Нұрбол БЕКТҰРҒАН,
Қорқыт ата атындағы
Қызылорда университетінің магистранты:
31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Бұл тарих жылнамасында ең қасіретті күн ретінде таңбаланып жазылды. Қазақстанда 100 мыңнан астам адам қуғынға ұшырап, 25 мың адам ату жазасына кесілді. Жазықсыз жазаланғандардың қатарында Алаш арыстары Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, Т.Рысқұлов, С.Сейфуллин сынды қайраткерлер мен ұлт зиялылары бар. Саяси құрбандар лагерьлерге жіберіліп, жұбайлары «АЛЖИР» лагерінде азапталды. Арада қанша уақыт өтсе де, осы бір зобалаң заманның дағы ұрпақ санасынан өшпек емес. Өйткені, ел тарихы үшін жазықсыз жапа шеккендердің жарқын бейнесі ел есінен ескірмек емес.
Еліміз тәуелсіздік алған жылдары, яғни 1993 жылы «Жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау» туралы заң қабылданған болатын. Соның нәтижесінде жазықсыз жала жабылғандар ақталды. Ақтау шаралары әлі де жалғасып келеді, жалғаса бермек.
Осы орайда, тақырып төңірегінде Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің магистрі Нұрбол Бектұрғанмен сұхбатымызды оқырман назарына ұсынамыз.
– Нұрбол Ертуғанұлы, ел тарихындағы ең елеулі күннің тарихы жайлы айтып өтсеңіз. Бұл жылнама бетіндегі қаралы күн өзің секілді жастарға қалай әсер етеді?
– Қазақ халқының тарихындағы ең қаралы кезеңдердің бірі – 1930-1950 жылдар аралығындағы саяси қуғын-сүргін жылдары. Бұл – жазықсыз жандардың «халық жауы» деген жаламен тұтқындалып, ату жазасына кесілген немесе Сібір мен Қазақстанның еңбекпен түзеу лагерьлеріне айдалып, адам төзгісіз жағдайда азап шеккен уақыты. 1937-1938 жылдары ғана елімізде 100 мыңнан астам адам қуғындалып, соның 25 мыңнан астамы ату жазасына кесілді. Бұл бүтін бір ұлттың ойы, рухы, тілі мен діліне шабылған ауыр соққы болды. Қазақ зиялылары Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин секілді тұлғалар репрессия құрбанына айналды.
Біз, қазіргі жастар, бұл күннің тарихи мәнін терең түсініп, ұмытпауымыз керек. Бұл оқиғалар – біздің өткенімізге ғана емес, болашағымызға да сабақ. Еркін пікір айту, әділетті қоғам құру, заң үстемдігін орнату – сол бір зұлмат заманның құрбандары армандаған мақсат еді. Сондықтан олардың өмірі мен күресі бізге жауапкершілік жүктейді. Олар армандаған еркін, әділетті қоғамды біз құруымыз керек.
– Тарих таңбасына айналған ең қаралы кезең кенестік тоталитарлық режимнің билігінің тұсына дөп келеді екен. Осы бағытта пікірің қандай?
– Кеңестік тоталитарлық жүйе – тарихта адам құқығы мен бостандығы жаппай аяққа тапталған, қатыгез идеология үстемдік құрған билік түрі ретінде есте қалды. Бұл режим өз билігін сақтау үшін халықты үрейде ұстап, «басқаша ойлаудың» өзін қылмысқа айналдырды. 1920-1950 жылдардағы саяси қуғын-сүргін – соның айқын көрінісі. «Халық жауы» деген жала биліктің шексіздігін бекіту үшін ойлап табылған құрал болды. Аталмыш бап бойынша тұтқындалған адамдардың ісін қарай отырып, олардың ешқандай қылмыс жасамағандығы, сондай-ақ ол адамдардың жазған күнделіктері мен естеліктерінде өздерінің не үшін түрмеде отырғандығы, отбасымен көріскісі келетіндігі және де Кеңес үкіметіне әрдайым адал болғандары жөнінде баяндауларынан олардың жазықсыз қамалғандығын біле аламыз.
Бұл кезең – әділетсіздік пен адамзатқа қарсы жасалған қылмыстың үлгісі. Әсіресе, Қазақстан үшін оның зардабы аса ауыр болды. Себебі, біз қуғын-сүргінге ұшыраған көптеген халық үшін «айдау» орнына айналдық, өзіміздің де мыңдаған азаматымыз сол саясаттың құрбаны болды.
Менің ойымша, бұл зұлмат кезеңнен бүгінгі ұрпақ үлкен сабақ алуы тиіс. Еркіндік, әділет, адам құқығы сияқты құндылықтардың қадірін білуіміз керек. Себебі, олар оңай келген жоқ – бір дәуірдің құрбандары сол үшін жанын қиды. Ендігі міндет – сол өткенді ұмытпау, ұрпақ жадына сіңіру.
– Нағыз аштық зобалаңы қай жылы бастау алды?
Жалпы аштық туралы Сағат Жүсіп, Табыл Құлияс сынды зерттеушілердің есебінше, ХХ ғасырдағы үш ашаршылық кезінде қазақ халқы 10-13 миллионнан 3,2 млн ғана тірі қалғандығы айтылады. Кеңес Одағының деректеріне сүйенсек, 1930-1933 жыл аралығында 3,5 млн-ға жуық қазақ ашаршылықтың құрбаны болды. Одан бөлек 1 миллионнан астамы көрші елдерге босып кетті. Қазақстандағы нағыз аштық зобалаңы 1930-1931 жылдары басталып, 1932-1933 жылдары өзінің ең ауыр шегіне жетті. Бұл кезеңде сталиндік билік жүргізген күштеп ұжымдастыру саясаты мен астық дайындау науқаны салдарынан миллиондаған қазақ халқы ашаршылыққа ұшырады.
Аштық жай ғана табиғи апат емес, ол қолдан ұйымдастырылған саяси қылмыс болды. Мал-мүлкінен айырылған, көшуге, өмір сүруге мүмкіндік берілмеген халық аман қалу үшін шекара асып, жан сауғалады. Бұл зұлмат қазақ тарихындағы ең үлкен трагедиялардың бірі ретінде есте қалды. Бүгінгі ұрпақ осы ашаршылықтың мәнін терең түсініп, оның себептері мен салдарынан сабақ алуы тиіс.
– Осы нәубет жылдары қазақ халқының санын 2,2 миллионға кемітіп, рухани дағдарысқа әкеліп, ұлтты ұлы мақсаттар жолынан жаңылдырғаны айтылады. Өзіңнің пікірің қандай?
– Иә, бұл – ащы да болса тарихи шындық. 1930-1933 жылдардағы ашаршылық қазақ халқы үшін жаппай қырғынға айналды. Осы зұлматта қырғынға ұшыраған қазақтардың саны туралы сандық дерек әртүрлі. Кей деректе 2,2 миллионға жуық адамның көз жұмғаны, мыңдаған отбасының босып кеткені айтылады. Бұл – халықтың тек демографиялық тұрғыдан емес, рухани, мәдени және әлеуметтік тұрғыдан да ауыр соққы алған кезеңі.
Ол жылдары ұлттың қаймақтары – оқығаны, көзі ашығы «халық жауы» деген жаламен атылып, түрмеге қамалып жатты. Ал ашаршылықтан аман қалған халық күнкөріс үшін күресіп, өнер, білім, ғылымнан алыстап қалды. Бұл жағдай ұлтты үлкен тарихи мақсаттардан, өркениетті даму жолынан жаңылдырды. Біз әлі күнге дейін осы зобалаңның салдарымен күресіп келе жатқандаймыз.
Менің ойымша, бұл нәубет – тек өткеннің трагедиясы емес, ол ұлт ретінде тірі қалу үшін қандай ауыр жолдан өткеніміздің дәлелі. Сондықтан оны ұмытпау, оны зерттеу – тарих алдындағы парызымыз.
– Ұлтымыздың зиялы қауым өкілдері түгел саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болғанын білеміз. Бұл жайында қандай ой айтқан болар едің?
– Ұлтымыздың зиялы қауым өкілдері – сол уақыттарда қазақ халқының рухани тірегі, ой-санасының шамшырағы болатын. 1920-1950 жылдар аралығындағы саяси қуғын-сүргіннің ең үлкен соққысы дәл осы топқа бағытталды. Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Жүсіпбек Аймауытов, Халел Досмұхамедұлы секілді талай арысымыз «халық жауы» атанып, жазықсыз атылды немесе ГУЛАГ түрмелеріне қамалды.
Бұл жай ғана жекелеген адамдарға жасалған қиянат емес, тұтас ұлтты басып-жаншу, оның тарихи жадын, рухани мұрасын, тәуелсіздікке деген ұмтылысын тұншықтыру әрекеті еді. Зиялыларды жою арқылы билік халықты басшысыз, бағытсыз, үнсіз еткісі келді. Олар тек ағартушы ғана емес, ұлттың болашағын ойлаған нағыз стратегтер болатын.
Сонымен қатар ұлт зиялыларының жұбайлары да бұл жазадан құтылмады. Ер-азаматтар «халық жауы» деп танылғаннан кейін олардың әйелдері де «халық жауының әйелі» деген айыппен қуғындалып, арнайы лагерьлерге жіберілді. Мұндай лагерьлердің бірі – АЛЖИР (Акмолинский лагерь жен изменников Родины) тарихтағы ең ауыр лагерьлердің бірі ретінде қалды. Ол жақта Жүсіпбек Аймауытовтың, Мағжан Жұмабаевтың, Сәкен Сейфуллиннің, Тұрар Рысқұловтың және т.б. зиялыларымыздың отбасылары азап шекті.
Негізінде бұл – қазақ тарихындағы орны толмас қасірет. Алайда олардың еңбегі мен ерлігі ұрпақ санасында қайта жаңғырып келеді. Қазір біз олардың жазып кеткенін оқып, армандап кеткен Тәуелсіз елде өмір сүріп отырмыз. Сондықтан бұл – естен шығаруға болмайтын, сабақ болатын тарихи шындық.
– Біздің аймақтан репрессия құрбаны болып жапа шеккендер жайлы айта кетсең.
– Иә, бұл – өте маңызды әрі ауыр тақырып. Қызылорда өңірі де еліміздің өзге аймақтары секілді 1930-1950 жылдардағы жаппай саяси қуғын-сүргін жылдары қатты зардап шекті. Мұнда да кеңестік жүйенің жазықсыз жазалауы, жалған айып тағуы, күштеп мойындатуы кең ауқымда жүргізілді.
Қолда бар мәліметтерге сүйенсек, Қызылорда облысы бойынша 4000-ға жуық адам қуғын-сүргінге ұшырап, соның 900-ге жуығы ату жазасына кесілген. Бұл — бір ғана өңір үшін өте ауыр көрсеткіш.
Облыс бойынша алғашқы тұтқындалу 1928 жылы басталып, 1953 жылы соңғы тұтқындаулар жүргізілген. Соған орай жазалардың түрі де әртүрлі болған. 3 жылдан 25 жылға дейінгі лагерьге айдаулар, үй қамаққа алу, өлім жазасына кесу сынды жазалармен сан мыңдаған қызылордалық жазаланды. Мысалға бір Арал ауданын алатын болсақ, толық емес мәліметтер негізінде Арал ауданы бойынша 825 адам 58-баппен тұтқындалған. Олардың ішінде 534 қазақ, 240 орыс, 19 неміс, 10 поляк, 13 беларусь, қалғаны – басқа ұлттар. Ал 1939 жылғы санақ бойынша Арал ауданында 65295 адам өмір сүрген. Сотталғандарды пайыздық өлшеммен алатын болсақ, 1,26 пайызын құрайды. Бұл аз пайыздық өлшем болып көрінгенімен, оның артында тұрған әрбір адам – отбасы мен қоғам үшін ауыр трагедия. Бүтіндей әулет қуғынға ұшырағандар да кездеседі. Қуғын-сүргіннің құрбандары тек статистика ғана емес, олардың артында қалған жақындары, балалары, туған-туыстарының тағдыры ауыр зардап шеккен. Сонымен қатар, мұндай жаппай репрессиялар ауыл шаруашылығы мен жергілікті өндірістің дамуына кері әсерін тигізіп, қоғамның әлеуметтік құрылымын әлсіретті. Әсіресе ұлттық сананың, рухани мәдениеттің құлдырауына, ұрпақтар арасындағы байланыстардың үзілуіне алып келді. Сондықтан да бұл көрсеткіштің өзі бүкіл ауданның, тіпті бүкіл аймақтың тарихындағы ауыр кезеңнің көрінісі саналады.
– Сеніңше, әлі ашылмаған ақиқаттар бар ма?
– Әрине, әлі ашылмаған, зерттелмеген көптеген ақиқат бар деп ойлаймын. Көптеген архив әлі толық қолжетімді емес немесе зерттеушілердің назарына енбеген. Сол кезеңдегі оқиғалардың толық суретін жасау үшін сол құжаттарды зерттеу маңызды. Сонымен қатар, жазықсыз жапа шеккендердің жеке тағдырлары, олардың отбасыларының тағдырлары әлі толығымен жан-жақты зерттелмеген. Әрбір отбасыда өз тарихы, құпиясы бар, оларды тыңдау, жинау және жариялау керек. Бұл өткеннің ауыр сабақтарын түсініп, қоғамның тарихи жадысын сақтау үшін маңызды. Сондықтан зерттеулер жалғасып, жаңа фактілер ашылатынына сенімім зор.
– 1930 жылдардың басында Арал станциясында концлагерь болған деген ақпарат бар. Осы лагерь жайлы айтып өтсең.
– Ұжымдастыру басталғаннан кейін БКП (б) 1930 жылғы 30 қаңтарындағы шешіммен КСРО-ның 9 өңіріндегі концлагерьлерге 60 мың және туған жерлерінен басқа аудандарға 150 мың кулактар көшіріледі деген жоспарлар жасалды. Олардың 5-6 мыңы Қазақстандағы концлагерьлерге және 10-15 мыңы Қазақстан аудандарына көшірілуі жоспарланды. Бұл шешім кейінгі жылдардағы саяси репрессиялардың бастамасы ретінде қарастырылады. 1930 жылдары кулактардан кейін партиялық басшылыққа, интеллигенцияға және басқа да әлеуметтік топтарға қарсы репрессиялар күшейе түсті. Бүгінгі тарихшылар бұл әрекеттерді КСРО-ның мемлекеттік репрессиялық саясатының бір көрінісі деп бағалайды. Бұл процестерді саяси қуғын-сүргін, адам құқықтарын өрескел бұзу, халықтарды күштеп жер аудару деп сипаттауға болады.
Осындай концлагерьлердің бірі 1930 жылы Сыр өңірінде, Арал теңізі станциясының жанынан құрылды. Москвадан тапсырма алынғасын Қазақстан АКСР-ның жер шаруашылығы халық комисары К.Тоқтыбаев 11 ақпанда өңірлерге жіберген телеграммасында 21 мыңнан аса кулактың жанұясын қоныстандыруға дайындалуға тапсырма берді. Бұлардың 8000 жанұясын Қызылордаға қоныстандыру жоспарланса, олардың 3000 жанұясы Арал теңізі жағалауына және аралдарына орналастырылады делінді. Көріп отырғанымыздай, 1930 жылы Арал теңізі станциясының жанында құрылған концлагерь Қазақстан аумағында пайда болған алғашқы лагерьлердің бірі болып саналды. Бұл кейінірек кеңейген ГУЛАГ жүйесінің бастамасы болып есептелді. Сондай-ақ, мұндай лагерьлер мәжбүрлі еңбекпен, адам төзгісіз өмір сүру жағдайларымен ерекшеленді деуге болады.
– Жас ғалым ретінде тақырып аясында алда қандай жоспарларың бар?
– Жас ғалым ретінде менің алдағы жоспарларым – репрессиялар тақырыбын тереңірек зерттеу, архивтік деректерді жинау мен өңдеуді жалғастыру. Сонымен қатар, жазықсыз құрбан болғандардың жеке тағдырларын жарыққа шығарып, олардың естелігін сақтау маңызды деп есептеймін. Бұл тақырыпты ғылыми мақалалар, монографиялар арқылы кеңінен насихаттап, жастар арасында тарихи сананы арттыруға үлес қосқым келеді. Болашақта осы бағытта конференциялар мен дөңгелек үстелдер ұйымдастырып, қоғамда осы кезеңге деген түсінік пен әділ көзқарасты қалыптастыруға күш саламын. Мақсатым – өткенді дұрыс түсініп, тарихи әділдікті орнатуға өз үлесімді қосу.
– Әсерлі әңгімеңе рақмет!
Сұхбаттасқан
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!