды құтқаратын жалғыз жол – рухани­-мәдени ренессансқа сүйен­ген, жасанды интеллект дәуірінің талаптарын ескеретін, бірақ адамды тех­но­кратиялық құралға айналдырмайтын тұтас ұлттық білім стратегиясы. Осындай жүйелі қадам ғана елді қырық құрау сын-қатерлерден алып шығып, ұзақмерзімді тұрақты дамудың берік негізін   қалыптастыра   алады.

Оразалы  СӘБДЕН,

ҚР  Мемлекеттік  сыйлығының  иегері, академик

Ерұлан  Әсентайұлы,

Әл-Фараби  атындағы  ҚазҰУ,

PhD  докторант

«Халықтың» коллажы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: