Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жұқпалы індеттен келетін қауіп әлі сейілген жоқ

27.05.2020, 18:10 471

HALYQLINE.KZ  Кезекті оқу жылы аяқталысымен балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру, бұқаралық спортты дамыту мәселелері күн тәртібіне қойылады. Бүгін аудан әкімдігінде өткен мәжілісте осы мәселелер қаралды.

Әкімдік мәжілісі басталмас бұрын аудан әкімі Мұрат Ергешбаев аудан активіне аудан әкімінің жаңадан тағайындалған орынбасарын таныстырды.

Облыстық конкурстық комиссияның шешімі негізінде Қазалы ауданы әкімінің өкімімен аудан әкімінің орынбасары болып Әліби Әбиев тағайындалды.

Бұған дейін аудан әкімінің орынбасары болып қызмет атқарған Әлімжан Жарылқағанов Қазақстан Республикасы Ішкі істер Министрінің бұйрығымен Ішкі істер органдары «Медиа орталығының» Бас директоры қызметіне тағайындалды.

Ал, Қазалы ауданаралық ауруханасының бас дәрігері болған Гүлжиһан Нысанова «Сенім» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» республикалық бірлестігінің Қызылорда облыстық филиалы директорының орынбасары болып еңбек етуде.

Аудан басшысы жаңа қызметке тағайындалған Ә.Жарылқағанов пен Г.Нысановаға алғыс айтып, аудан әкімінің «Құттықтауы» мен Қазалы ауданының «Құрмет Грамотасын» табыстады.

Мұнан соң әкімдік мәжілісінің күн тәртібіндегі мәселеге байланысты аудандық білім бөлімінің басшысы Бектұр Қали балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру, аудандық спорт және дене шынықтыру бөлімінің басшысы ауданда бұқаралық спортты дамыту мәселелері туралы хабарлама жасады. Бөлім басшылары атқарылған жұмыстары туралы қысқаша баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті.

Ал, аппарат мәжілісінде 2 мәселе қаралды. Алдымен аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы және қауіпсіздігін сақтау басқармасының басшысы Гүлсім Имандосова ауданда коронавирус індетімен күрес бойынша атқарылып жатқан шаралар туралы айтып, ауыл-аймақтарда әлі күнге дейін той-жиындар тыйылмай тұрғанын тілге тиек етті.

Аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Еркін Сейітов те өзекті мәселе – жер учаскелерін өз мақсаты бойынша пайдалану және түсімдерді ұлғайту туралы хабарлама жасады. Бөлім басшысының айтуынша қала, кент және ауылдық округтерде тұрғын үйді заңсыз қоршап алғандар көптеп кездеседі. Арасында жер учаскесін нысаналы мақсатына сай пайдаланбай отырған кәсіпкерлер де бар.

Аудан әкімі Мұрат Ергешбаев аудан әкімдігі мен аппарат мәжілісінде қаралған мәселелердің барлығы да өзекті екенін айтып, бейжай қарамауды айтты.

Әсіресе облыстағы эпидемиологиялық ахуал күрделі екенін жеткізіп, жұқпалы індеттен келетін қауіптің сейілмегенін, сондықтан аудан көлемінде сақтық шараларын тоқтатпау қажет екенін ескертті.

Ал қала, кент және ауылдық округ әкімдеріне 1 шілдеге дейін тұрғындар заңсыз қоршап алған жерлерді заңдастыру қажеттігін қатаң тапсырды.

Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: