Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Арал ауданы туризмді дамытуға халықаралық қолдау күтуде

30.01.2026, 16:45 44

Арал ауданында экология мен туризм бағытындағы жобалар халықаралық ұйымдар мен шетелдік серіктестердің қызығушылығын тудырып отыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифинг барысында аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев мәлімдеді.

Аудан әкімінің айтуынша, Арал өңірінің экологиялық ахуалын жақсарту және туризм әлеуетін арттыру мәселелері бүгінде ел Үкіметінің де, аймақ басшылығының да тұрақты назарында.

– Арал теңізі мәселесіне шетелдік ұйымдар мен халықаралық қорлардың қызығушылығы жылдан-жылға артып келеді. Осы бағытта ауданға бірнеше мәрте үкіметтік делегациялар келді. Сонымен қатар халықаралық банктер мен экологиялық қорлардың, елшілердің өкілдері өңірге арнайы сапар жасап, экологиялық апат аймағын қалпына келтіруге бағытталған жобаларға қаржылай қолдау көрсетуге дайын екендерін білдірді, – деді Аманжол Оңғарбаев.

Әкім атап өткендей, Арал ауданы соңғы жылдары Сыр өңіріндегі туристік аймақ ретінде де танылып келеді. Бұл бағыттағы маңызды бастамалардың бірі – Орта Азияда алғаш болып ашылған «Geopark Aral» туристік орталығы.

– «Geopark Aral» – бұл жай ғана инфрақұрылымдық жоба емес. Ол Арал өңірінің табиғи, тарихи, геологиялық және экологиялық мұрасын сақтау мен әлемге танытуға бағытталған кешенді бастама. Қазіргі таңда бұл жоба ЮНЕСКО-ның жаһандық геопарктер желісіне енуге ниетті Қазақстандағы бірден-бір жоба болып отыр, – деді аудан әкімі.

Оның айтуынша, егер «Geopark Aral» ЮНЕСКО-ның жаһандық геопарктер қатарына қосылса, аудан үшін жаңа мүмкіндіктер ашылады.

– Бұл мәртебеге қол жеткізсек, кемінде бес туристік нысанды халықаралық деңгейде дамытуға мүмкіндік туады. Сонымен қатар халықаралық қорлар мен донорлық ұйымдардан қомақты қаржы тарту жолы ашылады. Бұл экотуризмді дамытуға, жергілікті халықты жұмыспен қамтуға және тұрақты табыс көзін қалыптастыруға ықпал етеді, – деді Аманжол Оңғарбаев.

Бүгінде аудан аумағында ішкі және сыртқы туризм бағытында келушілерге 40-қа жуық қоғамдық тамақтану нысаны қызмет көрсетеді. Туристік маршрут ретінде Қамбаш жағажайы, Көкарал бөгеті, Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы, Ақеспедегі «Ыстық су» бұрқағы, Кердері аймағы, Бегім ана кесенесі және Аралтұз зауыты секілді 10 негізгі туристік нысан айқындалған.

– Жыл басынан бері ауданға келген ішкі туристер саны 14 мыңнан асты. Ал шетелден келген туристер саны 900-ге жуықтап отыр. Бұл көрсеткіштер біз үшін бастапқы нәтиже ғана. Алдағы уақытта туризм саласын жүйелі түрде дамытып, Аралды туристер тоқтайтын қолайлы әрі тартымды өңірге айналдыруды көздеп отырмыз, – деді аудан әкімі.

Аманжол Сақыпұлының айтуынша, экология мен туризмді ұштастыра отырып дамыту – Арал өңірі үшін стратегиялық бағыт. Бұл қадам аймақтың халықаралық деңгейде танылуына, сонымен қатар жергілікті халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: