Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазалы: Бәсеке бәсі – білікті білім

25.04.2024, 10:20 398

Қойнауы қазына мен құтқа толы Қазалы өңірі – ақпарат айдынында атауы жиі айтылатын аудан. Мұндағы әрбір жұмыс, жобаны басылым бетіне басу тілшілік қызметімізге күш беріп келеді. Өйткені жыл сайын ауданға табан тіреп, әр жылғы жаңалығы мен ақпаратын өз алдына бөлек жариялап келеміз. Газетіміздің алдыңғы екі санында Арал ауданы білім саласының жай-күйі жазылды. Үш апта бұрын болған сапардың нүктесін Қазалы ауданына жасаған баспасөз турымен қорытындылауды жөн көрдік. Облыстық білім басқармасы мен өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен өткен сапардан көрген-түйгеніміз аз болмады. Таңырқап, жариялауға асыққан жаңалықтарымызды түртіп алдық.

 Алдыңғы жылғы сапарда жазған жазбамызға «Қазыналы Қазалы, ортаймаған қазаны» деп тақырып қойсақ, бұл жолғы баспасөз туры білім саласына деген ойымызға оң өзгеріс әкелуімен ерекшеленді. Атқарылған жұмысты көріп, «тіфә-тіфә» деп қойғанымыз бар. Енді іске көшейік.

СОҢҒЫ  5  ЖЫЛДА  52  МОДИФИКАЦИЯЛЫҚ  ПӘН  КАБИНЕТІ  АШЫЛДЫ

Қазалы аудандық білім бөліміне қарасты мемлекеттік 19 мектепке де­йінгі білім беру ұйымы, 39 жалпы білім беру ұйымы (35 орта, 3 негізгі және 1 кешкі мектеп), 2 қосымша білім беру ұйымы (өнер мектебі мен оқушылар үйі) және 1 демалыс лагері жұмыс істейді. 2023-2024 оқу жылының ІV оқу тоқсанындағы мәлімет бойынша, аудан  мектептерінде 16823 оқушы білім алады.  Олардың 1591-і – 1-сынып, 1511-і – 9-сынып, 892-і – 11-сынып  оқушылары.

Педагогтердің сапалы құрамына тоқталсақ, аудан бойынша олардың жалпы саны – 3106. Оның ішінде мектептер (кешкі мектептерді қоса алғанда) бойынша педагогтің саны – 2533, балабақша педагогінің саны – 476. Ал қосымша білім беру ұйымдарында  97  педагог  қызмет  атқарады. 

Аудандық білім бөлімі басшысының мәліметінше, өткен жылы мектеп бітіргендердің 80 пайызы ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары ұпай жинап, мемлекеттік грант иеленген екен.

– Білім беру ұйымдары 100% интернетпен қамтылған. Бүгінде интернет желісімен «Bilim Media Group» электронды порталы арқылы 29 мектеп,  «Daryn Online» электронды порталы арқылы 8 мектеп білім беру ресурстарын қолданып отыр. 37 мектепте 2824 компьютер, 1610 ноутбук пен нетбук және 1029 планшет бар. Оның 4367-сі білім алушылар үшін оқу процесінде қолданылады. Білім беру ұйымдарында 74 пән кабинеті бар. Ал, соңғы 5 жылда (2019-2023 жылдар аралығында) 30 мектепте 52 жаңа модификациялық пән  кабинеттері  ашылды, – деді білім бөлімінің басшысы  Әділхан  Жөлекешов.

ҚОЙ  ЖҮНІНЕН  ЕРЕКШЕ ТЫҢАЙТҚЫШ  ШЫҒАРУҒА БОЛАДЫ

Сәкен Сейфуллин атындағы №165 орта мектеп – «Жасыл мектеп» бағдарламасын қолға алып, оқушылар өз идеялары негізінде экология­лық таза өнімдерді өндіруде. Бұл бастама жылыжай шаруашылығын дамытуда жоғары нәтижеге жеткізіп келеді. Оқушылар жылыжайда қияр, қызанақ, т.б. түрлі көкөніс өсіріп, оларды баптаудың тың тәсілін меңгерген. Сонымен қатар, білім орда­сында аудандағы мектеп оқушыларының ой-өрісі нәтижесінде көрініс тапқан инновациялық жобалары көрсетіліп, біршамасына қызығушы­лық білдірдік. Соның ішінде ерекше көзге түскен жобалардың бірі – Ақарыс Қалымбеттің қой жүнінен тыңайтқыш  өндіру  ісі.

Төрт түліктің әр өнімін пайдалануға болатынын білген Ақарыс қой жүнінен тыңайтқыш жасауға болатынын дәлелдеді. Ерекше жобаны іске  асыру  арқылы  қой  жүніне деген  сұранысты арттыруға болатынын байқатқан кейіпкеріміз көпшіліктің таңданысын  тудырды.

– Өсімдік шаруашылығында қой жүнінің толық пайдаланылмауын ескере отырып, жетекшім екеуміз оның мүмкіндіктерін зерттедік. Біздің зерттеулерімізде қой жүнінің құрамында өсімдіктерге қажетті барлық қажетті дәрумендер бар екені анықталды, бұл – оның бағалы тыңайтқышқа айналуы. Бұл табиғи тыңайтқыш бақша өнімінің сапасын айтарлықтай арттырады, – деп  түсіндірді  №95  мектеп  оқушысы  Ақарыс  Қалымбет.

ҚАЛДЫҚТАРДЫ  ҚАЙТА  ӨҢДЕП, ЭЛЕКТР  ҚУАТЫН  ҮНЕМДЕЙДІ

Ал №165 орта мектептің 10-сынып оқушысы Бекзат Жаңабайұлы жасыл желекке оранған мектептің болашағын құруға арналған жоба ойлап тапты. Ол экологиялық қалдықтарды өңдейтін цех құрып, зауытта түрлі тәжірибе жүргізуді мақсат  етіп  отыр.

– Менің  жобамның  негізгі мақсаты – оқушылардың бойында эколо­гиялық сананы қалыптастыру және біздің мектеп аумағында таза, жасыл ортаны сақтау. Сонымен қатар, менің екінші жобам ұялы телефон арқылы күн мен жел энергиясын қашықтан басқару арқылы электр энергиясын үнемдеуге бағытталған. Жаһандық жағдайды ескере отырып, энергетикалық дағдарыс жағдайында баламалы энергия көздерін тиімді пайдалану өте маңызды, сондықтан мен бұл жоба арқылы энергияны пайдаланудың дәстүрлі емес әдістерін зерттеуге  ниеттімін, – деді.

«МАҚСАТЫМ – АУДАН  МЕКТЕПТЕРІНДЕ ӨЗІМ  ЖАСАҒАН  БОРДЫ ПАЙДАЛАНУҒА  ҰСЫНУ»

Ал Томирис Кәдірмахан – мектепте тақтаға жазатын бор шығаруды бастаған. Қазалы ауданына қарасты Сарыбұлақ ауылы маңайындағы Бордақ деген жерден табиғи борларды жинап, оны өңдеу арқылы түрлі-түсті етіп жасауды қолға алған оқушы алдағы уақытта түгел аудан мектептерінде өз өнімін ұсынуды мақсат  еткен.

– Ауыл маңындағы Бордақ деген жерден табиғи борды әкеліп, алды­мен күйдіреміз. Сосын оны майдалап, үгітіп, тұнба жасаймыз. Тұнбада жиналған сүйық массаны арнайы боя­ғыштармен көркемдеп, бірнеше күн кептіріп, ары қарай пайдалана бере­міз. Бұл жобамды ары қарай дамытып, кәсіптік негізде жалғастырғым келеді. Әрине, ол Бордақтағы бор қорына тікелей байланысты. Осы жобам арқылы түрлі байқауда жүлделі орындарды иелендім, – дейді  №78  орта  мектебінің  оқушысы  Томирис  Кәдірмахан.

«ЖАСЫЛ  ҚАЗАҚСТАН» ҰЛТТЫҚ  ЖОБАСЫН   ҚОЛҒА  АЛҒАН  БАЛАБАҚША

Ауданда өзге балабақшада бала­масы жоқ кабинеттермен жабдықталған балабақшаны байқадық. №11 «Балапан» бөбекжай-балабақшасы «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы аясында жұмыс жүргізіп, бөбектердің дамуына, олардағы дағдыларды жетілдіруге ерекше көңіл бөлген. Мұнда бөбектер «Өңдеу. Жасау. Қолдану» үйірмесінде түрлі қалдықтан бұйымдар жасап, 3D форматта бейнелерді жандандыру жайын меңгерген. Бұдан бөлек, мультистанокпен жұмыс, ұлттық құндылықты негізге ала отырып тәрбие беру, балалардың тәрбиешілермен бірге жасалған құмыраларды көруге болады. Балабақшадағы әр бұрыш – өзінше эстетика, дағдыларды жетілдіруге бағыттайды.

– «Балапан» бөбекжай-балабақшасы 2012 жылдың желтоқсан айын­да 280 орын болып ашылды. Қазірде 12 топта бүлдіршіндер білім алып, тәрбиешілермен бірге түрлі дүниемен айналысады. Мұнда ертегі, робототехника, су астындағы аймақ, т.б. кабинеттер бүлдіршіндерге арнайы қызмет етіп жатыр. Былтырғы жылдан бастап, «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасын қолға алдық. Балаларды табиғатты қорғауға, ресурс­тарды ұтымды пайдалануға тәрбие­леу қазіргі мақсатымызға айналды. Мұнда әкелер, аналар, әжелер клубы жұмыс істейді. Түрлі іс-шарада бала­лар туыстарымен бірге қызықты уақыт өткізетін болады, – деді балабақша меңгерушісі Сәуле Мұқашева.

 «ЖАЙЛЫ  МЕКТЕП» ОҚУШЫЛАРДЫҢ  КЕЛЕШЕГІН КЕМЕЛДЕНДІРЕДІ

Қазалы ауданында «Жайлы мектеп»  ұлттық  жобасы аясында екі жаңа білім беру нысанының ірге­тасын  қалау  жұмыстары  басталды. Соның бірі – ауданға қарасты Жанқожа батыр ауылында орналас­қан 300 оқушыға арналған заманауи мектеп. Бұл мектептің құрылысы 2023 жылдың қыркүйегінде басталды, оны биыл пайдалануға беру жоспарланып отыр. «Асар» ЖШС – мектептің оқушыларға қолайлы оқу ортасы мен барынша қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін барлық қажетті құрал-жабдықтармен  жабдық­талуын қамтамасыз ететін жобаны қадағалайтын  мердігер  компания.

– Қазіргі уақытта мектеп құры­лысы тұрақты түрде жүргізілуде. Екі қабаттан тұратын нысанда спорт залы, асхана, кітапхана және мамандандырылған оқу кабинеттері бар. Сонымен қатар, мектеп аумағында ашық ойын алаңдары, жарықтан­дыру құрылғылары салынады, – деп атап өтті  «Асар»  ЖШС  өкілі  Амантай  Рамазан.

Бұдан өзге «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Қазалы ауда­нында орналасқан Әйтеке би кентінде 600 орындық тағы бір оқу орнының құрылысын бастау жос­парлануда.

ҰЛТТЫҚ  ҚҰНДЫЛЫҚ  КӨРІНІС  ТАПҚАН  МЕКТЕП

Ұлттық құндылықтарымызды бала бойына сіңіруде білім ошақ­тары шешуші рөл атқарса, Қазалы қаласындағы Ғ.Мұратбаев атындағы №17 орта мектеп «Құндылыққа негіз­делген тәрбие беру үдерісін модульдеу» жобасы арқылы бұл іске белсене атсалысуда. Бұл жобаның негізгі мақсаты – оқушыларды пат­риоттық сезімге тәрбиелеу. Осы бастаманың нәтижесінде тұлғалық қабілеттері жан-жақты дамыған дарынды оқушылар санының айтарлықтай  артуы  байқалады.

Құрылғанына бір ғасырға жуық уақыт өтсе де бұл білім ордасы маңызын жойған жоқ. Ғ.Мұратбаев мектебі өзінің бай мұрасын сақтай отырып, өз ғимаратында шағын мұражайын жүргізіп, оқушыларға сапа­лы білім беруге үлкен мән береді. Мектептің негізгі бастамаларымен танысқан БАҚ өкілдері мектеп ауласында Ғанибай керуе­нінің тарихи қайталануына куә болды. Мектепте арнайы саз балшықтан құмыра жасау жұмысы да бір ізге түскен. Арнайы аппараттың көмегімен түрлі қыш құмыра жасап жүрген оқушылар мұражай қорын қыш ыдыстармен толтырып, оны пайдаланып жатқанымен бөлісті. Оқушылар дәл сол жерде арнайы техниканың көмегімен құмыра жасап, жұмыс барысын көрсетті. Оқушылардың жасаған бірегей жобаларына тәнті болып, білім саласындағы жетістіктерді  аралауға  кірістік.

– Біздің мектеп 1958 жылдың басына дейін көрнекті қайраткер В.И.Моло­тов атымен аталса, ал 1959 жылдан бастап мектеп шығыс жастарының жалынды жетекшісі, жерлесіміз Ғани Мұратбаевтың есімі­мен аталды. Қазіргі таңда 485 оқушы білім алады. Сондай-ақ, 74 мұғалім қызмет жасайды. Балалардың жан-жақты дамуы үшін мектепішілік шығармашылық топ «Шеберлер», «Шыңдалу», «Жетілу» жобаларын тұрақты жүргізіп келеді. Бұдан бөлек, заманауи технологияларды игеру мақсатында мектепте арнайы кабинеттер жасақталған. Оқушыларымыз республикалық және облыстық, аудан­дық білім додаларында жеңімпаз атанып  жүр, – деді мектеп дирек­торы  Эльмира  Сматуллаева.

Ауданда көзге көрінген ілкімді іс мұнымен біткен жоқ. Бой емес, ой жарыстыратын заманның білімпаз өкілдері ғылымға көңіл бөлетіндігі­мен, ізденімпаздығымен, инновациялық технологияларды жасап шығаруымен таңғалдырды. Ауданда айналаға үлгі болардық дүниелер азаймаса, біз жаңалықтың жаршысы болудан танбаймыз. Болашақта елдің жүгін көтеретін, халқының қамын жеуге асығатын ұл-қыздың өсіп келе жатқанын көріп қуандық. Қырандардың қанаты талмай биік самғауы үшін кең дала қажет. Ал біздегі  білімділердің ізденісін арттыруына  сапалы  жағдай жасалса, соның  өзі  жеткілікті.

Ердәулет  ҚАЛИЕВ,

Суреттерді  түсірген  автор.

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: