Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ауыл спортын дамыту жұмысы жалғасын табады

22.01.2024, 12:10 327

Ауыл баласының көбі футбол ойнап, спорт түрлеріне жақын өседі. Әсіресе, оқушылардың дене шынықтыру пәніне деген қызығушылығы басым екенін байқау қиын емес. Футбол десе, ішкен асын жерге қойған талай дарындылар бүгінде басқа салада қызмет етіп жүр. Ал, мен спортқа деген махабатымның арқасында осы саладан алшақтай алмадым. 2018 жылы мектепті бітірген соң, Алматы қаласындағы Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінің түлегі атанып, дене шынықтыру және спорт кафедрасын бітірдім. «Ер жігіт туған жеріне» демекші, 2023 жылдың қыркүйегінен бастап, бір жылдық «Жастар практикасы» бағдарламасы бойынша, өзім білім, тәлім-тәрбие алған мектепте жұмыс істеп жатырмын. Сол уақытта мектеп спортын ғана емес, ауыл спортын дамытуды қолға алу туралы идея келді. Жоспар бойынша өрбіген жұмыстар нәтижесін бере бастағандай.

Өткен жылы Майлытоғай ауылында осы топырақтың түлегі, мемлекеттік қызметтің майталманы болып, елдің ықыласына бөленген Марсбек Рүстемұлы ағамыздың атына спорт алаңы мен балалар ойын алаңы пайдалануға берілді. Бұл майлытоғайлық спортсүйер қауымның көптен бергі арманы болатын. Спорт алаңының ашылу салтанатында аудандық футбол турнирі ұйымдастырылып, ауыл жастары жеңімпаз атанды.

Соңғы жылдары бұқаралық спортты дамытуға көп көңіл бөлініп келе жатыр. Оған облыстық, аудандық әуесқой футбол лигалары дәлел бола алады. Бұған дейін ауыл азаматтары әртүрлі лигаларда жеке-жеке өнер көрсетсе, 2023 жылы Шиелі аудандық әуесқойлар лигасына майлытоғайлықтар тұңғыш рет команда қосты. Әрине, жеңімпаздар сапында болмағанымен, өз деңгейінде ойнап шықты. Одан өзге де облыстық, аудандық турнирлерде төбе көрсетті. Мұның өзі – алақандай ауыл үшін айтарлықтай жаңалық. Алдағы уақытта ауылдың спортсүйер жастары бірігіп, белсенді азаматтар қолдап, облыстық футбол лигасына команда қосу туралы жоспарымыз бар.

Ауыл жастарының уақытын тиімді пайдалану мақсатында жазды күндері аптасына 3-4 рет футбол, қысты күні 2-3 рет волейбол ойынын ойнау дәстүрге айналып келеді. Бұқаралық спортты дамытуға өз септігін тигізіп, спорт алаңы мен спортзалды пайдалануға жағдай жасаған мектеп басшылығына, ауыл әкімдігіне өз алғысымызды айтамыз.

№141 Қапан Сәбиров атындағы орта мектеп оқушылары да спорттық сайыстардан жетістіктерге жетіп жүр. 2023-2024 оқу жылында «Ұлттық мектеп лигасы» аясында 7-8-сынып оқушылары (қыздар арасында) аудан чемпионы атанды. Дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері бірігіп, оқушылардың командалық ойындарға баса назар аударуын қамтамасыз етіп отырмыз. Әрине, жекелей шеберлік те шет қалмайды. Осы күні волейбол мен футболдан үйірмелер тұрақты түрде жұмыс істеп, оқушылардың саламатты өмір салтын ұстануына жағдай жасалып отыр. «Алыптар ауылдан шығады» деген бар. Шынында, ауыл спортын дамыту, жасөспірімдер спортын дамыту – өте маңызды. Біз бұл жұмыстардың жалғасын таба беретініне сенімдіміз.

Қазыбек ТҰРСЫНБАЕВ,

№141 Қ.Сәбиров атындағы орта мектептің

дене шынықтыру пәнінің мұғалімі

Пікірлер:
  • Бәрекелді,мен ауылымызда болып жатқан өзгерістерді,ауылымыздың көптеген жетістіктерге жетіп жақанына дәл ризамын. Аулымыздың болашағын ойлайтын,жекіншек жасөспірімдердің қызығушылығын оятып,оларға дұрыс бағыт-бағдар беретін азаматтардың барына да қуаныштымын! Ауыл жастарының сонымен қатар мектеп оқушыларының қандайда бір жеткен жетістігі ол ауылдың және мұғалімнің жетістігі санаймын. Аулымызға,мектебімізге жоғарғы оқу орнын бітірген,мектеп оқушыларына дұрыс бағыт-бағдар беретін,білікті-білімді жас мамандар қажет сондағана ауылымыздың,мектебіміздің жетер жетістіктері көп болмақ. МЕН АУЫЛЫММЕН МАҚТАНАМЫН!!!

  • Ассалаумағалейкум! Өте қуаныштымыз.Ауылымыздың аты бүкіл әлемге танымал болсын Құдай қаласа.Ауылымызға Жақсы тәжірбиелі жас мамандар қажет Тұрсынбаев Қазыбек Әзімханұлы сияқты.Алар асуыңыз көп болсын.Алдағы келе жатқан Облыстық жарыстан тек сәттілік тілейміз🤲

  • Алла істеріңізге береке берсін. Әрекет түбі берекет деген. Егер әр адам осылай өз ауылына, қоғамға үлес қосамын деген асқақ арман, мақсаты болса нұр үстіне нұр. Жүйелі жұмыстар, білімді кадрлар әр кезде мықты нәтиже береді

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: