Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жаргон, сленг сөздердің тіл саламаттығына әсері

26.01.2023, 11:00 1734

Жаһандану дәуі­рінде Қазақстанның тәуел­сіздігін, ұлттық құнды­лығын сақтау қазақ тілімен тығыз байланыс­ты. Себебі тіл – ұлттың тірегі, құндылық­тарының  қоймасы. Ұлттық құндылықтарды жастардың бойына сіңіруде қазақ тілі бас­ты қызмет атқарады. Ана тілінің қадір-қасиетін ұғынып, қоғамдық өмірдің  барлық  саласында кеңінен қолдану қазақ тілінің өміршеңдігін арттырады. Тілі бар жерде сол тілдің иесі – ұлт та өмір сүреді. Сондықтан жастардың сөйлеу тіліне, сөз сап­тауына мән беру – қазақ қоғамы үшін де, тіл білімі  үшін  де  өзекті  мәселе.

Тілімізде әдеби тілдің заңдылықтарымен үйлеспейтін, өзіндік реңкі бар, белгілі бір тілдік ортада қолданы­латын сөздер бар. Тіл білімінде мұндай сөздер тобын жаргон, сленг сөздер деп атайды. Қазіргі жастардың сөз қолданысындағы тіл «экологиясына»  жастар көп қолданатын жаргон, сленг сөздер жатады. Бұлар – тіл сала­маттығына қауіп төндіретін сөздер тобы. Тіл саламаттығы – тілдің жағымсыз, қате, қайшы сөз қолданыстарынан таза, басқа тілдің сөздерімен мақсатсыз, жүйесіз араласпаған жай-күйі. Міне, тілдің осындай қалыпты жай-күйіне қоғамдағы орны бар жастар тобы сөйлеу тілінде жаргон, сленг сөздерді қолдануымен кері ықпал етіп, тілдің  өзіндік  мүмкіндігін  шектейді.

Жаргон (французша jargon) – шағын әлеуметтік топ қолданатын, ешқандай   жеке   тілдік   дербестігі  жоқ   жалпыхалықтық  тілдің  тар­ма­ғы. Сленг (ағылшынша slang – жаргон) – белгілі  бір кәсіп, маман­дық неме­се  әлеуметтік  топ  адамдары қолданатын сөздер мен сөйлемше­лер. Тілші-ғалымдар  А.Сал­қын­бай,  Е.Абақан, А.Абасилов жаргон қате сөйлеуге қатысты қолданылуы жағынан «жастар сленгі» термині­мен алмастырып қолданылатынын атап өтеді. Демек, жаргон мен сленг белгілі бір әлеуметтік топта қолданылуымен, лексикалық, фразеоло­гиялық ерекшеліктерімен бір-бірімен шектес қолданылады. Әрбір тілдік ортаның жаргон, сленг сөздерін қолданушылардан басқа адамдар түсіне қоймайды. Мұндай сөз қолданыстары уақыт тұрғысынан өзгеріп отырады және олардың қатары ақпараттар ағыны, интер­нет, әлеуметтік желі, фильмдердің кейбір сөз қолданыстарымен толығып отырады. Әлеуметтік желі де сленг сөздердің көбеюіне ерекше әсер етеді. Себебі әлеу­меттік желі барлық адамның, соның ішінде жастардың тұрақты, тәуелді ортасына айналған.

Байқау,  сауалнама әдісімен 15-25 жастағы жастардың сөз саптауына бақылау жүргізіп, олардың сөз қолданысындағы  көп  қолданылатын жаргон, сленг сөздерді анықтадық. Сленг  сөздердің көбі ағылшын, орыс  тілінен  алынған.

Сонымен жастардың сөз саптауында белсенді қолданылатын жаргон сөздер: қуғынбай>бос сөйлейтін адам, оппана>таң қалғанда айтылатын сөз, сындыру>деге­ніне көндіру,  өзіне  қарату,  құлаққа  лапша ілу>өтірік айту,  қума>бос сөйлеме, өзіне көп алу>артық сөйлеу, артық әрекет ету, құлақтан тебу>өтірік айту, базар жоқ>таңғалғанда айта­тын сөз, қораға кіру>тығырыққа тірелу, лақтырып кету>сатып кету, лақтыру>бірдеңені  жіберу, қоянның суретін салу>сөзінде тұрмау, тізесі шығып  кеткен>әбден белгілі болған, ескірген, зың>өте жақсы, демал>жөніңді біл, деген қалай кетті>сөзінің мәнін  сұрау,  жатып алған>құлай  берілген, картопты  жару>таң қалдыру. Мұндай жаргон сөздерде әзіл, мысқыл байқалады. Қазақ тілінің сөздік қорын­дағы байыр­ғы сөздерден бірігуі­нен немесе тіркесуінен жасалып, астарлы мағынада, жастардың тілдік ортасына ғана түсінікті, белсенді  қолданысқа  ие.

Осындай сипаттағы сөздер тобына сленг сөздер де жатады. Олардың жаргон сөздерден айырмашылығы – көп жағдайда   өзге  тілдің  сөзінен  алынады,  мысқыл, әзіл сипаты солғын немесе мүлдем болмайды. Анкета әдісімен 15-25 жас аралығындағы жастардан өз араларында жиі қол­данылатын, сәнге айналған, өздеріне ғана түсінікті сленг сөздерді жинадық. Оларды қолданыстағы мағынасымен  бірге  кестеге  түсірдік. Ендеше  кестеге   назар  аударайық.

Жастардың сөйлеу тіліндегі сленг сөздер

Р/сСленг сөздерҚолданыстағы білдіретін мағынасы
1жизаөмірлік жағдай, орыс тіліндегі жизнь сөзінің қысқартылып қолданылған түрі
2краш, крашихаәдемі, орыс тіліндегі красивый, красивая сөзінің қысқартылған түрі
3броБауырым
4роднойДосым
5соскаСұлу
6кринжұят
7батяӘке
8темаКеремет
9топҮздік
10ништякҒажап
11сушнякСусын
12терпилаашық ауыз
13кидаллаСатқын
14типаҰқсас
15ботаноқымысты, зерделі адам
16матешаМатематика
17физраФизкультура
18литраЛитература
19твикс«2» деген баға
20трендель «3» деген баға
21пяток «5» деген баға
22забейТайталаспау
23рилишын, рас деген мағынада
24тачкаМашина
25духы жетпеубатылы жетпеу
26респектҚұрмет
27пранкАлдау
28лав сторимахаббат тарихы
29фигнятүкке тұрғысыз
30сорянкешір, ағылшын тіліндегі sorry сөзінен алынған
31патиотырыс, ағылшын тіліндегі party сөзінен алынған
32чики-чикиісті тез әрі мінсіз бітіру
33погонялолақап аты
34обломкүткеніңмен сәйкес болмаған кезде айтылатын сөз
35селфиөз-өзіңді суретке түсіру
36рофлкүлкіден жерде домалау, ағылшын тіліндегі Rolling on floor laughing тіркесінің қысқарған түрі.
37инетғаламтор, интернет сөзі
38лохАңқау
39общягажатақхана, орыс тіліндегі общижитие сөзінің қысқарған түрі
40кайфрақат, ләззат
41крутоКүшті
42лолқатты күлу, ағылшын тіліндегі laughing out loud  – қатты күлу мағынасын білдіреді.
43хейтерсыншы, ештеңені жаратпайтын адам, жағымсыз пікір қалдырушы, ағылшын тіліндегі hate ұнатпау, жақтырмау сөзінен алынған
44фейкЖалған
45лафаеш әрекетсіз
46изиоңай, еш қиындықсыз
47хайпТанымалдылық
48закшвармасқара, абыройсыздыққа ұшырау, ұят іс

Жаргон, сленг сөздерді ауызша сөйлеуде, әлеуметтік желідегі парақ­шаларындағы жазбаларында жиі кездес­тіреміз. Мұндай сөз қолданыс­тары қазақ әдеби тілінің қоғамдағы қызметін шектейді, тілдің тазалы­ғына кері әсерін  тигізеді, өзге тілдің қазақ тілін қолданыстан ығыс­тыруына  себеп  болады.

15-25 аралығындағы жастарға «Жаргон, сленг сөздерді қайдан үйренесіз?» деген сұрақ қойдық. Нәтижесінде заманауи танымал әндерден, әлеуметтік желіден, дос-жолдас­тарынан  үйренетіні  белгілі  болды.

Міне, осындай жауаптарға қарап, жаргон, сленг сөздер уақытқа, кеңістікке байланысты жастардың сөз саптауында тұрақты орын алатынын, әдеби тілде сөйлеуді төмендететін, тіл тазалығы мен сөз сапасының  бұзылатынын  пайымдаймыз.

Қорыта айтқанда, әрбір ел келешегін жастармен байланыстырады. Жастардың тәрбиесіне, біліміне мән беріп, болашағына бағдар береді. Олардың азаматтық көзқарасы  өскен  ортасынан  қаланады. Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының: «Халықтың түзелуінің үміті – жастарда. Сондықтан жастардың қалай сөйлеп, қалай тәрбиеленуін бәрінен бұрын ескеріп, бәрінен жоғары қойы­латын жұмыс», – деген өміршең сөзін терең ұғынып, жастардың сөз қолданысына мән беру – қоғамның басты  міндеті.

Ғазиза ЯКУДА,

Абай атындағы  №138 орта мектебінің

11-сынып оқушысы.

Жетекшісі: Ә.Пірімова

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: