Өтірік айтсам, өліп кетейін, бірінші сәуір – күлкі күні қарсаңында Америкада конгрессмендер бастамасымен Ар-ұят министрлігі құрылды. Кешікпей өзге елдің елең еткізерін қағып алудан алдына жан салмайтын біздің Қазақстанда да Ар-ұят министрлігі құрылып, оған Бетсізбай Ұятыжоқұлы министр болып тағайындалды. Америка президенті Мраптың өзіне полицей айыппұл арқалатып жіберді. Иранға соғыс ашып, оны басшысы қаншама диктатор болса да, Неменейді өлтіргені үшін. Ол тіпті ар-ұят айыппұлы емес, ар-ұят қылмысы деп те аталды. Бұл соғысты дәріптеп, жасанды интеллект арқылы жалған суреттер мен жалған ақпараттар таратқан блогерлерге де ар-ұят айыппұлдары салынып жатты.
Шынында бүгінде жасанды интеллектінің дамығаны соншалық, өз анасын суреттен танымай «бір жерден көрген сияқтымын» деген сұмдық алданысқа жеткендер де бар. Оны айтасыз, «классик ақын-жазушылар» шықты. ЖИ арқылы өлең жазып, ЖИ арқылы роман жазып, «шабыттарына» шөп-шалам салып, кеуделерін керіп, жалған пиарға еріп, ал халық кімнің кім екенін ажырата алмай қалды.
Масқара болғанда санасы саяз саясатшылар шықты. Шетелдің саяси сараптамаларынан сорпа қайнатқандай ЖИ арқылы аударып алып, астына өзінің аты-жөнін қоя салатын плагиаттарға не айтасыз? ЖИ арқылы сазгер атанып жүргендерде есеп жоқ! ЖИ-ді жүндей түтіп жатыр. ЖИ халық игілігіне емес, дарынсыздар мен мисыз ақымақтардың құралына айналды. Тіпті ЖИ арқылы махаббатқа арналған өлең жаздырып алып, сүйіктісіне СМС жібереді. Мика да ЖИ арқылы өлең жазып, Айдаға арнаған болатын:
Сенің жүзің – Prada-ның жаңа маусымдағы беті,
Көздерің – Cartier гауһарының ең мөлдір шеті.
Тіпті ашуланғаның – Balenciaga-ның подиумындай,
Ал мінезің – Hermès сөмкесінің қол жетпес бағасы.
Бұл өлеңнен не түсінесіз? Миканың өзі де түсінбейді. Бір күні Мика массаж орталығына келді. Айда осында жұмыс істейтін. Келді де, кушеткаға жата кетіп:
– Айда, кірпігіме массаж жасашы, — деді.
– Бізде кірпікке массаж жасалмайды.
– Онда кіндігіме.
– Оған да.
– Онда тырнағымның астына…
– Сен мені келемеждеу үшін келдің бе?
– Айда, саған арнап өлең шығардым.
– Өлең мен үшін бургер емес.
– Айда, бүгін кешке қыдырайықшы.
– Сенімен қыдырсам, қытығым келеді.
– Қолың бос па?
– Қолымда сөмкем бар.
– «Жыламашы, қарындас!» деген кино жүріп жатыр екен. Киноға барайық.
– Жылағым келмейді.
– Бірдеңе десеңші.
– Сұрағым келмейді…
– Мені мүлде ұнатпайсың ба?
– Маймылды ұнатамын.
– Сені ойлап азып кеттім.
– Макарон же. Қазір акция.
Айданың жұмыс уақыты бітіп, ақ халатын шешіп, сөмкесін асынып алды да, көшеге шықты. Ал Мика соңынан сүмеңдеп қалмай келеді.
– Айда, тоқташы.
– Табаным тыңдамайды.
– Шаршадым.
– Шаршасаң, шал бол.
– Айда… — деген ол жетіп келіп, қызды сүймек болды. Осы сәтте Ар-ұят бөлімшесінің ар-ұят инспекторы қызметінде жүрген Алан кездесе қалды.
– Азамат, көшеде қыз қарсылығына қарамастан сүйіп алғаның үшін сексен мың теңге айыппұл жазамын, — деді.
– Қой-е, сүйген жоқпын.
– Міне, көзілдірігімдегі радарға түсіп қалдың.
Алан қара көзілдірігін шешіп, шетін бұрап қалып еді, көзілдірік шынысы мониторға айналып, Миканың ернін созып, қызды сүймек болған бейнесі шыға келді. Мика төлей қоятын ақшасы жоқ болған соң, Алан оған айыппұл қағазын жазып берді. Қағазға үңіліп келе жатқан еді, алдынан өзі ұнатпайтын Ару шыға келді. Ол да ЖИ арқылы шығарып алған өлеңін айтып келеді, қолында – Миканың футболкасы.
Сенің мінезің – Red Bull, беретін маған күш,
Сөйлегенің – Starbucks кофесіндей, ерекше түс.
Ол жүгіріп келіп Микаға футболкасын күштеп кигізіп жатқан еді, Алан оған да «қазақ қызына жат қылығы» үшін ар-ұят айыппұлын жазып кетті…
Мұхтар ШЕРІМ,
Шымкент қаласы
Арнайы «Халық» газеті үшін
Фото: anekdot.ru
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!