Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ОҚУЛЫҚ пен ОЛҚЫЛЫҚ

28.12.2023, 10:40 932

Осыдан екі жыл бұрын Асхат Аймағ­амбетов ҚР Оқу-ағарту ми­нистрі болып тұрған кезде 1-сынып­қа «Әліппе» оқулығын қайта енгіз­ді. Ондағы мақсат оқушылардың  білім алу кезінде кейбір қиындықты жеңілдету һәм оқушыларды оңай тәсіл арқылы білімге қызық­тыру болды. Оған дейін «Әліппенің» орнын­да болған «Көркем жазу» оқулығы оқушылардың бағдарламадан қалып қойып, кейбір қиын сабақ­тарды түсінбеуіне алып келді. Пәнді жаман болды дей алмаймыз, тек мектепке енді қадам басқан оқушыларға қиын соққан тұсы аз болмады. Жалпы, бұл ғана емес, мектеп оқулықтары оқушыларды қайда апара жатыр? Мектепте кімдерді тәрбиелеп жатырмыз? Осы сауалға жауап іздеп  көрелік.

«Әліппе» қайта оралғанымен, одан өзге оқулықтардан шыққан шикілік сол күйінде өзгеріссіз тұр. Жақында әлеуметтік желіге 3-сынып оқушыларына арналған «Әдебиеттік оқу» пәнінің ішінде Ертай Ашықбаевтың «Ғаламтор туралы» өлеңі «хит»  болды.

Онда: «Ғаламторға кіремін,

О, аралап жүремін!

Мейлі белім ауырсын,

Солсын мейлі реңім» деп бас­талған өлең жолдары «Сабақты да қоямын, Тамақты да қоямын» деген тармақпен сабақталады. Бұл өлеңді, шын мәнінде, интернеттің зиянын көрсету үшін жазса да, мектеп бағдарламасында бұл өлеңді қолдану, оқушыларға осы өлеңді жаттату интернеттің зиянын қалыпты қабылдауға тәрбиелейтіндей. Оқулықтан шыққан олқылық деген – осы. Жалпы, білім саласында түсінбейтін дүние бұл ғана емес. Кітаптағы дүниеге көңілі толмаған ата-аналар әлеуметтік желіде бұл тақырыпты ашық талқылап жүр. Тіпті, оқушының ұстаздарға қарсы шығып, жұдырық ала жүгірген сәті де болды. Мектептегі тәрбие мен білім жеткіншектерді қайда апара жатқанын Құдай білсін. Бірақ, көрер көзге ауыр болатын ақпараттар мен жағымсыз  жаңалықтар  қаптап кетті.

Өткен жылы көктемде болған жаға ұстатар жағдай барлық мектеп мұғалімін шошытты. Оқушының апайына жекіп сөйлеп, ашуын ашық көрсеткен кадрды өзге білім алушылар камераға басып алған еді. Ол барлық әлеужеліге тарап, білім басқармалары мен Оқу-ағарту министрлігіне дейін жетті. Сондағысы оқушыға қатаң сөгіс беріліп, ұстазынан кешірім сұратылды. Біз бұл оқиғаны жасыруға емес, не үшін болғанын анықтауға жұмыс істеуіміз керек. Осы тұста ұстаз Айбар Абайұлы өзінің фейсбук парақшасына мектептегі 10 олқылықты тізіп берген еді. Соның ішінде: «Сегізінші олқылық – тәрбие мен ұлттық құндылықтарымыздың жүйесіз берілуі. Арнайы оқулығы жоқ, бағдарламасы жоқ, бағыт-бағдары жоқ. Сынып жетек­шісі интернеттен алған, өз қия­лынан құраған сабақ жоспарынан сынып сағатын өткізеді. Соның кесірінен мектепте хэллоуин мерекесін, Әулие Валентин мерекесін тойлау, т.б. қазаққа жат мерекелер қылаң беріп жатады» деп атап өтті. Расында, жүйелі білім оқушылардың сабақты бас алмай оқуына мықты құрал болар еді. Бірақ, біздегі білім  ордаларында  ол  да  кемшін…

Жүйесіздікке де себеп болуы керек қой. Қазақстанда мектептегі білім беру бағдарламасының қиындығы осы жүйесіз білімнің негізі іспетті. ҚР Білім саласының құрметті қызметкері, ұстаз Өмір Шыныбекұлынан «Қазақстан мектептеріндегі білім беру күрделі ме? Егер білім беру бағдарламасы күрделі болса, қай тұстарын атап өтер едіңіз?» деп сұрағанымызда: «Қазақстан мектептеріндегі ең басты проблема – менеджмент, яғни білімді басқаруды жолға қоя алмай отырмыз. Аймағамбетов министр кезінде өзіне айт­қанмын. Бейсембаевқа да айттым. Министрліктен шығып жатқан құжаттар  шикі.

Соңғы жылдары қоғамда резо­нанс тудырған министрліктен шық­қан «Білім ошақтары басшыларын ротациялау», «Лессон-стади», дене шынықтыру пәнін бөліп оқыту, педа­гогтарды аттестациялау туралы құжаттарды қараңыз. Айтқым келгені, алдымен Оқу-ағарту министрлігін біліксіз мамандардан тазарту керек. Сосын барып қана бағдар­лама, оқулық туралы айтуға болады» деп пікір  білдірді.

Ал Айбар Абайұлы өткен жылы мектеп бағдарламасындағы кейбір пәндерге өзгеріс енгізілу керек деген еді.

– 1-11 аралығындағы барлық сынып­қа  қазір  қысқартылып  жатқан «Өзін-өзі тану» деген пәннің орнына «Әдеп» деген пәнді  енгізу  қажет. Оны әрбір сыныптың өз сынып же­текшісі жүргізуі керек. Пәннің мақсаты – оқушыға ұлттық құндылықтарды дәріптеу, мұғалімді құрметтеуге, ата-анасын сыйлауға, жан-жағына мейіріммен қарауға, табиғатты, жан-жануарларды қорғауға үйрету және телефонды қолдану мәдениетін, әлеуметтік желіні қолдану әдебін қалып­тастыру, т.б. Пәннің арнайы оқу бағдарламасын жасап, оқулық кітабын шығару керек, – деп ұсыныс білдірді.

Министрліктегілер ұстаздың өтінішін құп көрді ме, мектептегі білім беру бағдарламасынан «Өзін-өзі тану» пәнін алып тастады. Бірақ, жоғарыда айтылғандай, ұлттық тәрбие­ге, адаммен байланысқа, жанаш­ырлыққа тәрбиелейтін пән әлі жоқ. Мұны пән ретінде қарас­тыру қажет емес дейтіндер де табылады. Бірақ мектеп біліммен бірге тәрбиені де қатар бере білуі керек. Әйтпесе, адамзаттың қас жауы атанып шығатын түлектер көбейе ме дейміз.

ТҮЙІН. Әңгіме пәндерді жөнсіз ауыстыруда емес, білім беру бағдарламасына салғырт қарау мен мектеп оқулықтарындағы түсініксіз дүниелерде болып тұр. Бірақ, мектептегі педофилизм тоқтамайынша, ішімдік ішіп оқушыларға күш көрсететіндер есін жимайынша, ұлы орданы – «құл ордаға» айналдыратындардың көзі жойылмайынша, жоғарыда айтылған дүниелер саңырауға сөйлеу, соқырға жол сілтеу болып көрінеді.

Е.ҚАЛИЕВ,

Коллажды  жасаған  автор.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: