Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мәжбүрлі түрде неке құруға талпынсаңыз, қылмыскер атанасыз

03.02.2026, 16:05 51

Қазақстанда некеге мәжбүрлеу дербес қылмыс ретінде танылды. Бұл туралы Қызылорда облысы прокурорының орынбасары Нұрболат Дүйсенбаев түсіндіріп өтті. Оның айтуынша, аталған норма «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру және құқықбұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік қағидатын орнықтыру мақсатында Қылмыстық кодекске енгізілген.

Прокурор орынбасарының сөзінше, Мемлекет басшысы 2025 жылғы 16 шілдеде қол қойған заң аясында Қылмыстық кодекс 125-1-баппен толықтырылып, некеге тұруға мәжбүрлеу үшін қылмыстық жауаптылық нақты көзделген.

«Неке – бұл екі адамның ерікті түрде қабылдаған шешімі. Ол тек өзара келісім негізінде ғана жасалуы тиіс. “Неке және отбасы туралы” кодекстің өзінде мәжбүрлеу арқылы қиылған неке жарамсыз деп танылатыны нақты жазылған. Сондықтан қысым көрсету, қорқыту, психологиялық немесе физикалық зорлық қолдану арқылы адамды некеге итермелеу – бұл жеке бостандыққа, негізгі құқықтарға тікелей қол сұғу болып есептеледі», – деді Н. Серікұлы.

Ол мәжбүрлі некенің салдары тек құқықтық емес, әлеуметтік тұрғыдан да аса қауіпті екенін атап өтті. Халықаралық тәжірибеде мұндай әрекеттер ауыр қылмыс ретінде қаралатынын, кейбір елдерде тіпті адам саудасының бір түрі деп танылатынын айтты.

«Көптеген мемлекеттерде мәжбүрлі неке еркіндікті шектеумен, оқшаулаумен, зорлық-зомбылықпен қатар жүреді. Кей жағдайларда бұл құрбандардың психологиялық күйзеліске ұшырап, өз-өзіне қол жұмсауына дейін апарып жатады. Сондықтан әлемдік тәжірибе мұндай әрекеттерге қатаң тосқауыл қою қажет екенін көрсетіп отыр», – деді ол.

Жаңа заңнамаға сәйкес, қорқыту, бопсалау, күш қолдану немесе өзге де қысым көрсету арқылы некеге мәжбүрлегені үшін екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Ал егер бұл әрекеттер ауыр зардаптарға әкелсе, жаза 10 жылға дейін күшейтіледі. Сонымен қатар Қылмыстық кодекстің 125-бабына енгізілген өзгерістерге де тоқталды. Енді жәбірленушіні ерікті түрде босату істі тоқтатуға негіз болмайды. Ал мәжбүрлі некеге тұрғызу мақсатында әйелді ұрлау деректері 125 және 125-1-баптардың жиынтығы бойынша сараланатын болады.

«Бұл өзгерістердің басты мақсаты – жазаның бұлтартпауын қамтамасыз ету. Яғни, “босатып жібердім” деген уәжбен қылмыстық жауапкершіліктен жалтаруға жол берілмейді. Қоғамда жеке бостандыққа қол сұғушылыққа мүлдем төзбеушілік қалыптасуы тиіс», – деп түйіндеді прокурордың орынбасары.

Оның айтуынша, аталған нормалар азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтіп қана қоймай, қоғамдағы көзқарасты өзгертуге бағытталған. Бұл ретте Қызылорда облысының прокуратурасы заң талаптарының қатаң сақталуын және әрбір азаматтың құқығының қорғалуын қамтамасыз ету жұмыстарын алдағы уақытта да жалғастыра береді.

Фото: aikyn.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: