Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мамандығына махаббатпен, шәкірттеріне сүйіспеншілікпен жол тапқан

07.05.2024, 10:40 75

Ол – шәкірт жүрегіне жол таба білген жан. 30 жыл ғұмырын ұрпақ тәрбиелеу ісіне арнап, шаттығы мен қуанышын мектеппен байланыстырған мұғалім. Ол бала жүрегінен туған мамандығын меңгергені үшін шын бақытты. Біз «Жыл мұғалімі» атанып, елеулі еңбегінің арқасында абыройы артқан еңбек адамы, Арал ауданы, Сексеуіл кентіндегі №177 орта мектептің орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Венера Аймолдаеваның еңбек жолын бүгінгі мақалаға арқау  етпекпіз.

Венера Жарқынбайқызы темір­жолшылар отбасында дүниеге келген. Әкесі Жарқынбай Аймолдаев пен анасы Рыскүл Аймолдаева –6 баланы өмірге әкелген жандар. Көбалалы отбасында туып-өскен қыз жастайынан ата мен әженің тәрбие­сін көріп, өнегесін бойға сіңіреді. Мектеп табалдырығынан мұғалім болуды армандап аттаған бойжеткен Гоголь атындағы педагогикалық институтты орыс тілі мен әдебиеті мұғалімі мамандығы бойынша тамамдайды. Еңбек жолын 1993 жылы өзі білім алған мектепте бастаған еді.

– Жас маман болып алдымызға үлкен мақсат қойып, болашаққа қадам бастық. Жұмысқа кіріскен күннен бастап, мектептің тыныс-тіршілігіне белсене араласып кеттім. Көпшілік біле бермейтін ақындық қабілетім де бар еді. Көкейімдегі кейбір нәрсені өлең шумақтарымен өруді бала кезден әдетке айналдырғам. Бұл қасиет әкем Жарқынбайдың «әу» деп айтатын әні мен кітапқұмарлыққа баулуынан бойға дарыса керек. Әкемнің бойындағы көп жақсы қасиет оған деген сүйіспеншілігім мен жақын тұтқандығымнан маған сіңген тәрізді. Әкем мақала жазып, үнемі қойын дәптерін тастамай жүретін. Менде де сол әдет бар. Күнделігіме ерекше сезімнен туындаған өлеңдерімді жазып қоямын. Жалпы, мұғалім бір мамандықтың аясында шектеліп қалмай, үнемі өзін-өзі дамы­тып, бойындағы өзге икемді қырын  іздеуі  керек  деген пікірдемін, – дейді Венера Жарқынбайқызы.

Ізденімпаз мұғалім педагогтар арасында ұйымдастырылатын са­йыстарда жеңіс тұғырынан көрініп, білімге құштар шәкірттерін де жетіс­тікке жетелеп жүр. «Үздік бірлестік жетекшісі – 2022», «Үздік авторлық жоба» сынды республикалық, облыс­тық  сайыстарда  топ  жарған.

– Секция жетекшісімін, жас мамандарды тәрбиелеп жүрген тәлім­герлігім тағы бар. Оқушыларым – аудандық, облыстық сайыстардың жеңімпаздары. 2002-2007 жылдары сынып жетекшілік жасадым. Менің өмірімде қалған бір оқиға «Қиын оқушымен» жұмыс істеуім болды. Ол қалыпты балалар тәрізді емес. Ерекше қамқорлық пен назар ау­даруыңды талап етеді. Ондай оқушыны қатарластарынан бөле-жармай, ілестіріп жіберу жүгі маған артылғанда тосыр­қағаным рас. Бірақ мен сол баламен жақын болу арқылы «Қайрат» қайы­рымдылық тобын құрып, жал­ғызілікті қарттарға, мүмкіндігі шектеу­лі баласы бар отбасыларға қолдау ұйымдастырып отырдым, – дейді кейіпкеріміз.

Мұғалім бойында қорқыныш емес, батылдық, жасқану емес, тәуе­келшілдік болу керек деген тәжірибелі мұғалім кейінгі жас мамандарға да үлгі болып келеді. Мұғалім жалындап тұратын мамандық иесі дегенді ұстаным еткен ұстаз жастардың қиындықтан шыңдалып, керемет мұғалім болып шығатындығын да баса  айтты.  Және  бір  сөзінде:

– Әр шәкіртті туған балаңдай жақын тұтып, оған бар махаббатыңды берсең, ол бала ұстазын жана­шыр анасын­дай сезінеді. Және анасын ренжіткісі келмегені тәрізді мұғалі­мінің де көңілін қалдырмауға тырысады. Жас мамандардың бойы­нан мен оқушыға деген ыстық ықыласты көргім келе­ді. Біз 45 минуттық білімді берумен шектелген күні, өзіміздің мәртебелі мамандығымыз­ға кір келті­реміз. Асқақ абыройымызды төмендетеміз. Сондықтан бола­шақтың иелерін білім мен тәрбие жағынан жетілдіру мұғалімге жүктелгендіктен, жауапкершілікті еш­қашан жадымыздан шығармауымыз керек, – деді.

Венера  Аймолдаева – білікті  ұстаз, ұжымда  абыройлы болуымен қатар, отбасылық бақытқа бөленіп, 30 жыл оттасқан жолдасы Дастанмен 6 баланы өмірге әкелген аяулы ана. Еңбекке жараған балаларының үлкені – дәрігер, кейінгілері – мектепте үлгілі оқушы. Міне, ұстаздық ұлы жолды таңдаған және сол жолда дара болмысын қалыптастыруға тырыс­қан кейіпкеріміз адал еңбегінің арқасында әріптестеріне құрметті болып  отыр.

Назерке  МАРАТҚЫЗЫ,

Арал  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: