Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазалыда ауыз су мәселесі толық шешілді

02.02.2026, 14:10 62

Қазалы ауданының әкімі Алмасбек Есмаханов өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифинг барысында аудан тұрғындарын таза ауыз сумен қамту бағытында атқарылған жұмыстардың нәтижесін баяндады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылдың соңына дейін ел халқын 100 пайыз таза ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасы Қазалы ауданында мерзімінен бұрын орындалғанын атап өтті.

Аудан әкімінің айтуынша, өткен жылы Сарбұлақ, Шилі, Шәкен және Шитүбек елді мекендерін орталықтандырылған ауыз сумен қамту мақсатында ауқымды құрылыс жұмыстары жүргізілген. Бұл жобалар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес мемлекетке қайтарылған активтер есебінен, сондай-ақ республикалық, облыстық бюджет пен арнайы есепшот қаражаты арқылы қаржыландырылған. Нәтижесінде аталған елді мекендерге таза ауыз су жеткізіліп, аудан тұрғындары толықтай сапалы ауыз сумен қамтылды.

– Ауыз су – халықтың денсаулығы мен тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін маңызды мәселе. Осы бағыттағы жұмыстарды толық аяқтап, бүгінде Қазалы ауданында бұл түйткіл түбегейлі шешімін тапты. Сонымен бірге электр энергиясымен қамту мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Қожабақы ауылының электр желілері қайта жаңғыртылды. Ал Қазалы қаласы мен Әйтеке би кенті арасындағы тұрғын үйлер мен нысандардың электр қуатына сұранысын арттыру үшін қосалқы станса салуға республикалық бюджеттен қаржы бөлінді, – деді Алмасбек Әбілқасымұлы.

Брифинг барысында тұрғын үймен қамту бағытында атқарылған жұмыстар да сөз болды. Өткен жылы Әйтеке би кентінде әлеуметтік осал топтағы азаматтарға арналған 2 пәтерлі 40 тұрғын үй салынған. Соның нәтижесінде 80 отбасы жаңа баспанаға қол жеткізген.

Сонымен қатар ауданда газдандыру жұмыстары да кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Қазіргі таңда елді мекендер бөлінісінде газбен қамту деңгейі 21,4 пайызды құрайды. Ал жеке тұрғын үйлердің 75,8 пайызы көгілдір отынға қосылған. Өткен жылы Ақтан батыр ауылы толықтай табиғи газға қосылып, аудан бойынша газбен қамту көрсеткіші 75 пайызға жеткен.

– Биыл Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл және Түктібаев елді мекендерінде орамішілік газ желілерінің құрылысы басталады. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен қаржы бөлінді. Ал 2026 жылдың соңына дейін аудан бойынша газбен қамту деңгейін 78,5 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Газға қосылған елді мекендердегі әлеуметтік нысандардың бу қазандықтарын табиғи газға бейімдеу жұмыстары да жүйелі түрде жүргізілуде, – деді аудан әкімі.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: