Премьер-министр Олжас Бектенов «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ Директорлар кеңесінің отырысын өткізіп, қордың 2025 жылғы қызмет қорытындылары мен инвестициялық жобалардың іске асу барысын қарады. Бұл туралы UKIMET telegram-арнасы хабарлады.
Отырыста қордың басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов негізгі өндірістік және қаржылық көрсеткіштер жөнінде баяндады. Оның айтуынша, 2025 жылы газ тасымалдау көлемі 9 пайызға артқан. Жүк айналымы 5 пайызға өссе, мұнай мен газ конденсатын өндіру көлемі 3 пайызға ұлғайған.
Қордың қаржылық нәтижелері де оң динамиканы көрсетіп отыр. 2025 жылғы табыс көлемі 19,1 трлн теңгеге жетті. EBITDA көрсеткіші 5,4 трлн теңгені, таза пайда 2,1 трлн теңгені құрады. Ал активтер көлемі 88 млрд АҚШ долларына жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда 9 пайызға артты.
Қазіргі таңда «Самұрық-Қазына» қорының инвестициялық портфеліне жалпы құны 52 трлн теңге болатын 120 жоба енгізілген. 2025 жылы отандық тауар өндірушілермен шамамен 9 мың келісімшарт жасалып, олардың жалпы сомасы 2,2 трлн теңгеге жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 98 пайызға көп. Сонымен қатар 260 млрд теңгеге 363 офтейк-келісімшарт бекітілген.
Өткен жылы жалпы құны 1,1 трлн теңге болатын 10 ірі жоба аяқталды. Олардың қатарында CASPI BITUM зауытын кеңейту арқылы қуатын жылына 750 мың тоннаға дейін арттыру, Маңғыстау облысындағы Кендірліде тәулігіне 50 мың текше метр су өндіретін тұщыту зауытын іске қосу, сондай-ақ «Достық – Мойынты» теміржол учаскесінде екінші жол салу жобасы бар.
2026 жылы ел үшін стратегиялық маңызы бар бірқатар жобаны аяқтау жоспарланып отыр. Бұл жобалар энергетика, көлік, цифрландыру және өнеркәсіптік инфрақұрылымды дамытуға, сондай-ақ Қазақстанның транзиттік әлеуетін нығайтуға бағытталған.
Келесі жылы қор тарапынан салынатын инвестиция көлемі 5,3 трлн теңгені құрайды. Салыстырмалы түрде алғанда, 2025 жылы бұл көрсеткіш 2,7 трлн теңге, ал 2024 жылы шамамен 2 трлн теңге болған. Қаражаттың бір бөлігі Алматыдағы ТЭЦ-2 және ТЭЦ-3 нысандарын, Түркістандағы парогаз қондырғысын (ПГУ), сондай-ақ Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісін іске қосуға бағытталады.
Отырыс қорытындысында Премьер-министр Олжас Бектенов ірі инфрақұрылымдық жобалардың іске асуын жеке бақылауда ұстауды тапсырды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!