Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жаңақорғандағы жарқын жобалар

30.10.2022, 9:00 709

HALYQLINE.KZ Жаңақорған кенті жыл сайын жаңарып, сәулеті көркейіп, келбеттеніп келеді. Биылдың өзінде атқарылған жұмыстар аз емес. Инфрақұрылымнан бастап, аудан орталығында халыққа қызмет жасайтын нысандарға инвестиция құйылуда. Жыл соңына дейін атқарылар жұмыс көп, дегенмен жақын күндері бірнеше ғимараттың тұсауы кесіледі. Солардың бір парасына тоқталсақ.

Алдымен, кентке кіреберіс қақпа­лар қайта жаңғырды. Сыр беткейден кентке кірер қақпаның іргетасы қаланып, заманауи үлгіде сән беріп тұрса, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолынан орталыққа енгендегі қақпа да қайта сән кіргізді. Айналмалы жол салынып, көлік қатынасы жөнге келуде. Сол секілді, абаттандыру жұмысы жүргізіліп, кенттің кешкі келбеті керемет жарықпен көмкерілді. Кенттің күретамыры саналатын орталық көше бойындағы құм сағат биылғы жылдың жарқын жобасының бірі болды. Иә, осыған дейін вокзал маңындағы аллеяға сағат қойылған еді, бірақ реңі де көрік бермейтін, сұлулығы да сын көтермеді.

Ауданға ажар беріп тұрған сағаттың жалпы қаржыландыру көзі демеушілікпен. Яғни, жеке қаражаты есебінен кәсіпкер инвестиция құюда. Жоба құны – 5 млн теңге. Құрылыстың басталған мерзімі осы жылдың тамыз айының 20-сы болатын. Қазір құрылыс аяқталып, тұрғындар мен қонақтарға түнгі мезгілде тамаша тарту жасап тұр. Сәті түсіп, әкімдік қызметкерлерін емес, тұрғындарды сөзге тартып көрдік.

– Хорасан ата көшесі мен Сапарбеков көшесінің қиылысқан жерінде мынадай әсем құм сағат орнатылды. Үйім осы жерге жақын болғандықтан, жұмыс күнделікті үлкен қарқынмен жүріп жатқанын, үнемі әкім ағамыз және кент әкімдігінің барлық қызметкерлері осында жүргенін көріп жүрдім. Нәтижесінде аудан орталығы көшелерінің бойында кентіміздің сәнін келтіретін тағы бір нысана бой көтергеніне қуанудамыз. Құм сағаттың әсіресе түңгі көрінісі әдемі. Жарық беретін бағаналар орнатылып, сағаттың өзі түрлі-түсті жарықтармен сәнделген. Бұл жұмыстар білікті электрик-маман Сейдахмет Сарбасов ағамыздың еңбегі. Жақын арада осында саябақ ашылады, оның да жұмысы қарқынды жүруде. Бұл бағытта аудан әкімі Мұрат Тілеуімбетов пен кент әкімі Аскар Ибрагимовтің еңбегіне ел разы болуда. Алла қаласа, әлі де кент орталығында көптеген жаңа объектілер бой көтереді деп сенеміз, – деді білікті ұстаз Әлімжан Ержанов.

Тағы бір керемет жоба – жастар және балалар паркі. Иә, балалар жылына тамаша тарту жасалынып, кенттің көркін кіргізіп қана қоймай, көптің тілеуі қабыл  болып, жаңақорғандықтардың ойынсауық ордасына айналатын алаң жақын күндері ашылады.

Бұл істің де қаржыландыру көзі демеушілікпен атқарылуда. «Азимут-М» ЖШС директоры Марлен Ысқақовтың бастамасымен басталған парк құрылысы бітті. 2 гектар аумақта балалар алаңы ғана емес, сахна, жастар сарайы және өзге де нысандар бой көтерді. Жоба құны – 750 млн теңге. Аттракциондар, жазғы сахна, ойын алаңдары, су бұрқақ, автотұрақ салынатын құрылыс маусым айында бастаған болатын.

– Шынында өте қуаныштымыз. Әрине, кентке сән беріп тұратыны сөзсіз. Дегенмен көктемнен қоңыр күзге дейін балаларды ойнату үшін Түркістан мен Шиелі шаһарына жол жүретін едік. Бұйырса, өз еншіміз өзімізде, ең бастысы, балалардың қуанышы ғой. Сауапты іске мұрындық болып жүрген басшылыққа алғысымыз шексіз, – деп Бейбіткүл апа қуанышымен бөлісті.

Айта кететіні, кентте бұдан бөлек 3 мектептің құрылысы жүргізілуде. Соның бірі Н.Илялетдинов атындағы №169 мектептің құрылысы жақын күндері пайдалануға беріледі. 600 орындық ғимараттың ашылуын асыға күткен жаңақорғандықтар тек мектепке барар жолдың тротуары салынса деген ниетін жеткізуде. Бұл уақыттың еншісінде ең бастысы білім ордасына балалар тезірек кірсе болғаны. Тағы айту керек, жақын арада екі ауылда газ жүйесі іске қосылады. Бұл да – ғаламат жобаның бірі.

Аудан басшысының бастамасымен басталған жобаға жан бітіріп, көптің алғысына бөленген Марлен Қалилаұлы Жаңақорғанның тумасы. 2012- 2022 жылдары «Премиум Класс-Строй» ЖШС директоры болса, биылдан бастап «Азимут-М» мекемесіне басшылық етуде. Бізге маңыздысы тұрғындардың тілеуі орындалып, балалар қуанса болғаны. Ендеше, аз ғана уақыт ішінде кенттің келісті келбетіне куә боламыз.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ,

журналист

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: