Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Маңғыстаудан олимпиада чемпионын шығара алмады…»

13.03.2024, 15:15 324

Отыз екі жыл бойы жігіттер басшы болды. Енді әйелдерге кезек беру керек сияқты.

18 наурыз күні Маңғыстау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы өзіне бағынысты 31 спорт мекемесінің басшысы мен орынбасарларына аттестация жүргізеді. Отыз екі жылдан бері маңғыстаулық спортшылар жазғы олимпиада ойындары мен жасөспірімдер олимпиадасында чемпион шығара алмай жүргені басқарма басшыларына сын.

Спорт мекемелерінің бәріне жаңа тұлғалар келмей, Маңғыстау спортының дамуы екіталай. Өйткені ескі кадрлармен ұзаққа бармайтынымыз белгілі болды. Мысалы, 31 мекеме басшысының біреуі ғана әлем чемпионы екен. Ол – Ердос Жаңабергенов. Тіпті, кейбір басшының спортта разряды да жоқ. Олар спортта не істеп жүр?
Өзіңіз білесіздер, форкаунт спортынан жеті дүркін әлем чемпионы, Гиннестің рекордтар кітабына енген Ильдар Ягиев былтыр Англияға кетіп, сол елде орамжапырақ теріп жұмыс істеп жүр. Осындай елге белгілі спортшы өз елімізде бағаланбай өзге елде напақасын тауып жүрген жайы бар. Неге облыстық спорт басқармасы И.Ягиевтің еңбегін бағаламайды?

Бір ай бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жастар кадр резервінің форумында: «Мемлекеттік аппараттағы әйелдердің үлесі 55 пайызға жуықтағанына қарамастан, басшылық құрамда бұл көрсеткіш 39 пайыздан аспайды. Өз тәжірибемнен білетінім, әйелдерді қызметке тарту керек. Біріншіден, ер адамдар ренжімесін, әйелдер жұмысқа өте мұқият, тиянақты қарайды. Ер адамдармен салыстырғанда, жемқорлық әрекеттерге бейім емес. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі агенттіктің статистикасы соған меңзейді. Саяси қызметкерлер арасында да елеулі теңсіздік байқалады. Олардың қатарындағы әйелдердің саны 10 пайызға жетпейді. Мемлекеттік қызметтегі жастардың үлесіне қатысты да диспропорция бар. Мемлекеттік қызметтегі әйелдердің, жастардың және мүмкіндігі шектеулі азаматтардың санын көбейту керек. Олардың, әсіресе, басшылық құрамда қызмет етуіне барынша мүмкіндік берген жөн», – деген еді.

Спорт мектептеріне басшылық қызметке әйелдерді тарту керек. Жігіттер ренжімесін, отыз екі жылдан бері олимпиада жеңімпаздарын шығара алмады. Әлі күнге дейін бір орында он жыл, жиырма жыл отырған басшылар облыс спортын әбден тоқыратып бітті. Енді әйелдерге мүмкіндік беріп көру керек.

Былтыр, Қанат Жұмабаев спорт басқармасының басшысы кезінде өткізген аттестациядан біраз мекеме басшысы мен орынбасарлары өте алмай қалған еді. Кейін аттестация да өтпей қалды. Сонда спорт басқармасының басшыларына аттестация ойыншық па? Өздері ұйымдастырған аттестациядан құлаған спорт мектептерінің басшылары мен орынбасарлары бір жылдан бері қызметін әлі жалғастырып жүр. Соны прокуратура мен антикор неге тексермейді?

Айбек МҰХАНОВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: