Байқоңыр қаласы мен ғарыш айлағын біріктіретін кешен бүгінде тек стратегиялық маңызы бар нысан ғана емес, сонымен қатар туризмді дамытуға әлеуеті зор аймақ ретінде қарастырылып отыр. Ғарышты игеру тарихының бастауында тұрған бұл аумақтың мүмкіндіктерін экономика игілігіне айналдыру – алдағы жылдардағы басым бағыттардың бірі.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясында Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, ҚР Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай кешеннің даму жоспарлары жөнінде мәлімет беріп, туризм саласына ерекше мән беріліп отырғанын айтты.

Спикердің сөзінше, «Байқоңыр» кешенінде туризмді дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасы бекітілген. Аталған құжат тарихи-танымдық бағыт пен өндірістік әлеуетті ұштастыра отырып, жаңа туристік маршруттарды жүйелі қалыптастыруды көздейді. Қазіргі уақытта ғарыш айлағы аумағындағы бірқатар тарихи нысандар жалға беруден шығарылып, келушілерге қолжетімді бола бастаған.
«Байқоңыр – ғарыш тарихының алтын бесігі. Біз оның әлеуетін тиімді пайдаланып, туризм арқылы экономикалық серпін беруді мақсат етіп отырмыз. Бүгінде адамзаттың тұңғыш ғарыш сапарына жол ашқан «Гагарин старты», «Гагарин беседкасы», динамикалық сынақ стенді, сондай-ақ «Буран» монтаждау-жанармай құю кешені сияқты нысандар туристік маршруттарға енгізілді. Бұл орындар – ғарышты игеру дәуірінің тірі куәгерлері», – деді Қайрат Нұртай.
Сонымен қатар, ғарыш айлағы тарихында алғаш рет Аэроғарыш комитетімен бірлесіп заманауи киіз үй үлгісіндегі қазақстандық бақылау пункті ашылған. Ұлттық нақыш пен жаңа технологияны ұштастырған бұл жоба кешеннің туристік тартымдылығын арттыра түсуде.
Жалпы, Байқоңырды халықаралық деңгейдегі туристік орталыққа айналдыру бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр. Нәтижесінде кешен стратегиялық маңызымен қатар, өңір экономикасына серпін беретін маңызды даму нүктесіне айналмақ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!