Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылорда облысы тасқын судан келер қауіпке қаншалықты дайын?

12.02.2026, 9:45 33

Қызылорда облысы аумағынан өтетін Сырдария өзенінің оң және сол жақ бетінде ұзындығы 625,12 шақырым қорғаныс бөгеті бар. Өңір көктемгі тасқын суға қаншалықты қауқарлы?

Бұл туралы halyqline.kz тілшісі kazinform сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Қазіргі кезде облысқа 101 текше метр су келіп жатыр. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті судан төнетін қауіптің бетін қайтаруға дайын.

— Тасқын су келерде визуалды зерттеуді қажет ететін 37 гидротехникалық құрылыс орналасқан. 31 ықтимал су басу аймағы бар. Олар 83,5 мыңнан астам адамды, 16,5 мыңнан астам тұрғын үй мен 36 елді мекенді қамтиды. Су тасқынына қарсы материалдық-техникалық қор — 117,9 тонна жанар-жағармай, 139 902 қап, 17 710 бау қамыс, 5 865 пашын, 239 тонна қойтас және 2381 қарабура инертті материал жинақталды. 31 елді мекенде жағдай күрделенген кезде су тасқынының қаупін жоюға 135 мекеме, 410 техника және 1234 адам бекітілген. Біздің тарапымыздан 123 адам, 23 техника, 6 жүзу құралы, 33 мотопомпа және 2 тікұшақ дайын, — деді департаменттің басқарма бастығы А.Оразбеков.

Су тасқыны кезеңінде халық 61 жинау-эвакуациялау, 71 қабылдау-эвакуациялау пунктіне көшіріледі. Мұз жару жұмысымен жылда мамандандырылған ұйым айналысады.

— 2025-2026 жылдарға арналған жазғы-күзгі мезгілдерде су тасқынының алдын алу бағытында атқарылатын іс-шаралардың инженерлік жоспары бекітілді. Былтыр жоспарға енген 9 нысанда жұмыс атқарылды. Жергілікті атқарушы орган мен су шаруашылығы мекемесінің мамандарынан құрылған жұмысшы топ гидротехникалық құрылғыларды зерттеді. Мекеме басшыларына тиісті тапсырмалар берілді. Төтенше жағдайдың алдын алу бағытында жергілікті атқарушы органдармен бірлескен іс-шаралар жалғасып жатыр, — деді департамент өкілі.

Фото: Қызылорда облыстық төтенше жағдайлар департаменті

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: