Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қайрат Сәтжанов: «Ақтауға боксшылардың бабын байқау үшін келдім»

13.09.2021, 12:05 117 0

Жақында Бокстан Қазақстан ерлер құрамасының бас бапкері ауысты. Қазақ боксшыларының Токиодағы сәтсіздігінен кейін Ғалымбек Кенжебаев өз өтініші бойынша отставкаға кетті. Оның орнына отыз бір жылдық тәжірбесі бар Қайрат Сәтжанов тағайындалды. Ол сегіз жыл бокстан жасөспірімдер құрамасының аға бапкері болып, екі жыл жастар құрамасының тізгінін ұстаған. Ақтауда өткен дәстүрлі Шоқыр Бөлтекұлы турниріне келген Қайрат Сәтжановпен хабарласып, Halyqline.kz сайтына сұхбат беруін өтінген едік.


– Жаңадан Ұлттық құраманың бас бапкері болып тағайындалдыңыз. Құтты болсын! Ш.Бөлтекұлы жарысын қорытындылап өтсеңіз?

– Рақмет! Бұл турнирге олимпиадаға қатысқан бокшылар қатысып жатқан жоқ. Одан басқа көшбасшыларымыз да қатысып жатқан жоқ. Бұл жарысқа ХДСШ-12, СШҮ-12, СШ-80, барлығын қосқанда 143 боксшы қатысып, он үш салмақ дәрежесінде сынға түсіп жатыр. Арасында әлем және Азия чемпиондары мен жүлдегерлері бар.

– Қайрат Тұрсынханұлы, бұл турнирге келуіңіздің себебі неде?

– Ақтауға келуімнің себебі – балалардың бабын байқау және бокстарын көру. Мұнда ұлттық құрамадан басқа да боксшылар бокстасып жатыр. Құрама сапында жоқ балалар да бар. Солардың дайындығын да көрейік деп келдік. Осыдан кейін оқу-жаттығу жиындары өтеді. Соған осы жерде бокстасып жатқандардан кімді шақырамыз деген мәселе де бар.

Бір сұхбатыңызда қазан айында Сербияның астанасы Белградта әлем чемпионатына жастар барады деген екенсіз. Бұл екінші, үшінші құрамадағы және жастар құрамасынан ересектерге ауысқан спортшылар үшін жақсы мүмкіндік екен. Себебі Василий Левит, Закир Сафиуллин секілді боксшылар жастардың бағын байлап жүрді. Енді әлем және Азия біріншіліктеріне жастар бара ма?

– Қазір біз команданы жасақтап жатырмыз. Жаңа айтқанымдай, жастардың бәрі бармайды. Арасында бұрынғы ұлттық құрамада жүргендер де бар. Әр салмақта жазып қойдық, 48 келі салмақта Даниал Сәбит бауырымыз бар соны қарастырамыз. Одан кейін осында Қайрат Ернар деген бар. Кеше ғана көрдім. Бұрын көрмеген балам. Жақсы боксшы екен. Оны да көреміз. Ташкенбай Санжар деген бала бар. Жастар арасында әлем және Азия чемпионы болды. Бірақ Санжардың жасы 18-де, жасы келмей тұр. Әлем чемпионатына қатысу үшін 19-40 жас аралығында болу керек. Сол үшін біз АIBA басшылығына біздің Қазақстан бокс федерацияның атынан хат жолдап жатырмыз. Санжарға рұқсат беруін сұрап. Бұрын бокста 18-34 жас болатын. Рұқсат етілетін. Қазір өзгерді 19-40 қылып қойды. Меніңше, дұрыс емес. Жастар құрамасы 18-ге толғаннан кейін ересектерге ауысады да бір жыл далада қалып тұр. Бір жыл ресми жарыстарға қатыса алмайтын болып тұр. Он тоғыз жасқа толмағанша олар әлем чемпионаты, олимпиада және үлкен жарыстарға қатыса алмайды. Сондықтан ол дұрыс емес. Сондықтан хат жолдап отырмыз. 51 кг салмақта Сәкен Бибосынов барса, екінші Тимур Кабдешов деген бала тұр, соны қарастырамыз. 2002 жылғы. Осылай әр салмақта талантты боксшылар бар. 54 келіде Сабырхан Махмұдты қарап отырмыз. Сондай басқа да балалар бар. 57 кг-да Оразбек Асылқұлов, 1998 жылғы. Мына жарысқа қатысып жатқан жоқ, 2001 жылғы Жексен Бейбарыс деген жігіт бар. Қолын ауыртып алған, емделіп жатыр. Сол сияқты әр салмақта мықтылар жеткілікті. 71 кг Абылайхан Жүсіпов, Асланбек Шынбергенов және олармен бірге Ермахан Жақпеков осы үшеуінің біреуін таңдаймыз. Әр салмақта осылай.

– Келесі әлем чемпионатына дайындық қайда өтеді?

– Бірінші оқу-жаттығу жиынын 17 қыркүйек пен 5 қазан аралығында Түркістан облысындағы «Алматау» базасында өткіземіз деп отырмыз. Келесі оқу-жаттығу жиыны қазан айының 10-22 аралығында. Бізге Англия құрамасынан бірге жаттығу өткізуге шақыру келді. Соған барамыз деген ойдамын. Оған жаңағы бірі үлкен, екіншісі жас боксшыны апарайық деп отырмыз. 13 салмақ дәрежесі болса, 26 баланы апарып солармен бірге оқу-жаттығу жиынын өткіземіз. Сол уақытта ең мықты боксшыны байқаймыз, жасы үлкен бе, кіші ме, қайсысы дайын, соны әлем чемпионатына қатыстырамыз.

– Әрине, сізге Токио олимпиадасы туралы айту қиын. Бірақ тақырыптан айналып өте алмайсыз. Токио-2020 ойындарда қазақ боксшылары неге алтын ала алмады?

– Бұл сұрақты жастар құрамасын басқарып жүргенімде де көп журналистер қойды. Қазір де көп қойып жатыр. Неге деп? Ренжімесеңіз бұл сұраққа жауап бермей-ақ қояйын. Ешкімді ренжітіп алмайын.

– Қазақстан бокс федерациясының бапкерлік мәселелері жөніндегі вице-президенті Бақтияр Артаев БАҚ-қа берген сұхбатында кәсіпқой боксшыларды да құрамаға шақырамыз деп айтты. Ал сіз қарсы емессіз бе?

– Қарсы емеспіз. Олар да – бұрын біз жасөспірімдерді жаттықтырып жүргенде, жастарда аға бапкер болғанда өзімізде болған балалар. Жастар арасындағы әлем чемпионы Садриддин Ахмедов бар, Бек Нұрмағанбет бар. Солармен сөйлесіп жатырмыз. Жаңағы Бек Нұрмағанбет 90% келемін, бокстасамын деп отыр. Оны 86 кг салмаққа шақырып отырмыз. 86 келідегі Бек Нұрмағанбетті де қарастырамыз. Екіншісі – Сағындық Тоғамбай. Осы екеуін оқу-жаттығу жиынындарында көрейік деп отырмыз. Садриддин Ахмедов 71 кг салмақта, оны да айттық. 71 кг-да жақсы боксшылар көп. Жүсіпов, Шынбергенов, Ахмедов бар. Оған енді Садриддин Ахмедов келуі үшін жақсы қаражат алуы қажет. Өйткені оған кәсіпқойда жақта үйреніп қалды. Әуесқойға шақыру үшін, оларға да сондай ақша берсе немесе соған жақындау ақша берсе келеді деген ойдамын.

Сұхбаттасқан Айбек МҰХАНОВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: