Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сыр елінде тұңғыш рет бәйгеден ҚР чемпионаты өтті

22.04.2023, 19:30 333

Бүгін қалалық ипподромда Бәйгеден ІІ Қазақстан Республикасы чемпионатына Оңтүстік аймақтық іріктеу турнирі өтті.

Жарысқа Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Алматы, Жамбыл, Маңғыстау, Абай, Жетісу, Түркістан, Ұлытау облыстарынан 150-ден астам сәйгүлік қатысты.

Бәйге басталар алдында ел ағасы Қабылбек атамыз қатысушылар мен көрермендерге ақ батасын берді.

Салтанатты іс-шараны облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ашып, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтайтын бүгінгі бәйгенің мағыздылығын атап өтті.

Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов өз құттықтау сөзінде елімізде ұлттық спорт түрлерінің мәртебесін көтеріп, жан-жақты көңіл бөлу қажеттілігін, осы тұста қандай жұмыстар атқарылып жатқандығына қысқаша тоқталды.

Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы «Бәйге» федерациясының президенті Қанат Көпбаев федерация атынан ұйымдастырушыларға алғысын білдірсе, ҚР Көкпар федерациясының президенті Бауыржан Исабаев барша қатысушыларға сәттілік тіледі.

Жарыс барысында көрермендер арасында бағалы сыйлықтар ұтысы ойналды. Сонымен бірге, нәзік жанды аруларымыз арасында бұрын соңды Бәйге жарыстарында орын алмаған «Ұлттық киім – ұлт ажары» атты ұлттық киімдер байқауы өтті. Көздің жауын алатын, көркемдігі бірінен бірі өткен ұлттық киім киінген 57 қатысушымыз бақ сынасып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер ақшалай сыйлықтарға ие болды.

Осы уақытта Ипподром ауласында да жұртшылық жиналып, гір спорты, қол күресі, арқан тарту жарыстары ұйымдастырылып, жеңімпаздары мен жүлдегерлері ақшалай сыйақы иеленді.

Кештің басты қонағы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі күйші Асылбек Еңсепов көптің ықыласына бөленді. Сонымен бірге облыстық филармония әншілері де осы кештің көркін келтірді.

Сонымен ең алғашқы 8 шақырымдық Құнан бәйгенің жүлдегері мен жеңімпаздарымен таныс болыңыздар:

Жүлделі 5-орын Асыланбек Абдықалық (Жамбыл обл.)
4-орын Сұлтан Ақмолда (Жамбыл обл.)
3-орын Думан Ердәулетов (Алматы обл.)
2-орын Бағжан Айдаралы (Жамбыл обл.)
1-орын Абзал Тұрғанбек (Алматы обл.)

14 шақырымға ұласқан Топ бәйгеде:

5-орын Қуаныш Ердаулет (Қызылорда обл.)
4-орын Қуат Әділқас (Алматы обл.)
3-орын Арнұр Саматұлы (Алматы обл.)
2-орын Думан Ердаулетов (Алматы қаласы.)
1-орын Арнат Мұратхан (Алматы обл.) иеленді.

Көрермендердің көптен күткен 21 шақырымдық Аламан бәйгесінен:

5-орын Болат Нұрәлі (Алматы обл.)
4-орын Бекзат Ділдәхан (Алматы обл.)
3-орын Нұрмұқаш Дильнур (Алматы обл.)
2-орын Абзал Тұрғанбек (Алматы обл. Іле ауд.)
1-орын Нұрбол Тоқтаған (Астана қаласы) иеленді.

Аламан бәйгесінің «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» атанған шабандозы Нұрбол Тоқтағанға бас серіктес Хюндай компанисы темір тұлпардың кілтін табыстады. Сонымен бірге, барша жеңімпаздар мен жүлделі орын иегерлеріне серіктестер атынан қаржылай сертификаттар мен дипломдар табысталғанын айта кетейік.

Ата-бабамыздан келе жатқан дәстүр думанды жиындарда ат шаптыру болса, бүгін бабалар ізімен жүріп, Бәйгенің үлкен тойын өткіздік деуге келеді. Қасиетті ұлттық құндылықтарымыз ұлықтала берсін. Барша жеңімпаз, жүлдегерлерімізді шын жүректен құттықтаймыз.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: