Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тоғызқұмалақтан VI әлем чемпионаты басталды

22.11.2022, 11:45 359

HALYQLINE.KZ Тоғызқұмалақ – әлемдік мәдениеттің озық үлгілерімен бой теңестіре алатын рухани ойын, логикалық ойлау өнері, ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енген ұлттық спорт түрі.

Бүгін Ақтөбенің Өнер орталығында тоғызқұмалақтан VI Әлем чемпионаты басталды. Қазақ халқының зияткер ұлт айғақтайтын ұлттық спортты халықаралық аренада дамытып жүрген 20 елден 80 спортшы келді. Тоғызқұмалақтан әлемнің мықтысы Ауғанстан, АҚШ, Антигуа мен Барбуда, Әзірбайжан, Бангладеш, Германия, Қытай, Қырғызстан, Колумбия, Латвия, Моңғолия, Өзбекстан, Пәкістан, Румыния, Түркменстан, Түркия, Ұлыбритания, Үндістан, Чехия және Қазақстан секілді елдер арасынан анықталатын болады.

Тоғызқұмалақтың классикалық түріне – 40 спортшы, блицке – 40 спортшы жолдама арқылы және де рапид түріне жалпы саны – 80-ге жуық спортшы қатысады. Жарыстың ашылу салтанатына Ақтөбе облысының әкімі Е.Тоғжанов, Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының президенті А.Байменов, Спорт және дене шынықтыру істері комитетіне қарасты Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының директоры Б.Сәбитов, дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының вице-президенті, ҚР Парламент мәжілісінің депутаты М.Раманқұлов қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.

Бүгінгі дүбірлі доданы ҚР мәдениет және спорт министрлігі, Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясы, Ақтөбе облысының әкімдігі ұйымдастырып отыр. Жарысқа Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы, «The One Hotel Astana» қонақ үйі, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті, «Қабақ баба қоғамдық қоры демеушілік көрсетіп отыр.

Алтыншы Әлем біріншілігінде еліміздің намысын жарыстың классика түрінен – Темірбаев Ғалымжан (ҚРЕССШ), Бостандықов Бексұлтан (ХДСШ), Қожанәсіп Аңсаған (ХДСШ), Далиева Әсел (ҚРЕССШ), рапид түрінен – Керейбаев Ринат (ҚР СШ), Әләйдар Ермұхамед (ҚР СШ), Далиева Әсел (ҚРЕССШ), Махамбетамин Ұлдана (ҚР СШ), блиц түрінен – Хұсайынов Медет (ХДСШ, Ақтөбе), Қайыржанов Әсет (ҚР СШ), Алдабергенова Гульжанат (ХДСШ, Ақтөбе), Серікқызы Мөлдір (ҚР СШ, Ақтөбе) қорғайды.

Жарыс 27 қарашаға дейін жалғасатын болады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: