Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты адам жыныстық тиіспеушілігі мен жыныстық еркіндігіне қарсы қылмыстарға қатысты істерді қарау тәжірибесін нақтылайтын жаңа нормативтік қаулы қабылдады. Бұл туралы соттың баспасөз қызметі хабарлады.
Пленарлық отырысқа Жоғарғы Сот төрағасы Асламбек Мерғалиев жетекшілік етті. Жиынға Жоғарғы Сот судьялары мен алқа төрағалары, ғылыми-консультативтік кеңес мүшелері, ғалымдар, сондай-ақ сот әкімшілігі, Бас прокуратура, Ішкі істер және Әділет министрліктерінің, адвокатура өкілдері қатысты. Отырыста аталған санаттағы қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша сот практикасының өзекті мәселелері талқыланып, тиісті нормативтік қаулы жобасы бірауыздан қолдау тапты.
Құжатты таныстырған Жоғарғы Сот судьясы Есенбай Боранбаев бұл қылмыстардың қоғам үшін аса қауіпті екенін, оның салдары ауыр болатынын атап өтті. Оның айтуынша, жаңа қаулы сот тәжірибесінде бірізділікті қалыптастырып, құқық бұзушылықтарды саралау кезінде туындайтын әртүрлі түсіндірулердің алдын алуға бағытталған.
Қаулыда зорлау, сексуалдық сипаттағы күш қолдану әрекеттері және өзге де сексуалдық әрекеттер ұғымдарының мазмұны нақты айқындалған. Сонымен қатар жыныстық сипаттағы әрекеттерге мәжбүрлеу, азғындық әрекеттер және сексуалдық тиіспеушілікке қатысты ұғымдар тарқатылып, «бірнеше рет жасалу» белгісі бойынша саралау тетіктері түсіндірілген.
Жоғарғы Сот судьясы Жанна Волкова кәмелетке толмаған куәгерлер мен жәбірленушілердің айғақтарын депонирлеу тәртібіне ерекше мән берілгенін айтты. Бұл – олардың құқықтарын қорғау мен процестік кепілдіктерін қамтамасыз етуде аса маңызды қадам.
Ал судья Нұржан Жолдасбеков соңғы жылдары Қылмыстық кодекске енгізілген өзгерістерге байланысты сот тәжірибесінде туындаған сұрақтарға жан-жақты түсіндірме берілгенін жеткізді.
Осылайша, жаңа нормативтік қаулы соттардың мұндай санаттағы істерді қарау барысында құқықтық ұстанымдарды біріздендіруге және жәбірленушілердің құқықтарын барынша қорғауға бағытталып отыр.
Фото: pixabay.com
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!