Көшпенділер ойыны аяқталды. Тұлпарлар шауып, балуандар белдесіп, көкпаршылар додаға түсті. Қырғыз жері дүбірге толды. Бірақ дүбір басылған соң, екі елдің арасында басқа бір бәсеке басталып кетті. Бұл жолы ат үстінде емес, медаль кестесінде. Қазақстан мен Қырғызстанның қайсысы бірінші орын алды?
Әңгіме бекер жерден шыққан жоқ. VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 113 елден 3 мыңға жуық спортшы қатысты. Қазақстан құрамасы 74 медаль, оның ішінде 32 алтын, 20 күміс және 22 қола жүлде иеленгенін Қазақстанның Туризм және спорт министрлігі хабарлады. Осы есеп бойынша Қазақстан жалпыкомандалық есепте бірінші тұр.
Бірақ ойын аяқталған сәтте Қырғызстанның ресми ресурстарында басқа нәтиже пайда болды. Алғашқы жарияланған есеп бойынша Қырғызстан 30 алтынмен бірінші, Қазақстан 29 алтынмен екінші орында тұрды. Әлеуметтік желіде осыдан кейін дау қыза түсті. Қазақ пабликтері «Қазақстанның үш алтыны қайда кетті?» деп сұрақ қойса, қырғыз тарапында да өз есебін қорғаған пікірлер көбейді.
Сөйтіп, спорттық дода бітіп, есептегі дода басталды. Мәселе үш қазақстандық спортшының жүлдесіне қатысты болған. Қазақстан тарапы өз есебінде 32 алтын барын көрсетсе, ойындардың бастапқы қорытындысында үш алтын есепке алынбай қалған. Осы сәйкессіздік әлеуметтік желіде бірнеше күн бойы талқыланды. Ақыры 7 қыркүйекте Қырғызстан президентінің баспасөз хатшысы Асқат Алагөзов ұйымдастыру комитеті қазақстандық үш спортшының медалін есепке алу туралы шешім шығарғанын мәлімдеді. Осыдан кейін Қазақстан бірінші орынға шыққаны ресми түрде мойындалды.
Яғни Қазақстанның қоржыны 32 алтын, 20 күміс, 22 қола болып бекіді. Қырғызстанның алғашқы есебіндегі 30 алтындық көрсеткіш те дау тудырғанымен, кейінгі қайта есептеуден соң Қазақстан көш бастады. Қырғызстан тарапы мұны әдейі жасалған әрекет емес, техникалық қателіктен туған айырмашылық деп түсіндірді.
Дегенмен, екі ел арасындағы бәсеке мұнымен біткен жоқ. Көшпенділер ойындарының соңғы күнінде қазақ пен қырғыз спортшылары көкпар мен көкбөрінің финалында кездесті. Көкпарда Қырғызстан Қазақстанды 7:2 есебімен жеңіп, алтын алды. Ал көкбөріде де қырғыздар басым түсті. Яғни медаль кестесінде Қазақстан бірінші болғанымен, ат үстіндегі басты екі додада жүлде қырғыз ағайынға бұйырды.
Бір қызығы, бұл екі елдің арасындағы бәсекенің қаншалықты жоғары екенін де көрсетеді. Қазақ пен қырғыздың тарихы бөлек болғанымен, тамыры бір-біріне жақын. Атқа міну, көкпар тарту, балуан күрестіру секілді дүниелердің екеуіне де етене екені белгілі. Сондықтан мұндай додада кімнің озатынына жұрттың бейжай қарамайтыны түсінікті.
Бірақ бәсеке мен бақталастықтың арасы бір-ақ қадам. Спортта жеңілгеніңе ренжу бар, жеңгеніңе қуану бар. Ол қалыпты. Ал ағайынның арасындағы жарысты бір-біріне деген өшпенділікке айналдырудың қажеті жоқ.
Көшпенділер ойындарының негізгі мақсаты да осы емес пе еді? Алыс-жақын елдерді бір жерге жинап, аталардан қалған дәстүрді дәріптеу, ұлттық спортты әлемге таныту. Қырғызстан үкіметінің өзі ойындарды этномәдениет пен дәстүрлі спортты насихаттайтын, халықтарды жақындастыратын алаң ретінде сипаттаған.
Сондықтан медаль үшін таласуға болады. Бірақ ағайын үшін таласпау керек. «Қазақстан бірінші болды ма, Қырғызстан бірінші болды ма?» деген сұрақтың жауабы табылды. Қазақстанның жеңісі ресми түрде мойындалды. Ал енді одан қалатыны – бір-біріміздің жеңісімізді мойындай алатын мәдениет қалыптастыру.
Көшпенділердің ұрпағына ең жарасатыны да осы шығар. Додада қарсылас болу, бірақ өмірде ағайын болып қалу қажет.
Айтілес ЖАЙШЫЛЫҚ
Фото: Abai.kz
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!