Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жаңашылдық жанашырлықпен жүзеге асады

02.06.2022, 11:00 391

Қазақстан экономикасы бүгінде, негізінен, шикізат секторына бағдарланған. Бұл оны әлемдік нарықтағы күніне қырық құбылған күрделі жағдайға тәуелді етіп қойды. Бұл қиындықтан шығарар жалғыз жол – билік пен халық арасындағы жөнді дискуссия болып, артынша соған сәйкес жұмыс істеу. Халық билік қолдауынан үмітті. Қазақта «шымшық сойса да қасапшы сойсын» деген тәмсіл бар.  ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров осы сала бойынша мәселені қарастыруға Сыр өңіріне жұмыс сапарымен келді. Құр келмей, қайта өндеу өндірісінің, жаңа технологиялар мен тауарлардың, инновацияның дамуын зерделеп, бір саусағы бүгулі кеткен шығар деп сендік. Ең алдымен, министр облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевпен бірге «ҚазАгроМир» ЖШС-не барып, жылыжай  кешенінің  жұмысымен  танысты.

2020 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан аталмыш кешеннің басты мақсаты – ішкі нарықты көкөніс өнімдерімен қамтып, сондай-ақ табыс көлемін арт­тыру. Құны 1,1 млрд теңгені құрайтын жобаның артықшылығы – өз өнімін облыс­қа ғана емес, көрші Ақтөбе мен Ресей Федерациясының кейбір аймақ­тарына  экспорттау.

– Жылыжай испандық технология­мен жабдықталған. Барлық аумағы 2,2 гектарды  құрайды. Қиярдың голландия­лық сор­тын өсірудеміз.  Бір күнде 7 мен 9 тонна аралығында өнім жиналады. Ал биылдан бастап, қызанақ еге бастадық. Нәти­жесі  ойдағыдай. Мұнда көкөністерге күтім жасайтын  жұмысшылар  мен операторлар – жергілікті тұрғындар. Барлығы 30 адам тұрақты жұмыс істеуде. Бір қуанарлығы, жергілікті жерде бағаны тұрақтандыруда біздің  өнімнің  үлесі  көп, – деді  серіктестіктің қаржы жөніндегі директо­ры Арман  Нығматов.

Облыс әкімі аймақта жергілікті өнімдер қорын көбейтуге ерекше басымдық берілгенін және әрбір ауылдың географиялық ерекшелігіне қарай бақша егу жұмыстары қолға алынғанын айтты. Бұл маусымдық кезеңде бағаны бағамдауға мүмкіндік береді. Яғни көкөніс өнімдерінің бағасы тұрақты болады деген сөз. Министр де аграрлық саладағы жоба­ларды көбейту нарық бағасына ықпал ететінін айтып, әлі де осы бағыттағы жұмыстарды тиімді  жүргізіп,  жетілдіру  қажет  екеніне  тоқталып  өтті.

Әрі қарай министрдің бағыты қалаға қарасты Қосшыңырау ауылдық округі болды. Елді мекен тұрғындарымен кездесу өткізіліп, халықтың өтініші басты назарға алынды. Ауылдық округке екі елді мекен Абай және Досан ауылы да кіреді. Барлығы 3 жарым мыңға жуық тұрғын  бар  екен.

– Ауылдағы ең негізгі мәселе – газ тарту. Ауыл халқының басты өтініші де – осы. Жобаның құны 685 млн теңгеден астам қаржыны құрап отыр. Бүгінде жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан оң қорытындысы алынды. Қаржыландыру мақсатында бюджетке өтінім де беріліп қойды. Алдағы уақытта бұл мәселе шешімін табады деген үміттеміз, – дейді ауылдық округ әкімі Сейдуали  Әбдіқадыров.

Министрдің айтуынша, газдандыру жұмыстары тоқтамайды һәм бұл қаржы мәселесіне кедергі болмауы керек.

Биыл тіректі елді мекендер қатарына жататын Ақжарма ауылында ауқымды істер қолға алынбақ. Атап айтсақ, көпке белгілі мемлекеттік «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы  аясында халықтың игілігі үшін бірқатар жұмыс атқарылды. Жалпы, бұл бағдарлама бойынша облыс аумағындағы елді мекендерде жүйелі жұмыс өз кезегінде орындалып келеді. Міне, үлкен көлемде егін шаруа­шылығымен айналысатын елді мекенде биыл бес көше жөнделіп, асфальт төселген. Жоба құны 210 миллион теңгеден асады. Министр арнайы барған ауылда мұнан өзге де жағымды жаңалық көп екен. Сырдария ауданының әкімі Мұрат Ергешбаев келген делегацияға бағдарлама аясында жүргізілген ауыл көшелерін жөндеу  жұмыстарын  таныстырып  өтті.

– Бағдарламаның тиімділігі сол, тіректі елді мекендердің көп мәселелерін шешіп беруде. Мысалы, былтыр аудан орталығы – Тереңөзек кентіндегі орталық стадионға және А.Иманов көшесіне күрделі жөндеу жүргіздік. Сондай-ақ осы Ақжарма елді мекеніндегі кейбір көшелер орташа жөндеуден өтіп, түнгі шамдармен жарықтандырылды. Ал биыл аталған бағдарлама шеңберінде Ақжармадағы бес көше жөнделді. Олар – Әукенов, Ысқақов, Балапанов, Омаров, Садық ахун атындағы ауылішілік көшелер. Негізгі жұмыстар шілде айында аяқталуы тиіс болатын, бірақ қазір жол құрылысы уақытынан бұрын  бітіп  отыр, – деді  аудан  әкімі.

Иә, уақытынан бұрын берілген тап­сырманы орындап, оған бөлінген қаржыны да игеріп, оперативті қызмет көрсететін әкімдер жеткілікті. Енді асығыстық жасамай, сапаға көңіл бөлінетін кез туды. Себебі бүгін тұрғызған кешен, баланың  илеген  құмындай  келе­сі күні  қаусап  жа­таты­нын көз  көріп жүр. Айта кетейік, аймақ бойынша 103 тіректі және спутник­тік елді мекен бар. 2019-2022 жылдар арасында 36 тіректі, 12 спутник­тік елді мекенде 216 жобаны іске асыру үшін 19 миллиард теңгеге жуық қаржы  бөлінген.

Қазіргі таңда елдің экономикасы әлсіреп тұрғаны жасырын емес. Десе де иық тіресе еңбек етсек, бұл ахуалдың алдын алатынымыз рас. Елде экономиканың өрлеуіне үлес қосар талай білімді азаматтар қап арқалап қара базарда жүр. Отандық өндірісті өркендетуге машық жандар, ішкі мүддемен ұсақ сауданың соңында кетті. Мемлекеттің қолдауы бар. Алайда біраз әуреге салатыны сөзсіз. Сол себепті, ҚР Ұлттық экономика ми­нистрі Әлібек Қуантыров «Достық» үйінде қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесіп, елдегі әлеуметтік-экономикалық даму жағдайын талқылап, халықтың биліктен не күтетін естіді. Бұл іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай және басқарма басшылары қатысты. Алды­мен министр Қазақстан экономикасының дамуы жолындағы қолға алынған бірқатар  жұмыстан  хабардар  етті.

– Өткен жылы Қазақстан эконо­микасының өсу деңгейі қамтамасыз етілді. 2021 жылдың қорытындысы бойын­ша экономика өсімі 4,1%-ды құрады. Осы ретте министрлік біршама тиісті іс-шараларды қабылдауда. Мәселен, бүгінгі таңда өндірісті ынталандыру үшін салықтық жеңілдіктер қарастырылған. Бұл – өз өнімдерін сату кезінде жаңа бизнес кәсіпорындары үшін қосымша құн салы­ғын 70%-ға төмендету. Демек, өңдеу өнеркәсібіндегі шағын бизнес субъектілері үшін жаңа негізгі қорларға инвестиция салған жағдайда корпоративтік табыс салығынан босатылады. Сонымен қатар, Қазақстан аумағында өндірілмейтін тауар­лар бойынша есептеу әдісімен төлеу­де жеңілдік ұзартылды. Министрлік әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерін қолдау шараларын қабылдауда. Мүлік салы­ғының төмендетілген ставкасы және қызметкерлерді оқыту шығындарын екі есе шегеруге мүмкіндік бермек. Әкімшілендіру мен салық төлеуді оңайлату жөнінде бірқатар іс-шаралар қабылданды, – деді Әлібек  Қуантыров.

Сондай-ақ ол кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасын іске асырудағы жаңалықтармен де бөлісті. Егер толығырақ айтсақ, кәсіпкерлерге сыйақы мөлшерлемесін субсидиялаудың 6 пайыз жылдық шегі қарастырылған, онда несие сомасы 3 миллиард теңгеге дейін екен.

 Кездесуде қоғамдық кеңес мүшелері халықтың әл-ауқатын жеткізді. Көбі экологиялық тақырыптан бастап, экономиканың өсу қарқыны, мемлекеттік бағдарламалардың  тиімділігін қайта қарау секілді мәселелер көтерілді. Оның ішінде «Дипломмен ауылға» бағдарламасы жиі сөз болып, бұған өзгерістер керек екені айтылды. Бұл бағдарлама аясында жас маманға берілетін несие көлемін 15 миллион теңгеге дейін көтеру керек екені қозғалды. Бұған қоса, кадр  тапшылығы мәселесін шешуге ықпалы зор «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы бойынша қарызға батқан ауыл тұрғын­дарының несие берешегін шегеру жайын­да қоғамдық кеңес мүшелері ұсыныс айтты. Бұл мемлекеттен алынған несиелер желге ұшты дегенді білдіре ме? Әйтеуір елімізде сайда саны, құмда ізі жоқ дүниелер көп. Сонымен қатар, спорт пен мәдениетті «бір бауыр» қылғанына наразы адамдар болды. Олардың сөзінше, бұл іс-әрекет «спортшыларға жасалынған  қастандық»  дейді.

Кеңес мүшелерімен кездесуден кейін министр Әлібек Сәкенұлы қала тұрғындарымен жеке қабылдау өткізді. Мұнда Балдырған Қожатай есімді азамат та «Дипломмен ауылға» бағдарламасының тиімділігін қайта қарап, саралау қажеттігін көтерді. Және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша тұрғындардың таза ауызсумен қамтылуына алаңдаған Қайрат Шакиров те маңызды мәселені қозғады. Ал Шалқия кентінен келген Құнанбай Абзалов ауылға газ кіргізуге қаржы бөлуге ықпал жасауын сұрады. Министр бұл сауалдарды алдағы уақытта қарастыратынын  мәлімдеді.

Өңірімізге ведомство басшылары бірінен соң бірі келіп, халықтың тыныс-тіршілігінен құлағдар болып жатыр. Енді «біз білмей қалдық» деп қолды кеш сермеп жатса, ұят тірлік болары даусыз. Оның үстіне Әлібек Сәкенұлы «өзге министр­лерге де  халықтың өтінішін жеткіземін» деп қуантты. Сондықтан елдің сенімі ақталатын күн алыс емес. Ал министрлер болса, елді сүюдің, өзіңді қадірлеудің  бір  мысалын  көрсетер.

Азамат  АБИМОЛДА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: