Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әлемдік рейтинг: Олимпиадаға баруға 3 дзюдошы да үмітті

21.06.2023, 17:07 250

HALYQLINE.KZ

Астанада өткен «Үлкен дулыға» турнирінен кейін еліміздің бірнеше  дзюдошысы әлемдік  рейтингтегі көрсеткіштерін жақсартты.

Париж Олимпиадасы жақындаған сайын 60 келідегі  бәсеке күшейіп келеді. Астанадағы Grand Slam жарысында өз мүмкіндігін мүлт жібермей, чемпион атанған Мағжан Шамшадин басты бәсекелестері  Елдос Сметов пен Нұрқанат Серікбаевтан ұзап кетті. Кейінгі екеуі 7-11 мамырда  өткен әлем чемпионатына қатысып, медальсіз келген болатын.  

Қазір Мағжан Шамшадин әлемдік рейтингте 3238 ұпаймен 13 орынға жайғасты. Ал оның ел ішіндегі бәсекелестері Елдос Сметов 2158 ұпаймен 21 орында тұрса, Нұрқанат Серікбаев 1842 ұпаймен 25 орынға жайғасқан. Олимпиадаға дейін әлі бірнеше турнир бар. Сондықтан дзюдошылар мүмкіндіктерін барынша пайдаланып, ең мықтысы төртжылдықтың басты додасына қатысуға ұмтылады. Әзірге әлемдік рейтингтегі бірінші орында тейпейлік Ианг Вей тұр. Оның 5575 ұпайы бар.

60 келіде әлемдік рейтингтегі алғашқы 9 спортшының тізімі

Назарларыңызға аталған үштікпен қатар еліміздің басқа да үздік 30 спортшының қатарына енген дзюдошылардың  тізімін  ұсынамыз.

66 келі салмақта 2615 ұпай бар Ғұсман Қырғызбаев 19 орынға көтерілген. Бұл салмақта 6455 ұпайы Виеру Денис бірінші тұр.

73 келіде Данияр Шамшаев 15 орында (2816) болса, Жансай Смағұлов  21 сатыда (1754).

Бұл салмақта Әзірбайжан дзюдошысы  Хидаят Гейдаров 6000 ұпаймен бірінші орында келеді.

81 келі салмақтағы Абылайхан Жұбаназар 2185 ұпаймен 19 орында тұр. Бұл салмақта 9296 ұпайы бар гүржі дзюдошысы Тато Григалашили бірінші тұр.

90 келідегі  Дидар Хамза  26 орында тұр. Оның 1905 ұпайы бар. Бұл салмақта грузин дзюдошысы Лука Майсурадзе 7050 ұпаймен бірінші тұр.

100 келіде Нұрлыхан Шархан 22 орында. Ол 2340 ұпай жинаған. Бұл салмақта  Грузиялық Илия Суламанидзе  (6283) бірінші тұр.

 + 100 келіден жоғары салмақта Ғалымжан Қырықбай  31 орынға көтерліді. Оның 1590 ұпайы бар. Бұл салмақта тәжік спортшысы  Тимур Рахимов  (6421)  алғашқы орында тұр.

Қыздар бәсекесіндегі көрсеткішімізге келсек,  48 келіде Әбиба Әбужақынова 4318 ұпаймен 6 орынды сақтап қалған.  Ғалия Тынбаева 1593 ұпаймен  31 орынға көтерліді. Бұл салмақтың үздігі  Букли Шириннің (Франция) 6070 ұпайы бар.

+78 келіде Камила Берліқаш 18 орында тұрса (2546), Астанадағы «Үлкен дулығаның» жаңалығы болған Ақерке Рамазан 923 ұпаймен 33 орынға бірақ көтерілді. Бұл салмақта Израйл елінің қызы  Раз Гершко 7465 ұпаймен бірінші тұр.

Жасұлан Наурызәлі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: