HALYQLINE.KZ ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті жабайы табиғатқа 4160 жек-дуадақты жіберді. Бұл туралы комитеттің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет Facebook-парақшасында жазды.
Жұмыстар жек-дуадақты қорғау халықаралық қорымен бірлесіп атқарылған. Жек-дуадақтың 3236-сы Біріккен Араб Әмірліктерінің, ал 924-і Қазақстанның тәлімбақтарында (Түркістан облысы) өсірілген.
– Құстар Алматы, Маңғыстау, Түркістан мен Қызылорда облысының аумағына жіберілді. Жалпы 2009-2019 жылдар аралығында Қазақстанның табиғатына 20 мың 489 жек-дуадақ жіберілген. Практикалық бақылауға қарағанда олардың 50 пайызы тіршілікке бейімделіп кете алады, – деп жазады Сәкен Ділдахмет.
Жалпы, жек-дуадақтар 2009 жылдан бері қазақ даласына жіберіліп келеді. Азия популяциясының құстары осындағы жағдайға бейімделіп, күздігүні қысты өткізу үшін ұшып кетеді. Жылы жақтан оралғаннан кейін көктемде қайтып келіп, осында балапандайды. Құстың бұл түрі Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Олардың жойылып кету қаупі бар.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!