Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жасанды теңгермешілік немесе квота кімге керек?

02.07.2020, 11:45 628

Қазақстан  Республикасы  Парламенті  депутаттарына!

Құрметті депутаттар! Президенттің бастамасымен, Қоғамдық Сенім комиссиясының қостауымен басталған «терең саяси реформаның» соңғы жүгі Сіздерге түскен сияқты. Аузы-мұрнымыз байланып, «үйқамақта» отырғанда қабылдаған «Бейбіт шерулер…» туралы шалажансар заңнан кейін «Саяси партиялар» мен «Сайлау туралы» заң жобаларына енетін өзгертулер мен толықтыруларды асыға күткеніміз де рас. Қоғам тарапынан талай жыл сынға ұшыраған заңдарды талдау үшін ондаған дөңгелек үстелдер өткізіліп, теледидардан пікірталастар ұйымдастырылып, сарапшылардың сан түрлі сындарлы ойлары, ұсыныстары талқыға түседі деп ойлағанымыз да рас. Өкінішке қарай, біздің күткеніміздей болмай шықты. Оған да көндік. Мүмкін, сол айтылған сындарды, осы екі заңның түзейтін жерлерін, өзекті мәселелерін Сіздер де бір адамдай білетін боларсыздар, өздеріңіз-ақ түзейтін жерлерін түзеп аларсыздар деген де ой келді. Алайда Сіздердің ең маңызды деп тапқан мәселелеріңіз – жыныс теңдігін сақтаумен шектелген сияқты. Сондықтан да саяси партиялар сайлауға түскенде әйелдерге 30 пайыздан кем болмайтын квота беруді заңға енгізу үшін қанша қиналғандарыңызды жақсы түсінемін. Бірақ бұл өзгеріс пен толықтыруды «әйелдерге жасалған жеңілдік» деп те, «парламенттегі демократияның үлгісі» деп те қабылдағым келмейді.

Біріншіден, нәзік жандарға берілетін орын неліктен 30 пайыздан кем болмау керек?­ Шынында да, еліміздегі ер адам мен әйел адамдардың жалпы сандарының тең екендігін ескерсек, неліктен әйелдерге  50 пайыз емес, тек 30 пайыз квота бересіздер? Бұларыңыз – барып тұрған теңсіздік емес пе? Әлде әйелдерге осы да жеткілікті деп таптыңыздар ма? Демек заңға енгізіп отырған бұл баптарыңыз – әйелдерді шеттетудің, төмен санаудың нақты үлгісі! Егер сайлаушылардың барлығы әйел үміткерлерді қолдаса, Парламентте 100 пайыз нәзік жандар отырсын. Айтпақшы, Руанда мемлекетінде парламент мүшелерінің 61 пайызы – әйелдер, енді олар қазір ер адамдар кем дегенде 50 пайыз болуы керек деген заң қабылдауға күш салып жатқан көрінеді…

Екіншіден, біз осындай квотаға мұқтажбыз  ба? Қазіргі Қазақстанның парламетіндегі әйелдердің үлесі 27 пайыздан асыпты. Демек ешқандай әйелдерді қорлайтын «жеңілдік квотасын» енгізбей, жасанды жолмен емес, табиғи түрде-ақ олардың санын­ың 30 пайыздан асатыны анық. Естері­ңізге салайын, Қазақ елінің заңдарында әйел адамдарды шеттететін, олардың саясатпен, қоғамдық жұмыстармен айналысуына кедергі келтіретін бірде-бір бапты білмейді екенмін. Әрине, заң жөнінде Сіз­дермен сөз таластыра алмаймын, сондықтан жыныс теңдігін бұзатын бірді-екілі баптардың кездесіп қалуы да ғажап емес. Егер ондай баптар болса, заңға 30 пайыз квота енгізіп, нәзік жандардан сөз естімей, сол баптарды бізге көрсетіп, алып тастағандарыңыз дұрыс болатын шығар. Тағы қайталаймын – әйелдерді төмендететін, олардың парламентке баруына тосқауыл болатын заңдарды халыққа ашып көрсетіңіздер! Сонда ғана квотаға деген қажеттілікті дәлелдей аласыздар. Ондай болмаған жағдайда, Парламентке бару жолындағы бәсекелестік, мүмкіндік теңдігі сияқты мәселелерді жылы жауып қоюға тура келеді. Ертең заң шығару органындағы нәзік жандардың соңынан «Ой, ол Мәжіліске квота арқылы кірген ғой, өзінде шайнам ақыл жоқ» деген сөз айтылмайды деп ешкім уәде бере алмайтынын да ұмытпаңыздар. Өкінішке қарай, ондай сөз, «квоталықтармен» қатар өзінің біліктілігімен, ақыл-парасатымен барған жандарға да айтылады… Демек Сіздер осы заң арқылы барлық әйел адамды ыңғайсыз жағдайға қалдырып отырсыздар.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Украина да 30 пайыздық квотаны енгізді. Бірақ олар біздердегідей «міндетті квотаны» емес, «ерікті квота» жолын таңдап алды. Сайлауда жеңген партиялардың тізімінде әйелдер 30 пайыздан аз болса да партия Рададан өзінің орнын алады. Ал 30 пайыздан асқан нәзік жандары бар партия, гендерлік бағытты­ ұстанғаны үшін үкіметтен саяси партияларға берілетін ақшаға 50 пайыз үстеме қаржы алады. Шешім – партияның өзінде. Украинаның нәзік жандары осы өзгерістің өзіне қарсылықтарын білдіріпті. Черкасс облысының депутаты Оксана Ковбош­ «Как будто женщины сами не спо­соб­ны добиться и нуждается в посторонней помощи» деп ренішін білдіріпті.

Үшіншіден, бұл тырма маңдайымызға бір рет тимеп пе еді? Қазақстанның Парламенті тарихында «квота бөлу» дәстүрі, ұмытпасам, 2008 жылы басталды. Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдеріне 9 орындық квота беріліп, Конституцияны аяққа баса отырып (ұлтына қарамай барлығы тең) қазақтан басқа ұлт өкілі болғандары үшін Парламентке барған адамдар бар. Әлі есімде, сол заң қабылданғанда менің шетелдік бір досымның әзіл-шыны аралас «Досеке, Ассамблея мүшелеріне квота бергеніне қарағанда қазақтар қанша ақылды, білікті болса да басқа ұлт өкілдерін Парламентке жолатпайды екен ғой» дегені бар. «Қазақтар ондай емес, қазақтың ортасы Шым­кенттен Севрюкова деген орыс әйелі барлық қазақ кандидаттарды жеңіп, 1994 жылы Мәжіліске барған» деп, қазақты ақтап шыр-пырымның шыққанын білемін. Қысқасы, ұйғыр, неміс, дүнген, кәріс, шешен ұлтынан болғаны үшін ғана Парламентке жол ашу заңы – қазақ ұлтын қорлайтын заң болып­ шықты. Бұл жерде мен сол заң арқылы­ барған азаматтардың адами қасиеті­ мен біліктілігін төмендетіп отырған жоқпын (Ассамблеяның сессиясында қазақ тілі үшін жаны күйіп сөз сөйлеген Роман Ким сайлауға түссе, қос қолымды көтеріп дауыс берер едім), квота арқылы әділдік пен мүмкіндік теңдігінің жойылғанын есте­ріңізге­ салып отырмын.

Айта кету керек, Кеңес Одағының Жоғарғы­ Кеңесін жасақтауда да жұмысшылар мен колхозшылар 50 пайыздан кем болмау керек дейтін жазылмаған квота болатын. Соның арқасында талай шопандарымыз Мәскеуге барып, Сьездер сарайында қалғып-шұлғып бір ай отырып қайтатын.

Төртіншіден, «А»-ны айтқан екенсіздер, «Ә»-ні де айтыңыздар. Егер Сіздер 30 жылдан кейін оянып, әйелдерге ер адамдармен бір­дей болатын жасанды теңдік беруді қолға алсаңыз­дар, бұл квотамен тоқтап қалмаңыздар дегім келеді. Жасанды «теңдік» жалғ­асын табады деп ойлаймын. Меніңше, бізде екі президенттің болғаны дұрыс сияқ­ты­ (бір орын­ға  квота  енгізуге  болмайды  ғой).    Біреуі – ер адам да, екіншісі – әйел адам. Халықтың­ тең жартысын әйелдер құ­рап тұрғанда, президенттің ер адам болуы – адам төзуге болмайтын масқара жағдай емес пе? Ар жағынан әкімдерге де кезек келеді… Айтпақ­шы, әйелдерді әскерге шақыратын уақыт да келген сияқты. Олар кімнен кем?

Бесіншіден, мені таңғалдыратыны, Сіздердің ойларыңызша «Саяси партиялар туралы» заң мен «Сайлау туралы» заңда 30 пайыз квотадан басқа, әділдікті қамтамасыз ететін, шұғыл түрде өзгертуді қажет ететін ештеңе қалған жоқ сияқты. Кешіріңіздер, былтырғы сайлаудан кейін, сайлау туралы заңға өзгертулер енгізу емес, толықтай қайта жазып шығу керек! Халықаралық ұйымдардың бағасын былай қойғанда, тәуел­сіз бақылаушылардың берген ұсыныс­тарының өзі – бір түйеге жүк! Одан қалса, былтырғы дауыстарды санау кезінде түсі­рілген бейнетаспаларға көз салыңыздар.

Айтпақшы, квота кімге керек деген сұраққа жауап беруді ұмытып бара жатыр екенмін. Квота «біздің Парламентте осыншама ұлт өкілдері бар» деген сөйлемнің соңын­а және «депутаттардың осынша пайызы­ – әйелдер» деген сөзді қосу үшін ғана  керек  деп  білемін.

Дос  КӨШІМ,

«Ұлт  тағдыры»  қозғалысының  төрағасы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: