Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ең тиімді инвестиция – білімге салынған инвестиция

27.07.2023, 10:20 219

Маусым-тамыз айлары – ата-аналар мен барлық мектеп бітіруші түлектер үшін ерекше толқыныс кезі. Өйткені осы уақытта жоғары оқу орындарына құжат тапсырып, көңілдері елең-алаң күйде жүреді. Қызылорда облысында 2022-2023 оқу жылының қорытындысы бойынша 11-сыныпты бітіруші 8051 түлектің 7219-ы ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқан. Түлектердің орташа балы 87-ні құрады. Ал 1213 түлек 100 және одан жоғары балл жинаған. Шекті деңгейден өтпегендер саны (49 балдан төмен) – 223. Айта кетейік, облыс бойынша ең жоғары 137 балды Арал ауданындағы №220 орта мектептің түлегі Нұрсұлтан Рысқалиев алды. Сол секілді Қызылорда қаласының сынақ тапсырушылары – 134, Қазалы, Қармақшы, Сырдария аудандары және  №9 Білім-инновация лицейінің түлектері 133 балл жинап, жоғары нәтижеге жетті. Оқу жылын 514 түлек «Алтын белгіге» және 823 түлек «Үздік аттестатқа» аяқтады. Дәл қазір  мемлекеттік  грант  конкурсына 7000-ға жуық  түлек  қатысуда.

Жаңа оқу жылы да жақындап қалды. Биыл бірінші сыныпқа 17543 бала келеді деп күтілуде. Оның ішінде 16141-і – қазақ сыныбына, 1402-сі орыс сыныбына оқуға өтініш білдірген. Ең тиімді инвестиция – білімге салынған инвестиция. Қызылорда облысы мектеп құрылысын салудан кенде қалып жатқан жоқ. Мемлекет басшысы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 800 мың орынға лайықталған  білім ошақтарын салуға тапсырма бергені белгілі. Ұлттық жоба аясында облыста 2023-2025 жылдары 15100 орынға арналған 21 мектептің құрылысын салу жоспарлануда. Атап айтқан­да, Қызылорда қаласында – 8, Арал ауданында – 4, Қазалы ауданында – 2, Қармақшы ауданында – 2,  Жалағаш ауданында – 1, Сырдария ауданында – 1, Шиелі ауданында – 1, Жаңақорған ауданында 2  мектеп салынады. Оның ішінде 10 мектеп келесі жылы, 11 мектеп 2025 жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде. Облыстық білім басқармасының басшысы жоба аясында биыл өңірде 10 мектептің құрылысы басталатынын айтып, олардың өзге мектептерден айырмашылығын сөз етіп еді.

– Мамыр-маусым айында 10 мектептің құрылысын бастаймыз. Бүгінде барлығының жері рәсімделді. Сметалық құжаттары дайындалды. Жалпы ерекшелігіне келсек, бастауыш және жоғары сынып оқушылары мектеп ғимаратының жекелеген блоктарында оқитын болады. Сәйкесінше, олардың өз оқу кабинеттері, әжетханалары, спортзалдары болады. Сондай-ақ бейнебақылау, дыбыстық дабыл сияқ­ты  қауіпсіздік нысандары орнатылады, заманауи физи­ка, химия, биология, робототехника сияқты кабинет­термен қамтамасыз етіледі. Арнайы білімді қажет ететін балалар үшін қажетті жағдай жасала­ды, – деді  облыстық  білім  басқармасының басшысы  М.Шермағанбет.

Бүгінде аймақта 6 апатты (Арал ауданы №248 мектеп, Қазалы ауданы №94 мектеп, Қармақшы ауданы №105, 108 мектептер, Шиелі ауданы №45, 133 мектептер), 6 үш ауысымдық оқытуға көшуі мүмкін мектеп  (Қызылорда Абай мектебі,  №3, 101, 261, 264, 280) бар. Қазір Арал ауданы Тоқабай елді мекеніндегі апатты №248 мектепті жеке инвестор салуда. Мектеп осы жылы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.  Сонымен қатар 4 апатты мектептің құрылысы (Қазалы ауданы №94 мектеп, Қармақшы ауданы №105, 108 мектептер, Шиелі ауданы №45)  «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасына енгізілді. Жоспарға сәйкес мектептер 2024-2025 жылдары іске қосылмақ. Шиелі ауданы Жансейіт елді мекеніндегі  100 орындық №133 мектептің құрылысына жоба-сметалық құжаттама әзірленді. Бұл құрылысты білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен қаржыландыру ұсынылды. Сондай-ақ  Қызылорда қаласындағы 6 үш ауысымды мектеп бойынша   былтыр Абай мектебіне  550 орындық,  №101 мектеп-лицей­ге  375 орындық қосымша ғимарат құры­лысы басталды. Аталған нысандар жаңа оқу жылында пайдалануға беріледі. Биыл пайдалануға берілетін Жезқазған трассасы бойындағы 600 орындық мектеп есебінен үш ауысымды №261, 280 мектеп мәселелері шешімін таба­ды. Сондай-ақ, №264 мектеп-лицейге 550 орындық, №3 мектеп-лицейге 375 орындық қосымша оқу  ғимаратының  құрылысы  биыл  басталды.

Аймақ басшысы Елордадағы есеп беру жиынында облыстағы атқарылып жатқан игі істердің қатарында білім беру саласындағы бастамаларды да баса айтты.

– Өткен жылдың желтоқсан айында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың Қызылорда облысына жұмыс сапары кезінде аймақтың өзекті мәселелері көтерілген еді. Сол жолы Қызылорда қала­сында дарынды балаларға арналған физика-математи­ка мектеп-интернатын салу «Білімді қолдау қоры» қаражаты есебінен қаржыландырылатын болды, бүгінде құрылыс басталды. Жобаның жалпы құны – 7,9 млрд теңге, – деді облыс әкімі Н.Нәлібаев.

Болашақ – балалардыкі. Оларға істелген әрбір игіліктің  арты – береке және ардың ісі. Сондықтан үміт еткен көздің қарашығындай бала­лардың білімді  болып өсуіне қандай жағдай жасалса да  артық  емес.

Ә.АЛДАБЕРГЕНТЕГІ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: