Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Он жеті жастағы басқарма

05.03.2026, 6:00 33

Елсіз  жер, ерсіз  ел  болмайды.

Заманында ерен еңбегімен, қарымды іскерлігімен ел есінде қалған біртуар азаматтардың бірі қоғам қайраткері Қуантқан Есмұханов бола­тын. Ол туралы ел ішіндегі естелік әңгімелер менің бала күнімнен жадымда жатталып қалған  еді…

Әкем: «Әй, несін айтасың, бұл Аралда небір аяулы азаматтар болды ғой. Қазір қарап отырсам, солардың көбі жоқ арамызда. Соның бірі арыстан жалды, арлан жүректі Қуант­қан Есмұха­нов деген  ағамыз еді» дейтін өткен-­кет­кенін  ойға  алған  тұстарында.

Иә, осынау Қуантқан Есмұханов атты алдыңғы аға буын санатындағы ардақты азаматтың есімін кейінірек сирек те болса құлағым шалып калатын. Сонан менің бұл кісіге деген қызығушылығым ерте оянды. Тіпті, бала кезімде ауыл іргесіндегі «Тұщы көлдің» «Жалпақ өткел» тұсында пішен орып жатқанда да осы кісінің есімін ол құрметпен айтып отыратын.

…Жағалай масахана. Құдды бұл бір ауыл. Сонан қашан көзіміз ұйқыға кеткенше сыртта ызың-ызың еткен қалың масаның дауысымен қапталдаса шығатын біздің шалдың әңгімесіне құлақ түреміз. Мұндайда жыбырлауық тұстас­тарым да сілтідей тынып қалады. Көздері бақырайып, марлы масахананың төбе­сіндегі жұлдыздары жалт-жұлт жыпырлаған түнгі аспан­ды шолады. Құлақтары – ымыртты үйіріп шыққан әңгімеде. Е, ол кездері біздің ауылда қазіргідей теледидар жоқ, радио да болса бір үйде болушы еді. Сондықтан біздер әкелеріміздің, ағаларымыздың өнегелі, кейде күлкілі жайтқа толы әңгімелеріне әсерлене құлақ салушы  едік.

— Ұмытпасам, — дейді әкем Қуантқан Есмұханов секілді біртуар азамат туралы әңгімесін онан әрі созып. – Елуінші жылдардың алғашқы ширегі болуы керек, колхоз бізді, балықшыларды Балқаш көлінен балық аулауға көшірді. Ай, мезгіл жаздың аяғы, күздің басы болуы керек. Ауылда жүргенде «Ойбай, Балқашта біздің ауылдан Қуантқан Есмұханов деген ағамыз бар. Балық тресінің дырдай директоры. Беделі тіпті  алапат  көрінеді»  дейтін  о  кісі  жайлы.

«Жақсы сөз – жарым ырыс» деген емес пе, Қуантқан ағамыздың өзін көрмесек те, қатар отырып сөзін естімесек те, «ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» дегендей, сырттай марқайып жүрген кезіміз. «Жақсы адамның жаттығы жоқ» деген ғой. «Бір жақсы таққа мінсе, қырық адам атқа мінеді» деп мәтел­дейтін  елдің  ұрпағы  емеспіз  бе…

Әкемнің ұзын-сонар әңгімесіне ауық-ауық өзінен үш-төрт жас үлкендігі бар құдайы көршіміз Бердалы көкеміз оқтын-оқтын киліге береді:

— Иә, менің де есіме енді түсіп отыр, 1950 жылы ғой. Біздің Қаратүп колхозы мен Қарашалаң колхозының балықшылары Балқашқа қатарлас барған сол күзге салым уақыты еді ғой.

— Түу, Бердалы, әңгімені неге бұза бересің? — дейді бізбен көрші масаханадағы Базан жездеміз.

Ол кісінің құрдасы, Ұлы Отан соғысының ардагері Қошмағамбет көкеміз де:

— Апыр-ай, не болған саған? — деп дауыс­тайды  арғы  шеттен.

Суретте: Отырғандардың оң жақ шетіндегі жас ақын Зейнолла Шүкіров пен
Қуантқан Есмұханов. Сурет 1957 жылы Бөген ауылында түсірілген.

Сәл үнсіздік орнады. Масахананың сыр­тындағы бізтұмсық сары масалар осы бір үнсіздікті пайдаланып қалғысы келгендей ызың-ызын етіп зықымызды шығарып жібере жаздайды. Қошмағамбет көкем айтқандай, бая­ғы  фашистердің  «миссершмиттері»  сықылды.

— Жаудай қаптауын әтеңе нәлеттердің, — деп Жарқынбай нағашымыз кіжініп-кіжініп қояды.

— Қошекең көкем осындай қалың жауды қайтіп  жапырып,  елге  есен-сау  келді екен-ау? — деп Жақсыбала ағам да аналардан қалыспайды.

— Жә, сонан, — деп әкем жаңағы үзілген әңгі­менің жібін қайта жалғайды. – Біздің балық аулайтын жеріміз орталықтан шалғай жерде екен. Бірақ балықтан келген соң ара-тұра «Апыр-ай, Қуантқан ағамызға сәлемдесудің қашан реті келер екен?» деп бәріміз қос ішінде армандап қоятынбыз. Соның сәті күндердің бір  күні  оңынан  келе  қалды.

«Аралдан балықшы ағайындар келді» деген хабарды құлағы шалған Балқаш мемлекеттік балық тресінің басқарушысы Қ.Есмұханов қызметтен қолының бір босаған сәтін пайдаланып біз жатқан Лепсіге карай көлігімен бір-жар жолдасын жанына ертіп, сәскеге таман келіп  тұр.

Бұрыннан естуіміз бар, газеттерден көргеніміз бар, салғаннан тани кеттік. Жаңа айттым ғой, «Жақсыда жаттық жоқ» деп. Қуекең құшағын айқара ашып, салғаннан елді, ағайын­дарды сағынғанын білдіріп жатыр. Өте қарапайым кісі екен. Үстінде китель, басында Сталин заманының шапкісі. Жас шамасы сол кездері  қырықтын  о  жақ-бұ  жағында  болар.

Сонан Қуекең балықшының қара қосынан дәм татып, Аралдың жаңалықтарын, ағайын-­туыстардың амандығын сұрап, қайтарында бізді Балқашқа қонаққа шақырды. Біз құп алдық.

Сол күні әкемнің әңгімесінен ұққаным, Аралдан барған жерлестерін Қуантқан Есмұханов хан баласындай күтіп алып, көл-көсір қонақ етіп жайлап, төрінен орын, төбесінен жай беріпті. Өзі басқаратын Балқаш мемлекеттік балық тресінің айналасы атшаптырым зәулім мекенжайының атқарып жатқан алуан қырлы жұмысымен таныстырады. Қонақтарының бәрінен бұрын таңырқағаны, трестің қақпасына келгенде қатты байқалады. Қараса, темір қақпаның жоғары жақ бір шетінде Сталиннің әскери формадағы, екінші жақ шетінде трест басқарушысы Қ.Есмұхановтың портреттері қатар  ілулі  тұр  екен.

Иә, бұл сол заманда жазықсыз талай кеңес адамдарын, зиялы қауымды жаппай атып-­асып, итжеккенге айдатып жатқан зұлмат кезеңі­нің соңғы шағы болатын. Мұртты көсемнің Берия сияқты жандайшаптарының қолымен от көсеп, небір жайсаңның обалына қалған осынау тұсында Кеңес Одағы құдды басқа әлемнен тарс бөлініп жатқан тас қамал іспеттес еді. Кеше ғана ата жауын күйрете жеңіп, атағы төрткүл дүниеге танымал болған Еуразия құрлығындағы осы бір алып мемлекеттің қатал да қатыгез басшысының әбжіл әрекеттері  сол  кездегі  аға  буын өкілдеріне әбден  мәлім  еді.

Ендеше, тирандық тұлғасымен Кеңестер Одағы түгілі, әлемдегі бейбіт сүйгіш елдерді түгелдей тітіренткен Сталинмен өзін теңестірген Қуантқан Есмұханов атты казақ кім? Енді осыған  аз-кем  тоқтала  кетейік.

Қуантқан Есмұханов – Қызылорда облысының Арал ауданындағы Қаратерең ауылдық округінің тумасы. Осы өңірде 1914 жылы шаруа отбасында дүниеге келіп, 1976 жылы 62 жасын­да Аққұлақ елді мекенінде өмірден өткен болатын. Әкесі Көптілеу шаруа баққан кәдімгі ауыл қазағы болатын, 1918 жылы дүние салады. Анасы болса мұны жетелеп жүріп өсіріп, ел қатарына қосты. Сөйтіп ол да соғыс өрті лаулап тұрған 1944 жылы бұл жалғаннан өте  шыққан  еді.

Жастайынан шаруаға мығым, әр істің көзін әу бастан танып өскен Қ.Есмұханов әуе­лі Арал қаласындағы оқу комбинатын, сонан соң Ресейдің Астрахань қаласындағы балық шаруашылығы техникумын, сәл кейінірек Қызыл­орда ауыл шаруашылығы техникумын тамамдайды.

Күллі саналы ғұмырын балық шаруашы­лығының басшылығына бағыштаған Қ.Есмұханов осы жылдары алғашқы еңбек жолын бақташы, балықшы болып бастайды. 1931 жылдары он жеті жасында Алматы облысы Бөрлітөбе ауданындағы «Көпбірлік» балық колхозын басқарады. Мұнан соң Солтүстік Арал теңізі МРС-ның директоры, Арал аудан­дық балық колхоздары одағының, Арал қала­лық кеңесі атқару комитетінің төрағасы, Балқаш балық тресінің басқарушысы, Ақбай өңіріндегі Қазақстанның ХХХ жылдығы атындағы артелінің төрағасы, Бөген МРС дирек­торы  қызметтерін  мінсіз  атқарады.

Қуекең жайлы ел ішінде аңызға бергісіз әңгіме аз емес. Соның бірінде былай делінеді: Сірә, бұл ол кісінің балық колхозының төрағасы кезі болуы керек. Аупарткомның бірінші хатшысы Г.Ишкенов республика балық шаруа­шылығы министрлігінің сұранысы бойынша сонау 30-жылдары Балқашта балық саласында біраз қызмет атқарып тәжірибе жинақтаған Қуекеңнін ізіне «сол жаққа барасың» деп шам алып түскен ғой. Бұл отбасылық жағдайын айта­ды, ол түсінбейді. Сонан күндердің бір күні колхоз жиналысына қатысқан аупартком хатшысы әлгі әңгімесін тағы қайталайды. Жина­лыс аяқталып, кеңседе екеуден-екеу оңаша қалғанда ержүрек Есмұханов хатшыны жұдырықтың астына алып: «Әтеңе нәлет татар ит, соншама ізіме түсіп, менен басқа адам таба алмай қалдың ба?» деген екен. Анау да нағыз еркек болса керек, үнсіз-түнсіз шығып жүре беріпті. Асылы, «қатардағы басқармадан таяқ жеп қалдым» деп кімге, не деп айтсын. Сөйтіп Куекең ит арқасы кияндағы Балқашқа барудан бір  жолға  құтылып  кетіпті.

Осындай абзал азаматтың артында қалған ұрпақтары еліміздің түкпір-түкпірінде адал да абыройлы қызмет атқарып жүр. Ал Қ.Есмұхановқа атақты Шашубай Қошқарбайұлының қанжар тарту етуі, композитор Мұқан Төлебаевтың ол кісінің қарамағында бір кездері экономист болып қызмет атқаруы, республика дайындау министрі болған Тайыровпен карым-­қатынасы – өз алдына бөлек әңгіме. Өткені аңыз, бүгіні үлгі-өнеге болған осындай тау тұлғаның есімін Арал қаласындағы бір көше­ге еншілесе, нұр  үстіне  нұр  болар  еді.

Заманында Сталин сияқты алып мемлекеттің бірінші басшысының портретінің жанына өз портретін қатар қойып, казақ ұлтының да осал еместігін танытуға талпынған ержүрек Есмұханов  есімі  ел  есінде мәңгілік сақталады.

Толыбай  АБЫЛАЕВ,

Арал  қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: