Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Баланы қоршаған ортаға бейімдеу – басты қағида

26.10.2021, 15:54 236

Білім беруді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында мектепке дейінгі ұйымдар қызметінің маңызды бағыттары белгіленген. Солардың бірі – білім беру сапасына қол жеткізу үшін жағдай жасау. Бұл көбінесе дәстүрлі және инновациялық технологиялардың қаншалықты тиімді жүзеге асырылуына, ал мектеп жасына дейінгі балалар бағдарламалық материалды игеруіне байланысты. Өңірдің мектепке дейінгі ұйымдары мен мектепалды даярлық сыныптарындағы тәрбие-білім беру процесі ҚР Мемлекеттік жалпы білім беру стандартының негізгі міндеттерін іске асыруға бағытталған және үлгілік оқу жоспары мен мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасы негізінде жүзеге асырылады. Тиімді жоспарлау үшін мектепке дейінгі ұйымдар жылдық жұмыс жоспарын жасайды. Онда жылдық міндеттер мен балабақша жұмысының негізгі бағыттары – ұйымдастырылған оқу қызметінің ұзақтығы, апталық оқу жүктемесінің көлемі және вариативтік компонент айқындалған оқу жоспары.

2021-2022 оқу жылында барлық педагогикалық қауымдастықты жұмысқа бағыттайтын негізгі құжат – оқу процесін ұйымдастыру бойынша балабақшалар жұмысының негізгі бағыттары көрсетілген нұсқаулық әдістемелік хат. ҚР Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, республика бойынша барлығы 10 857 балабақша бар. Мектепке дейінгі ұйыммен қамтылған барлық бала саны – 900 670, оның ішінде балалардың 45,4%-ы жекеменшік балабақшаға, қалғаны мемлекеттік балабақшада тәрбие мен білім алуда. Осы ретте «Ер Төстік» балабақшасының еліміздегі білім саласының дамуына қосып жүрген үлесі зор. Мұнда мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мазмұны балалардың жас ерекшеліктері мен жеке ерекшеліктерін ескере отырып, жан-жақты дамуына бағытталып, «Денсаулық», «Қатынас», «Таным», «Шығармашылық», «Әлеумет», тағы да басқа білім беру салаларына негізделеді. «Денсаулық» білім беру саласының мазмұны баланың денсаулығын сақтауға бағытталған. «Қатынас» білім беру саласы балалар әрекетінің әртүрлі нысандары мен түрлерінде ауызша және байланыстырып сөйлеуді, шығармашылық сөйлеу әрекетін дамытуды, тілдің дыбыстық мәдениетін тәрбиелеуді, мемлекеттік, орыс, ағылшын және басқа тілдерді дамытуды қамтиды. «Таным» білім беру саласы қарапайым математикалық ұғымдарды қалыптастыруды игертсе, «Шығармашылық» білім беру саласы сурет салу, мүсіндеу, жапсыру және қоршаған ортаға эстетикалық қатынасты қалыптастыруды, балалардың өзіндік шығармашылық қызметін іске асыруын қамтиды.

Елбасы Н.Назарбаевтың 2018 жылғы 10 қаңтардағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» және 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру: табыс пен өмір сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы тапсырмаларын орындауда негізгі міндеттер – мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың сапасын арттыру және мектепке дейінгі ұйымдардағы тәрбиелеу білім беру процесінде ерте жастағы балалардың әлеуметтік дағдыларын қалыптастыру. Осы ретте педагог пен ата-аналардың бірлескен іс-әрекетінде баланың табысты, сенімді және позитивті болашағы үшін қажетті әлеуметтік дағдылар мен өз бетінше оқу дағдыларын дамытуға бағытталған, балалардың өзара іс-қимылын, бейімделуін, баланың жеке тұлға ретінде қалыптасуын, қоршаған ортаға (отбасына, әлеуметке, табиғатқа) ізгілікті қарым-қатынасын, қауіпсіз мінез-құлық негіздері бойынша әлеуметтік дағдыларды қалыптастыруды қамтамасыз етеді. Сондықтан мектепке дейінгі ұйымда педагогтың, отбасында және мектепке дейінгі ұйымда ата-ананың жетекші рөліне назар аударылады.

Айсұлу КЕРУЕНБАЕВА,

«Ер Төстік» бөбекжай-бақшасының тәрбиешісі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: